ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ

«Отан — отбасынан басталады» деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ержететінін білеміз. Мұның бәрін неге қозғап отырмыз? Себебі, 15 мамыр — Халықаралық   отбасы   күні. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген.

Бұл күнді де қазыналы қаламызда дәстүрлі түрде өте жоғары деңгейде жылда атап өтеміз. 15 мамыр күні «Қаражал қаласы Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандары бірнеше іс-шара ұйымдастырды.

Таңертеңнен бастау алған ең алғашқы іс-шара «Жас отбасылардағы ажырасу  мен отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу» атты  семинар-тренинг өткізілді. Бала тәрбиесі дамуындағы басты рөл атқарушы – отбасы. Сондықтан бұл шараның басты мақсаты – ата-ананың бала көңілін таба білуіне  ой қозғау, өз-өзін тануына бағыт беру, тәрбие жайлы пікір бөлісу. Сондай-ақ, балаға рухани тәрбие берудегі отбасының рөлі жайлы түсіндіру.

Сонымен қатар, іс-шара барысында «Отбасыңмен ағаш ек» атты тал отырғызу акциясын да ұйымдастырушылар жоғары деңгейде өткізді. Бұл акцияға қатысып, әрі сауапты істен құр қалмаған Жұманбаевтар, Асановтар және Мақажановтар жанұясы өз үлестерін қосты. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші туған жерге, өз қаламызға жанашырлықпен қарап, қамқорлық таныту – бала үшін баға жетпес тәрбие екені баршамызға мәлім. Егілген ағаш гүлденіп, қоршаған ортаға пайдасын тигізсе, бұл да бір керемет құбылыс, сауапты іс деп білеміз.

Одан кейін «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ және «Қалалық жастар ресурстық орталығы» КММ бірлесіп, «Әке, шеше және мен» атты отбасылық спорттық сайыс ұйымдастырды. Аталмыш іс-шара ата-ана мен баланың арасындағы бірлік пен татулық қасиеттерін нығайта түскені анық. Қаламыздың белсенді отбасылары жеке топ құрып, бәсекеге түсті. Әр топ жеңіс мәресіне жету үшін бірнеше кезеңнен тұратын кедергілерден өтті. Сайыс нәтижесінде №1 ЖББМ «Құлагер» тобы 1 орынға ие болды. Ал, №7 ЖББМ «Тұлпар» тобы 2 орынды иеленсе, №30 ЖББМ «Жәйрем» тобы 3 орынды місе тұтты. Барлық жүлдегерлерге диплом, медаль және сертификаттар табысталды.

Бұл Халықаралық мейрамды «Mahabbat marathon-2023» атты жұптық марафонмен қорытындылады. Аталмыш марафонды да жоғарыда атап өткен екі бірдей бөлім ұйымдастырды. Жас отбасылар «Кляцкий атындағы саябақта» 2 шақырым қашықтықта жүгіріп өтті. Нәтижесінде мәре сызығына алғашқы келген Асановтар 1 орынға ие болды. Ал, Ерғұлановтар отбасына 2 орын, Қалғожиндер отбасына 3 орын бұйырды. Жәйрем кентінен келген Охан әулеті де марапатсыз қайтпады.

Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Жанұяның аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі деп білеміз. Сондықтан да бұл мерекеде бір-біріңізге әдемі де әсерлі сөздер арнап, ерекше сыйластық көрсете біліңіздер. Тек қана мерекеде емес, жылдың әрбір минутында, әрбір сағатында, жанұяңызды ыстық ықыласыңыз бен шексіз махаббатыңызға бөлей жүріңіздер.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ