Төзіміңді берсе сенің темірге,
Темірдің де түгі кетпес көмірге.
Қазақ қызы,
Қайран қазақ әйелі,
Не көрмедің,
Не кермедің өмірде?! – деп Қадыр атам нәзікжандыларға сол заманда-ақ жыр арнаған. Үй шаруасымен қатар, түз тірлігін бірге алып жүрген, өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын сыйлаған аналарымыз, әжелеріміз, әпкелеріміз біздің аймақта көп. Өндіріс ошағы болған соң қаламыздың өндіріс саласында тек ер адамның ғана қызметі десек, қате ұғым. Біздің өңірде өндірістің әртүрлі салаларында әйелдер еңбек етуде. Бүгінгі кейіпкерім — Күләш Қадырова «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінде бірнеше жылдан бері конвейер машинисті болып жұмыс атқарады.
Күләш Кеңгөзқызы Жаңаарқа ауданы, Ақтау совхозында 1964 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Ауылдың 10 жылдық мектебін тәмамдаған соң, Қарағанды тігін училищесінде оқып жүріп, Теміртаудың тігін фабрикасында 1982-1985 жылдары қызмет атқарған екен. Кейін Күләш ханым өзінің бақытын тауып, тұрмыс құрады. Жас отбасы 10 жылдай Орынбор қаласында тұрып, 1996 жылы қазыналы қаламызға көшіп келген екен. Жаңа жерге келіп, еңбектің ең алғашқы қадамдарын қазіргі Тау-кен техникалық колледжінде бастап, 10 жылдай жұмыс атқарған. Кейін 2011 жылдан бастап, осы уақытқа дейін өндіріс саласында қызмет жасайды. Өз сөзінде: — Жалпы менің жұмысым еңбекқорлықты, зейінділікті және жауапкершілікті талап етеді. Өндірістің тоқтап қалмауы және апатты жағдайлар орын алмас үшін барынша қауіпсіздікті сақтау керек. Әрине, жұмыс қиын. Біздің цехта кез келген адам жұмыс істей алмайды. Әсіресе, әйел затына күрекпен жұмыс жасаған ауыр. Бізде жұмыс істеу физикалық тұрғыда қиын. Ұжымның арқасында көптеген қиындықтан бірге шығамыз. Әріптестердің барлығы бір-біріне көмектесуге үнемі дайын тұрады. Ұжымда 18 адам бірлесе жұмыс жасаймыз, онсыз ісіміз өнбейді. Әріптестеріммен бір отбасындай болып кеткенбіз, — деп жұмысы жайлы ағынан төгілді.
Қазіргі таңда Күләш ханым асыл ана, немерелерінің сүйікті әжесі. 29 жыл отасқан арқасүйер жолдасы Нұрлан Қадыров өкінішке орай бұл дүниеде жоқ. Алайда, еш қиындыққа мойымастан Күләш ханым 3 баласын өсірді, өндірді, жеткізді. Екі ұлы Ерлан мен Әділхан да кенші. Осы Батыс Қаражал шахтасында еңбек етуде. Екеуі де ордалы отбасылы. Жалғыз гүлі Гүлжанат тұрмыста, көпбалалы ана екен. Жұмыстан соң бос уақытында немерелерімен қыдырып, бар уақытын соларға арнауға тырысады. Айтпақшы, Күләш апа биыл Алла қаласа 2-3 айда зейнетке де шығады. Басшылары да еңбегін елеп, қаншама марапаттары бар екенін де айта кетті. Ендігі кезекте бейнеттің тәтті зейнетін көріп, немере, шөберенің қызығын қызықтау. Алла Күләш ханымды сол күнге жеткізсін!
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ