Медицина – адам жанына араша түсетін, үміт сыйлайтын әрі үлкен жауапкершілік жүктейтін қасиетті сала. Бұл мамандықты таңдаған жандардың жүрегі кең, ниеті таза, ісіне адал болуы шарт. Осындай абзал қасиеттерді бойына жинақтаған ақ халатты жандардың бірі – Нұржамал Аймышева.
Нұржамал Қалдыбайқызы мейіргер ісін өмірінің мәніне айналдырған, тәжірибесі мол, білікті маман. Ол 1986 жылы Жезқазған медициналық училищесін «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, медицина саласындағы еңбек жолын бастады. Содан бері адам денсаулығын сақтау жолында тынымсыз еңбек етіп келеді.
1989 жылдан бастап Жәйрем кентіндегі ауруханада қызмет атқарып келе жатқан оның кәсіби ғұмыры тұрақтылық пен табандылықтың айқын үлгісі. Алғаш еңбек жолын гинекология бөлімшесінде бастап, қысқа мерзім ішінде ұқыптылығымен, жауапкершілігімен және мейірімділігімен көзге түсті.
1997-1999 жылдары штат қысқартуына байланысты жұмыстан уақытша қол үзсе де, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін жоғалтпай, 2003 жылы қайтадан медицина саласына оралды. Бұл жолы медрегистратор болып бастап, кейін біліктілігінің арқасында педиатриялық учаскенің учаскелік мейіргері қызметіне ауысты. Бүгінде ол балалар денсаулығын қорғап, олардың саулығы үшін аянбай еңбек етуде.
Нұржамал Қалдыбайқызы өз ісін жетік меңгерген маман. Медициналық манипуляциялардың барлық түрін еркін орындайды. Ол талапшыл, принципшіл, тәртіпті, ұжымда беделі жоғары қызметкер. Әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қарап, нәтижеге бағытталып жұмыс істейді.
Ұжым ішінде әрдайым белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті мықты, кез келген жұмысқа тыңғылықты қарайтын қызметкер ретінде танылған. Аурухана өміріндегі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, әріптестеріне қолдау көрсетіп келеді. Оның еңбегі басшылық тарапынан бірнеше мәрте марапатталып, жоғары бағасын алған.
Нұржамал Қалдыбайқызы туралы әріптестері мен басшылығы да ерекше жылы пікір білдіреді. Атап айтқанда, бас медбике Әсел Мәдібекқызы оны өз ісіне берілген, үлкен жауапкершілікті сезіне білетін нағыз кәсіби маман ретінде бағалайды:
— Нұржамал Қалдыбайқызы – біздің ұжымның тірегі деуге болады. Ол өз жұмысына өте мұқият, науқастарға жанашыр, әрдайым көмектесуге дайын тұратын мейірімді жан. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүреді. Осындай қызметкерлер ұжымның абыройын арттырады, – дейді ол.
Бұл пікір — оның көпжылдық еңбегінің нақты бағасы, кәсіби деңгейінің айқын дәлелі.
Нұржамал Қалдыбайқызы тек кәсіби тұрғыда ғана емес, адами қасиеттерімен де ерекшеленеді. Тағдырдың сынына мойымай, төрт баланы тәрбиелеп отырған қайсар ана. Оның өмірге деген беріктігі, еңбекқорлығы мен төзімділігі көпке үлгі. Бос уақытында үй шаруасымен айналысып, қолөнермен шұғылданады, тоқыма тоқиды. Сонымен қатар, айналасындағы адамдарға көмек көрсетіп, медициналық дағдыларын пайдаланып, жақындарына әрдайым қолдау білдіреді. Бұл – оның жүрегінің кеңдігін, адамгершілігінің тереңдігін көрсетеді.
Осындай еңбекқорлығы, мейірімі, кәсібилігі үйлесім тапқан Нұржамал Қалдыбайқызы өз ісінің нағыз майталманы. Оның еңбек жолы жас мамандарға үлгі, ал адамдық болмысы баршаға өнеге.
Ақ халатты абзал жанның еңбегі әрдайым еленіп, биік белестерді бағындыра берсін!
Теректі ШАҒАТАЙ.
