21 мамыр күні қаламыздың мәдени-сауық орталығында «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күніне арналған салтанатты шара өтті. Халқымыздың мәдени мұрасына, ән, би өнеріне өз үлесін қосып жүрген қаражалдықтар үшін бұл мерейлі мереке. Осыған орай біздің аймағымыздың мәдениет және өнер қызметкерлері де дәл өздерінің қара шаңырағы мәдени-сауық орталығында ұлықталды.
Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Расында да рухани байлықты дамытуда және мәдени дәстүрлердің дамуы мен сақталуы ісіне қосқан мәдениет саласы қызметкерлерінің үлесі орасан зор.
Айтулы мерекенің қызметкерлерін құттықтау үшін сахна төріне қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт көтеріліп, шығармашылық бағытында қызмет атқарып жүрген барша жанды кәсіби мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, қаламыздың мәдени өміріне етене араласып, игі істердің ұйытқысы бола білген қызметкерлерді қала әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапаттады. Атап айтсақ, Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығының қызметкерлері Фарида Түсіпова мен Алмагүл Мұхамеджанова, Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, балалар кітапханасы бөлімінің меңгерушісі Мереке Ибраева, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығы қолөнер үйірмесінің жетекшісі Ержан Исхан, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығының қызметкері Жандос Ақтаев мадақталды. Сондай-ақ, «Үздік жетекші» номинациясымен Балалар өнер мектебінің ұстазы Татьяна Новоковская марапатталды. 1 сыныптың орындауындағы «Дымковские игрушки» және «Моряки» биі, 5 сыныптың орындауындағы «Вальс цветов» пен «Қызғалдақ» билері, 6 сыныптың орындауында «Ару қыздар» мен «Андижанская полька» билері, «Египетские ночи» мен «Вертушки» биі бітірушілердің орындауында, сондай-ақ, 5 сыныптың орындауындағы «Әдемай» мен «Біз біргеміз» атты билері (бұл бидің идея авторы Эльнара Аманжолова) марапатқа ие болды.
Сонымен қатар, Қаражал қалалық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарын табыстау үшін сахна төріне мәслихат депутаты, «Аманат» партиясының Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мауленина шақырылды. Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі №12 филиалының меңгерушісі Алма Абдразакова, дәл сол мекеменің кітапханашылары Шырын Тұрабай мен Бағила Болат, Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығының қызметкері Қарлығаш Қалмағамбетова, Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығының бухгалтері Зауреш Садықова, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығының аккомпониаторы Фазыл Нугманов, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығының қызметкері Хизатхан Хапан, Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, оқырмандар бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Оразалина марапатталды.
Сонымен қатар, Қаражал қаласының Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ММ басшысы Гүлнұр Сатанова дәл осы мекеменің Алғыс хаттарын табыстау үшін сахна төріне көтерілді. Атап айтсақ, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығының техникалық қызметкерлері Айкерим Жогибаева мен Бибігүл Бейсембекова, Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығының іс жүргізушісі Лилия Атуллина, Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығының техникалық қызметкері Шырлан Кенжегаримова, Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығының костюмері Наталья Васильева марапатқа ие болды.
Кеш соңында аймағымыздың жезтаңдай әншілері ән айтып, көрермен көңілін көтеріп тастады.
Қазыналы қаламыздың қасиетті топырағынан талай айтулы өнер тұлғалары өсіп-өнді. Қазір де киелі өнер жолында туған жердің атын шығарып, биік тұғырдан көрсетіп жүрген жерлестер жетерлік. Солардың бірі де бірегейі дәл осы кәсіби мерекеге орай Қарағанды қаласынан арнайы келген жұлдызды қонақтарымыз Көкиевтер отбасы жерлестеріне «Елге сәлем» атты концерттік бағдарлама сыйлады. Базаркүл Көкиева өзіміздің қалалық мәдени-сауық орталығының майталман қызметкерлерінің бірі болған. Сондай-ақ, балаларына да анасының өнері дарып, отбасылық концерт ұйымдастырып, гастрольдік сапармен «Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді, елін сүйген еріне ел тілеуін береді» деген ұранды алға тартып, туған жерге тегін концерттік бағдарламамен келген жайы бар екен. Керемет кештен әсерлі көңіл-күймен қайтқан жұртшылық дән риза болып, баталарын жаудырды.
Әрқашанда өнердің ақ туын берік ұстап, халыққа қызмет жасап жатқан қызметкерлерге зор сенім білдіреміз. Шығармашылық жаңа ізденістер, өнер жолында жаңа табыстар тілейміз. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ