Қажырлы қызмет жолында елеулі еңбек  

Химия өнеркәсібі қызметкерлері күні Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтарындағы  Жарлығымен белгіленген. Дәстүрлі түрде жыл сайын мамырдың соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Бүгінгі таңда химия өнеркәсібі ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқаруда. Бұндай ілгері жетістік химия өнеркәсібі қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің, кәсіби біліктілігінің және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында деп білеміз.

Осы мереке қарсаңында өңіріміздің бас өндірісінің бірі — «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігі орталық зертханасында қызмет жасайтын Назигүл Сағындықовамен сұхбат құрған едік.

Назигүл ханым, кәсіби мерекеңіз құтты болсын. Жақынырақ таныссақ.

-Рахмет. Өзім Қарқаралы өңірінің тумасымын. Кішкентай кезімнен арманшыл қыз болатын едім. Мектепті тәмамдаған соң Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне оқуға түстім. Оны тәмамдап, бірден еңбекке араласуды жөн көрдім.

-Атқаратын қызметіңіз жайлы айтыңызшы.

-Қазіргі таңда «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінде, цехтың орталық зертханасында 27 жыл шамасында жұмыс жасаймын. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Ұжымда 34 жұмыскер бірге қызмет атқарамыз. Цехтың орталығы бізде екі участоктан тұрады. Техникалық бақылау бөлімі – байыту фабрикасының тауарлық өнімдерінің сапасы мен гранулометриялық құрамына жауапты. Екінші бөлім —  химиялық зертхана – темір, марганец құрамы бойынша темір кені материалдарында химиялық өлшеулер жүргізеді. Жалпы жасалатын жұмыс процессі өте көп.

Орталық зертхананың жалпы міндеті — техникалық бақылау бөлімі және химия зертханасының жұмысына жалпы басшылық жасау, цехтың орталық жұмысын ұйымдастыру, химиялық талдау зертханашылары мен байыту өнімдерін бақылаушылардың қызметін бақылау, шикі кенді өндіру және байыту технологиясының сақталуын, темір кені концентратының сапасын, дайын өнімді жөнелтуді бақылауды қамтамасыз ету.

Бізге қойылатын басты талаптардың бірі қауіпсіздік ережелерін сақтану.

-Әңгімеңізге рахмет.

Кәсіби мереке қарсаңында химия өнеркәсібі қызметкерлеріне саланы дамытуға қосқан үлесі үшін, алға қойған мақсат-міндеттерді табысты орындап, жоғары кәсібилігі мен еңбек жолындағы адалдықтары үшін алғыс айтамыз.

Әйгерім ЕРДЕНҚЫЗЫ,

ҚарУ-дың III курс студенті.