Ұлытаудың ұлары

Осыдан тура 10 жыл бұрын Ахат ағам ердің жасы 50-ге толғанда туғанымдай болған қадірлі аға жайлы әпсанамды «Алтын сақа» деп айдарлаған екенмін. Оның да өз мәнісі бар еді…

Сыршыл өлеңдерімен елді елең еткізіп, әдеби ортаның оң пікіріне ие болған Ахаңды мұқым қазақ руханият әлемінен, поэзия патшалығынан іздейтін. Өлеңінен бөлек публицистикасын қайда қоясыз? Талайға бас шайқатып, таңдай қақтырған тамаша дүниелері әкімдіктің тартпасында қалып кетті-ау, шіркін. Мен сол кезде ширек ғасыр ғұмырын мемлекеттік қызметте өткізген өткір кездіктей өтімді ағаның өзін емес, Алашқа айтар сөзін іздеген екенмін ғой.

«Арқа руханияты алтын сақасын жоғалтып алған еді. Таптық! Әкімдіктің кеңсесінде қалған екен» деп жазыппын сонда. Сол жазбам қамшы болды ма, айналасы екі айда Арқа баспасөзінің қарашаңырағы «Орталықтан» табылды алтын сақамыз. Қала әкімінің орынбасары деген жіліктің майлы басындай дөкей қызметті тастап, облыстық газеттің жауапты хатшысы болып шыға келді. Кейінірек екеуміз бас редактордың орынбасары болып қатар қызмет атқардық. Редакторымыз – ақпарат Арктикасының мұзжарғышы, марқұм Мағауия Сембай. Осыдан-ақ ағалы-інілі екеуміздің бағымызды бағамдай беріңіз…

Ахаң келді. Біз қуана қарсы алдық. Ішкі ойым «Ағаң қарайып қалған шығар» деп күбірлейді.

Сөздің сөлі етінен өтіп, сүйегіне сіңіп алған екен. Шығармашылық ортаны сағынып қалыпты, көсіліп берсін. «Оралман» қаламгердің жазғаны ормандай оқырманның олжасына айналды. «Орталықтың» қабырғасында жүрген бүгінгі жастардың дені – Ахат Құрмансейітовтің қатаң талабымен шыңдалғандар. Мағаш аға екеуміздің назарымыздан тыс қалып, шалағай күйінде «өтіп кеткен» шатпақтар беттен ұсталып жатады. Шіркін, Ахаңның қырағылығынан үтір үркіп, нүкте қашып, бәрі өз орындарына тұра қалатын. Міне, біздің Ахаң осындай жаухатшы болды.

Негізі, Ахаңның мемлекеттік қызметте жүргені халыққа пайдалы болды. Оның халыққа қарашыл аттай үйірсектігі, адалдығы, өткірлігі, жоғары мәдениеті мен жоққа тән тәкаппарлығы қарапайым тұрғындар арасында «Осындай да ашық, осындай да әділ әкім болады екен ғой» деген пікір қалыптастырды.

Жаны қалайтын жұмысын, қасиет қонған қаламын тастап, мемлекеттік қыз­метке кім барушы еді? «Әкімдікке барып, жағдайымды жасап алайын» деген парықсыз пиғылдағылар барады көбіне. Қос мүшелге енді толған шағында аудан жастарының жетекшісі (аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы) болған біздің Ахаң қай қызмет, қандай лауазымға барса да, тек қабілетіне сеніп барды. Ресми тілде көсем, ана тілінде шешен сөйлейтін жігерлі жігіттің сөзі мен ісінде алшақтық жоқ екенін аңғарғандар жарыса қызмет ұсынып жатқанын да көзімізбен көргенбіз. Кеңес дәуірінің соңғы жылдарында комсомолдың Орталық Комитетіне де шақырылған. Үй де береміз, күй де болады дегендерге сеніп тұрса да, бармады. Жезқазғанын, Ұлытауын қимаған.

Аттай қалап шақырған Алматыдан ат-тонын ала қашқан іскер азаматтың шалғайдағы Қаражал қаласына қалай барғанына ақылымыз жетпеді ақыры. Қалалық газеттің редакторы болып барды. Ол кездегі Қаражалды бүгінгі Қаражалмен салыстыруға келмейді. Көшкен елдің жұртындай болып, үйлері қаңырап, құбыры қаңсып қалған Қаражал еді. «Құба түздегі құлазыған қаладан не жоғалтты екен?», – дедік. Ол үндемеді. Шабаданын арқалап, тартып отырған. Барғандағы мақсаты көмескі болса да, аз уақытта жақсы аты жарқырады. Әкім атаулыны жақтырмайтын Қаражалдың қыңыр шал, қырсық кемпірі Ахаңды төңіректеді.

– Шырағым, жүзіңнен иман нұры төгілген бала екенсің! – деді біреуі.

– Қарағым, сөз ұстаған, сөз түсінетін қалпың бар екен. Мұңымызды сен тыңдарсың, – деді екіншісі.

Осылайша, Қаражал халқы өзінің туған ұлындай іш тартып, бауырына бас­ты. Бюллетеньге айналып кеткен «Қазыналы өңір» басылымын ел іздеп жүріп оқитын газетке айналдырды. Ішкі саясат бөлімін басқарды. Қаражал қазағы – орыс, орысы қазақ болып кеткен қала еді. Ұлттық идеологияның құлағы қылтиды. Ол да – Ахат ағаның ілкімді ісінің жемісі.

Қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болды. Сүрінген жоқ, сүйкімі жоғалмады. Сол жерден біз қолқа салғанбыз. Шабаданын арқалап бізге келді. Алты жыл ортамызда болған алтын сақамызды тағы жоғалтып алдық. Тағы кетті. Бұл жолғы кетісін құп көрдік. Туған жерге ту тігіп, тұғырына қонуға аттанған. Ұлытауға. Жерлестері Ұлытауға ұлар оралғандай қуансын. Туған жерге оралуын қанша құп көріп тұрсақ та, қимадық. «Неге?» деп сұраған едік.

– Көшіп жүріп қызмет істегеніме жиырма жыл болып қалыпты. Ел жаққа жақындайын. Тойған жерін төңіректейтін ит емеспін ғой, туған жеріме де қызмет етейін, – деді. Үндемедік.

Ел түсіне алмаған шығар. Сонау 1990 жылдан бері туған інісіндей болып, соңына ерген мен түсіндім. Үйлене салып әскерге кеткен. Әскерден келіп, оқуға түскен. Оқуды бітіріп, Шеңбер ауылынан аудан орталығына қызметке шақырылған. Ұлытаудан – Жезқазғанға. Жезқазғаннан – Қаражалға. Қаражалдан – Қарағандыға. Қарғандыдан – Ұлытауға. Осы көшіп-қонудың бәрінде «Үй алғанша» деген желеу­мен көп жылдар салт жүрді. Әскердегі екі жылын қосқанда, жұбайлық өмірінің тең жартысын Тәслима жеңгемнен жырақта өткізіпті. Не деген төзім? Ағамның төзімін емес, жеңгемнің сабырын айтып отырмын. Сөйтіп жүріп:
Еһ, шіркін…
Бөгде ойларды сырып тастап,
Сал-серідей ғажап бір ғұрып бастап.
Жайлауда…
Жанымда – Сен, жатар ма едім,
Түндігін киіз үйдің түріп тастап, – өлең жазады.

Өлең – ғажап! Мөп-мөлдір! Майлы бояумен салынған бәдіреттей әсерлі-ақ! Бірақ, бұл қай жайлау? Қайдағы киіз үй? Тәслима жеңгем екеуміз осы күмәннің жетегінде өмір сүре бастадық. Әйтеуір, лапылдаған 18-де, жалындаған 25-те жазылған өлең емес екенін жақсы білеміз. Салт жүргендегі салдықтың салтанаты болса ше? Қалжың, әрине.

…Сонымен, ұзақ жыл не «Қызыл кітаптан», не өз ұясынан табылмаған, ұран салып іздеген Ұлар Ұлытауға оралды. Туған елге адал қызмет етіп, абырой биігінен көрініп жүр.

Негізі, Ұлар – қасиетті құс. Тау бөктерінде тобымен жайылған кезде біреуі биік шыңға шығып, айналасын қарауылдайды екен. Қауіп төне қалса, бөлекше үн шығарып, хабар береді. Ахаң да Ұлытаудың қиясына қонып, ұлт руханиятын қауіптен қарауылдаған Ұлар құс секілді көрінеді маған. Еті ем дейді білетіндер. Ахаңның сөзі де, ісі де – ем. Әсіресе, рухани кеселге шалдыққандар Ахат ағаның қасында бір күн болса, дертінен құлан-таза айығады.

Өйткені, ол – Ұлытаудың Ұлары!

Ерсін МҰСАБЕК.