Бекзада болмыс

Бірде гректің атақты философы Фалестен «Дүниедегі ең оңай нәрсе не?» деген сауалға: «Басқаға ақыл айту», ал, «Ең қиын нәрсе не?» дегенде: «Өзіңді танып-білу» деп жауап берген екен. Расымен де, арамызда аузын айға білеп, ақыл айтудан шаршамайтын адамдар көп. Кейде қызды-қыздымен талай істі тындырып, тау қопарып тастағандай күпінеді ғой. Бірақ, үңіліп қарасаң, арты қуыс. Әр нәрсенің басын шалып, тыңғылықты іс тындырмаған. Бар болғаны қызыл сөз екенін көресің. Десек те, арнайылап ақыл айтпаса да, өзінің азаматтық ажарымен, болмысымен өнеге боларлық тұлғалар да аз емес. Соның бірі – алпыстың асуына шыққан Ахат Құрмансейітов.

Студент кезімде «Қазақ тілін дамытқымыз келсе, ақпарат қолжетімді болуы керек. Интернетте қазақша сапалы контент қалыптаспай, тіл мәселесін шешеміз деу – бос сөз. Ол үшін газет-журнал редакция­лары сайт ашып, жаңа медиа бағытын да қолға алуы керек» деген идеяның соңында жүрдім. 2016-2017 жылдар ғой. Қазақша контент жасаушылар мен дәстүрлі журналистика өкілдері арасын қара мысық кесіп өтіп, ортақ мүдде жолында бірігуді емес, бірін-бірі мысқылдап, кемсіту өршіп тұрған шақ. Өйткені, қазақша контент жасаймыз деп талпынғандардың басым дені кәсіби журналистер емес. «Ит жоқта шош­қа үредінің» керін келтіріп, жазған-сызғаны сын көтермей тұрған шақ. Әйтеуір, жоқтан бар. Сөйтіп жүріп, жұмыс бабымен Сәтбаев қаласына жолым түсті. Ахаңмен де алғаш осында таныстық. Бірге түстеніп, бірер сағат пікірлескен едік. Көп дүниеге қатысты ойымыз ортақ екен. Әңгімеміз жарасып жүре берді. Менің тәжірибем аз. Ол кісі көпті көрген, талай істің жөнін білетін азамат. Қате пайым, бұрыс кеткен жерімізді түзеп, жөн сілтеді. Сол таныстық әлеуметтік желідегі достыққа ұласты. Кейін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде әріптес болдық.

Менің жұмысым газеттің интернет ресурсы – «Ortalyq.kz» сайтына мақала салу, оқырман тарту. Ахаң бас редактордың орынбасары – біздің бөлімнің бейресми кураторы. Ағаның жұмыс десе, ішкен асын тастай салып, ойға алған жұмысы орындалғанша ұйқы мен күлкіні ұмытатын жан екеніне осы кезде көзім анық жетті. Сайтқа қатысты сұрақтар туындағанда күн мен түнге қарамай шырылдайды. Бір әріптен қате кетсе, Ахаң үшін анық катастрофа! Қашан түзеліп, дұрысталғанша мазасы болмайды. Әрине, бұл жемісін де берді. Аз уақытта облыс­тық газеттің сайты республикалық ақпарат агенттіктерімен терезесі тең БАҚ-қа айналып, аймақтың қазақ тілді ақпарат кеңістігінің негізгі генераторына айналды. Тіпті, ТМД елдерінің кейбір ақпарат ресурстары да Қарағанды жаңалықтарын «Орталықтың» сайтына сілтеме беріп, өз тілдерінде жариялап жататын.

Иә, Ахаң жаңалыққа жаны құмар жан. Бір ізге түсіп алып, үйренген соқпағынан шыға алмайтын көптің бірі емес. Қай саланың тізгінін ұстаса да, жаңа технологияларды енгізіп, дамытуға құлшынады. Бұл кісінің сүріп өткен жолының өзі болмысын анық көрсетіп тұр ғой. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте жүрсе де, шығармашылықтан бір сәт қол үзбей, үнемі ізденісте жүрген. Өте сирек кездесетін құбылыс қой. Әрі қандай лауазымды қызметке барса да, адамдық қалпына дақ түсірмей, үлкеннің алдындағы інілік ізетін, кішінің алдындағы ағалық келбетін жоғалтпаған. Қанмен берілген болмысы сол ғой өйткені.

Ахат аға өзін толық танып-білген жан. Бойындағы тектіліктің белгісі соны аңғартады. Таныстығымыз он жылға жуықтап қалыпты. Осы аралықта біреуді сыртынан жамандап, кек сақтап, тіс қайраған сәтін көрмеппін. Әрине, өмір болған соң арасында өкпе-реніш болып тұрады. Оның өзі асып кетсе, бірер сағатқа ғана ұласатын тәрізді. Қазір ашуланып, қабағын түйсе, сәлден соң арқа-жарқа болып, күліп жүреді. Шындығында, бұл – кез келген адам жетуге ұмтылып, армандайтын ең асыл қасиет.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.