Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов кенттегі бірқатар проблемалармен танысты.
Жәйремдегі проблемалық нысандардың бірі кәріз сорғы стансасы мен кәріз бөгеті арасындағы құбыр күрделі жөндеуді қажет етеді. Жалпы құны 2,1 млрд теңге болатын жұмысты бастау үшін Қаражал қаласының бюджетінен 100 млн теңге бөлініп, бүгінде мердігер анықталды. Қалған қаражатты республикалық, облыстық бюджеттен тарту көзделіп отыр.
Аймақ басшысы ат басын бұрған тағы бір проблемалық нысан – Тұзкөл су жинағышы стансасы мен Жәйрем кентінің сорғы стансасы арасындағы құбыр. Магистралды құбырдың бір бөлігінің баланстық тиесілігіне байланысты «Қазсушар» АҚ мен «Жәйрем Болашақ» КМК арасында келіспеушілік бар. Сонымен бірге, кентте су есептегіш құралдарын орнату және тұрғындардан қызмет ақысын жинау көрсеткіштері төмен. «Жәйрем Болашақ» КМК-нің материалдық-техникалық ахуалы да күрделі. Аймақ басшысы аталған мәселелерді «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-мен жасалатын меморандум аясында шешу мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.