Облыс басшысы Қаражал қаласының даму перспективаларымен танысты

Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысовқа Қаражал қаласында иесіз үйлерді қайта құрылымдау жұмысының барысымен таныстырды. Қазір «Балқаш Жібек жолы» ЖШС 5 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлерді қайта құрылымдаумен айналысуда. Қалада былтыр осындай бір үйдің реконструкциясы аяқталса, биыл тағы бір үй пайдалануға беріледі.
Жаңа үйлердің пайдалануға берілуіне байланысты қаланың кәріз желілерін қайта құрылымдау жобасына 1,8 млрд қаражат керек.
Сонымен қатар, Қаражалда жабық бассейн құрылысы жүруде. Жобаның жалпы құны 701,5 млн теңгені құрайды. Құрылыс 2023 жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда.
Аймақ басшысы Қаражалдағы №1 жалпы білім беру мектебінің жағдайымен танысты. Мектеп жанында 25 орындық шағын орталық қызмет етеді. 1962 жылы салынған 350 орындық мектеп сараптама жасауды және күрделі жөндеуді қажет етеді. Берік Әбдіғалиұлы мектепті күрделі жөндеуден өткізу құжаттарын әзірлемес бұрын сараптама жасатып, мамандардың қорытындысын алу қажеттігіне назар аудартты.