Ұлттық кодты жаңғыртқан рухани шара

Жаһандану дәуірінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Әлем елдері бүгінде өздерінің мәдени ерекшелігін, тарихи мұрасын және ұлттық құндылықтарын халықаралық деңгейде таныта алған жағдайда ғана туристік, инвестициялық әрі рухани тартымдылығын арттыра алады. Осы тұрғыдан алғанда Ұлытау облысында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі жай ғана мерекелік іс-шара емес. Ол – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын, дүниетанымын және ұлттық болмысын жаңа заман талаптарына сай дәріптеп отырған бірегей мәдени жоба

Ұлт ұясы – Ұлытаудан бастау алған бұл жобаның он бірінші рет көтерілген жалауы биыл Жаңаарқа ауданында желбіреді. Бір ерекшелегі Толағай тауының баурайында өткен фестиваль өзінің ауқымымен ғана емес, мазмұнымен де ерекшеленді. Бір мезетте 35 киіз үй тігіліп, 15 мыңға жуық адамның бас қосуы, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы «Көкмайсаның» өңірлік шарадан ұлттық деңгейдегі брендке айналып келе жатқанын аңғартады.

ДӘСТҮРДІ ЖАҢҒЫРТУ ЕМЕС, ӨМІР САЛТЫН САҚТАУ

Қазақ үшін дала – тіршілік кеңістігі ғана емес, тұтас өркениет. Ал сол өркениеттің негізін жылқы мәдениеті, қымыз өндірісі, көшпелі тұрмыс пен қонақжайлық құрайды. Сондықтан, фестивальдің ең әсерлі сәті ретінде бір мезетте 500 биенің сауылуы кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл – ұлттық дәстүрдің сахналық көрінісі емес, әлі күнге дейін үзілмеген тірі мәдениеттің нақты дәлелі.

Жылқыны қасиет тұтқан қазақ халқы үшін бие сауу – тек шаруашылық әрекеті емес. Ол – отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесі, әйел еңбегінің қадірі, табиғатпен үндестік және ұлттық тағам өндірісінің негізі. Қымыз – қазақ мәдениетінің символына айналған сусын болса, оны өндіру мәдениеті ұлттық мұраның ажырамас бөлігі саналады. Сондықтан, жүздеген қыз-келіншектің бір мезетте бие саууы әлемге қазақтың дәстүрлі мәдениетінің әлі де өміршең екенін көрсетті.

Бүгінде әлемдік тәжірибе ұлттық мұраның тек мәдени құндылық қана емес, экономикалық капитал екенін дәлелдеп отыр. Көптеген мемлекеттер өздерінің этнофестивальдері арқылы туризмді дамытып, инвестиция тартып, шағын бизнесті қолдап келеді. «Көкмайса» да осы бағыттағы маңызды алаңға айналып келеді. Фестиваль аясында облыстың әр өңірінен «мен» деген шеберлердің келіп, өздерінің өнерлерін, шеберліктерін көрсетуі, елге өздері жасаған бұйымдарды ұсынуы соның жарқын үлгісі.

Осы істе бір ғана Жаңаарқа ауданынан 41 кәсіпкер мен жеке тұлға ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын ұсынып, көшпелі сауда ұйымдастырды. Бұл ауыл кәсіпкерлерінің табысын арттырып қана қоймай, ұлттық өнімдерді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

Орайы келгенде айта кетейік, «Көкмайсада» тігілген кигіз үйлердің қатарында біздің Қаражал қаласының да үйлері болды. Осы үйде қаражалдықтар қытайлық делегацияны күтіп, дастархан жайып, қонақжайлылықтарын көрсетті. Ал, қазыналы өңірден келген шеберлер меймандарға өз қолдарымен жасаған ұлттық бұйымдарын, тағамдарын ұсынды, көрсетті, ұлттық болмысымызды танытты.

Этнотуризмнің басты ерекшелігі – турист тек табиғатты көруге емес, халықтың өмір салтын сезінуге келеді. Киіз үй, ұлттық тағам, ат спорты, қымыз дайындау дәстүрі, қолөнер – мұның бәрі бүгінде халықаралық туризмнің ең сұранысқа ие бағыттарының бірі. Демек, ұлттық құндылықтарды сақтау мен экономиканы дамыту бір-біріне қайшы емес, керісінше өзара толықтыратын үрдістер.

ҰЛЫТАУ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ОРТАЛЫҒЫ

Фестивальдің биыл алғаш рет Жаңаарқа ауданында ұйымдастырылуы оның географиясын кеңейтіп қана қоймай, бүкіл Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін танытуға жол ашты. Ұлытау – қазақ мемлекеттілігінің алтын бесігі. Сондықтан, бұл өңірде өтетін әрбір мәдени шара тарихи сананы қалыптастырумен қатар, ұлттық бірегейлікті нығайтуға қызмет етеді.

Облыс әкімінің айтуынша, «Көкмайса» бүгінде Ұлытау облысының брендіне айналды. Мұндай бағалау кездейсоқ емес. Өйткені, бренд дегеніміз – белгілі бір аумақтың өзгелерден ерекшелендіретін айрықша құндылығы. Ал Ұлытаудың ерекшелігі – оның тарихы, мәдениеті және көшпелі өркениеттің сарқылмас мұрасы. Сол мұраның бірі де бірегейі – Ұлттық мәдениет халықаралық қызығушылық нысанына айналып отыр.

Фестивальге шетелдік қонақтар мен халықаралық БАҚ өкілдерінің қатысуы ұлттық мәдениеттің әлемдік деңгейде қызығушылық тудыра бастағанын көрсетеді. Әсіресе, Қытайдан келген инвесторлардың арнайы шақырылуы мәдени дипломатияның жаңа үлгісі ретінде бағалануы мүмкін. Қазіргі таңда инвестиция тек экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, өңірдің имиджіне, мәдени ерекшелігіне және туристік тартымдылығына да тәуелді.

Ұлттық мәдениеті сақталған, өзіндік бренді қалыптасқан өңірлер халықаралық серіктестер үшін әлдеқайда тартымды келеді. Сондықтан, «Көкмайса» мәдени шара ғана емес, өңірдің халықаралық беделін көтеретін маңызды коммуникациялық алаңға айналып отыр.

Қазақ қоғамында соңғы жылдары ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесі жиі көтерілуде. Алайда, ұлттық код тек кітаптарда немесе музейлерде сақталмайды. Ол халықтың күнделікті өмірінде, дәстүрінде, тағамында, қолөнерінде, тұрмысында өмір сүргенде ғана өзінің шынайы мәнін жоғалтпайды. «Көкмайса» фестивалінің ең үлкен жетістігі де осында. Бұл мереке өткенді еске алу үшін емес, сол мұраны қазіргі өмірдің бір бөлігіне айналдыру үшін ұйымдастырылып келеді.

ТҮЙІН

«Көкмайса – даланың тірі тарихы» бүгінде ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін кезекті фестиваль шеңберінен әлдеқашан асып түсті. Ол Ұлытаудың мәдени брендіне, ішкі туризмді дамытатын маңызды жобаға, ауыл кәсіпкерлігін қолдайтын экономикалық алаңға және қазақтың ұлттық кодын ұлықтайтын рухани институтқа айналып келеді.

Бір мезетте 500 биенің сауылуы – жай ғана рекорд емес. Ол – ұлттың тамыры тереңде екенін, дәстүрдің әлі де өміршең екенін және қазақтың мәдени мұрасы бүгінгі қоғаммен бірге жасасып келе жатқанын білдіретін жарқын белгі.

Ұлттық құндылықтарды сақтау – өткенге құрмет қана емес, болашаққа салынған инвестиция. Ал «Көкмайса» осы қағиданың нақты көрінісіне айналып, Ұлытаудың ғана емес, тұтас қазақ елінің рухани келбетін айшықтайтын ерекше мәдени құбылыс ретінде өз маңызын жыл сайын арттыра бермек.