Ұлттық домбыра күніне орай орталық кітапханада ұлттық құндылықтар мен халқымыздың рухани мұрасын насихаттау мақсатында «Нағыз қазақ – домбыра» атты ақпараттық сағат өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының қасиетті музыкалық аспабы – домбыраның тарихы мен маңызын дәріптеу, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және мәдени құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыру болды.
Ақпараттық сағат барысында оқырмандарға домбыраның шығу тарихы, оның қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетіндегі орны туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, қазақтың күй өнері, әйгілі күйшілердің шығармашылығы мен олардың ұлттық өнерді дамытудағы рөлі туралы танымдық мәліметтер ұсынылды.
Шара барысында халқымыздың рухани мұрасы саналатын күйлер орындалып, домбыраның қазақ халқының тарихы мен тағдырын, қуанышы мен мұңын жеткізетін қасиетті аспап екендігі ерекше атап өтілді.
Қатысушылар ұлттық өнердің құндылығы туралы пікір алмасып, рухани мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
«Нағыз қазақ – домбыра» атты ақпараттық сағат ұлттық мәдениетті ұлықтауға, жастардың патриоттық рухын нығайтуға және халқымыздың бай рухани мұрасын насихаттауға бағытталған тағылымды іс-шара болды.
Тлеухор БАЙШУКЕНОВА,
Қаражал қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры

