Ұлтты ұйыстырған ұлы жиын

Наурыз айының ортасында Атырауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Ұлт ұясы Ұлытау төрінде бастау алған алқалы жиын өткен жылы қасиетті Түркістанда түндігін түрді. Ұлтты ұйыстырған ұлы жиын биыл, Жайықтың жағасында жалғасын тапты.

– Бүгін тағы бір тарихи өлке Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деп бастады сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы, Құрылтайда халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екендігіне терең тоқталды. Сонымен қатар, тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін де мәлімдеді.
Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді. Бұл да бір қуантарлық жағдай. «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», – деді.
Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.
– Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық ұлыстың жерінде сан алуан этнос және дін өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара астасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты. Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар, Президент Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. «Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр. Фильм белгілі халықаралық платформалар арқылы көрсетілуі керек. Жалпы елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды», – деді.
Елді ұйыстырған ұлы жиында Мемлекет басшысы қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюды да сөз етті. Орынды айтылған әрбір ұсыным, тиянақты берілген әрбір тапсырма, біздің алдымызға қойылған жаңа міндет деп қабылдады ел.

Досан Дулығалы.