Жел энергиясын игеру басталды

Өткен жылы өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы, отандық инвестор «ТехноГруппСервис» ЖШС және қытайлық «Sino Hydro Engineering Bureau 4» арасында Ұлытау облысында жаңартылған энергия көздері жобаларын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын.

Биыл осы жобаларды жүзеге асыру басталып кетті. Жуырда Жаңаарқа ауданында биіктігі 120 метр болатын метеомачта орнатылды. Осылайша, Ұлытау облысында жел электр станциясын салудың тұсауы кесілді.
Мамандардың айтуынша, арнайы қондырғылары бар 120 метрлік діңгектің міндеті – желдің қуатын өлшеу. Метеомачта күн батареяларынан автономды электрмен жабдықтау жүйесіне қосылған. Орнатылған құрылғылардың арқасында желді өлшеу деректері, ауа райы туралы басқа да деректер сигналдар арқылы қабылдау аппаратурасына бе­ріледі.
Жел мониторингін жасау – монтаждау сәтінен бастап есептегенде шамамен бір жыл ішінде жүргізіледі, кейін метеомачта бөлшектеледі. Нәтижесінде энергия әлеуеті туралы тиісті есеп жасалып, станция салу туралы нақты шешім қабылданады екен.
Метеомачтаны жеткізу және монтаждау бойынша мердігер – қытайлық «Рower China» (мемлекеттік құрылыс энергетикалық корпорациясы) компаниясы.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ