Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов өткен жылдың IV тоқсанында атқарған жұмыстары бойынша есебін баяндап, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев төрағалық еткен бұл кездесуге жергілікті халықпен бірге Қаражал-Жәйрем өңірі бойынша халықтың әлеуметтік жағдайына барлық жауапты мекемелердің басшылары, қауымдастық мүшелері, Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова қатысты.
Өз кезегінде сөз алған кент әкімі кент бюджетіне тоқталып, салықтық түсімдер, салықтық емес түсімдерді жіктеп, кент әкімінің аппараты бойынша, әлеуметтік салалар бойынша, ауылшаруашылық және кәсіпкерлік салалар, автокөлік жолдары, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, абаттандыру, жылумен қамту, меморандумның орындалуы салалары бойынша атқарылған барлық жұмыстарды баяндап өтті.
Кездесу барысында сұрақтарға арналып орнатылған жәшіктерге салынған жазбаша сұрақтарға, кездесуге арнайы келген тұрғындардың ауызша сұрақтарына қала әкімі Тілектес Досаев, әкім орынбасары Ақжол Құрмансейіт және кент әкімі Қайрат Жансағымов жауап беріп отырды.
Тұрғындар тарапынан қозғалған сұрақтар көбінесе кенттің көркін кетіріп, аулаларды жайлап жататын қоқыстар жайында болды. Өзге емес өзіміз шашатын қоқыстар мәселесін шешу жолында Жәйрем кентінің басты көшелеріне 2021 жылы Меморандум аясында 9 бейнебақылау камералары, 2022 жылы жергілікті қаражат есебінен 5 бейнебақылау камералары, облыс қаражаты есебінен 5 бейнебақылау камералары орнатылғанын, 2023 жылы бейнебақылау камераларын орнатуға кезекті сессиядан қаражат бөлінетін болса қоқыс алаңдарына бейнебақылау камераларын орнату жоспарланғанын жеткізген әкім сөзіне тұрғындар өз ойларын барынша қосып жатты. Жалпы, бұл қоқыс тақырыбы біздің кентіміздің ең бір жазылмас жарасы болды. Аталған проблемаға қоқыс жинайтын мердігер ғана кінәлі болып, әкімдік қана жауапты болмай, сол қоқыстарды оңды-солды шашатын, қоқыс жәшігіне жеткізбей, орта жолда тастап, не болмаса жәшік сыртына лақтыра салатын тұрғындар да бір мезгіл жинақталуы шарт. Үйдегі қоқысты шығаруға көбінесе жауапты болып табылатын балаларымызды да туған жер тазалығына қазірден бастап тәрбиелеу керектігі айтылды.
Саяжай ықшам ауданына аялдама қажеттілігін айтқан саяжай тұрғынына 2023 жылдың жоспарында 11 аялдама салу жоспарланып, оның алтауы шағын ықшам аудандарға, бесеуі кент ішіне орнатылатыны, қазіргі таңда, қонкурс ойнатылып, мердігер анықталғаны, сонымен қатар, ол аялдамаларды орнату жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында қолға алынатыны жеткізілді.
Жол жөндеу мәселелері бойынша қойылған сұрақтарға Қайрат Жансағымов төмендегідей жауап берді:
2023 жылға автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары
бойынша облыстық қаражаттан 300 млн.теңге, жергілікті қаражат есебінен 262 млн.теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталында конкурстар ойнатылуда, алдағы уақытта мердігерлер анықталып, жұмыстар басталады. Ал, Қаражал қаласына баратын трассадан комбинаттың 2-ші бекетіне дейінгі автокөлік жолы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ шаруашылық санатындағы жол болып табылғандықтан, халық талабы бойынша комбинат басшылығымен келісімге келетін боламыз. Алдағы уақытта мәселенің шешімі табылады деп ойлаймын.
Қараусыз бос жүрген иттер мәселелерін көтерген тұрғындарға Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт қазіргі таңда, заңға сәйкес қараусыз бос жүрген иттерді атуға рұқсат жоқтығын, бос жүрген иттер көптігін және қауіп тудырып тұрғанын айта келіп, бұл мәселені қозғап тұрғындар ресми түрде хатпен шығуға болатынын айта келіп, әр тұрғын өз үйлерінің иттерін байлап немесе қамауда ұстауларын сұрады.
Одан бөлек, 2-орамдағы көп қабатты үйлердің төбелері мен балалар алаңқайы қашан жөнделетіні жөніндегі сауалға, 2023 жылға ойын алаңдары, спорт алаңдары, жаттығу алаңдарын күтіп ұстау бойынша жергілікті бюджеттен 15 млн.теңге қаражат бөлінгені, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталы бойынша конкурс ойнатылып, мердігер анықталғаны, анықталған мердігер жыл соңына дейін алаңдарды күтіп ұстауға, тиісті жұмыстар жүргізуге міндетті екені, сонымен қатар, 2022 жылы көп қабатты тұрғын үйлердің төбесін жабу жұмыстары Меморандумға кіргізілгенмен, облыстың ауысуына байланысты Меморандум кеш бекітіліп, ауа райының күрт сууына байланысты көпқабатты тұрғын үйлердің төбесін жабу жұмысы 2023 жылдың көктемгі уақытына шегерілгендігі, күн жылынған бетте аталмыш жұмыстар басталатыны айтылды.
Көше тыныштығы, қоғамдық орындар тәртібі бойынша қойылған сұрақтарға Қаражал қаласының ПБ басшысы Алмаз Жақаев жауап берсе, көшені қардан тазалау жұмыстары бойынша қойылған жұмыстарға «Жәйрем-Болашақ» КМК мекеме басшысы Асқарәлі Омаров, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ қатысы бар сұрақтарға комбинаттың тұрақты даму жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков жауап берді.
Сондай-ақ, кент тұрғындарының жанайқайы болған тағы да бір мәселе, аурухана мәселесі, нақтырақ айтсақ, білімді де білікті медициналық мамандардың жетіспеушілігі еді. Әкім есебіне дейін халық наразылығы тыңдалып, Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранованың араласуымен бірқатар өзгерістер болғанды. Халық тарапынан айтылған наразылыққа, көтерілген ұсынысқа уақтылы әрекет етуші тарапқа алғыс айтылды.
Кездесу соңында қала мен кент басшылары қатысушыларға алғыстарын білдіріп, осы есептік кездесуде көтерілген мәселелі сауалдар бойынша іс-шаралар жоспары әзірленетінін, жоспар бойынша жұмыстар жүргізілетінін, мәселелер үнемі бақылауда болатынын айтты.
Әрбір келелі іс оңтайлы шешімін тауып, әрбір атқарылған және атқарылатын жұмыс халықтың игілігіне қарай сапалы түрде үлкен адалдықпен, абыроймен атқарылса, көп ілгерілеп, кентіміз жандана да жарқырай түсері айқын.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА