Көрнекі ақпаратқа сауатты болайық

Қоғам мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде көрнекі ақпарат, жарнама мәтіндері күнделікті өмірде назарымызға түседі. Көпшілікке ұсынылатын нәрсенің қайсысы болсын сапалы, әрі тиімді болғаны жөн. Бүгінгі таңда көкейкесті мәселеге айналып отырған жайт – көрнекі ақпарат пен жарнама тілінің жағдайы. Көшеде орналасқан әр нысан атауы – қазақ тілінің сұлулығын, көркемдігін насихаттайтын құрал болуға тиіс. Алайда, қаламызда көрнекі ақпараттар мен жарнамаларда мемлекеттік тілді қолдану барысында заң бұзушылықтар мен қателіктер кездесіп жатады.

Маусым айында Қаражал қаласында қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» айлығын жүргізді. Айлық барысында көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, олардың «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы сияқты мәселелер назарға алынады және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 27 маусымдағы рейд жұмыстарына Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт пен қалалық мәслихат депутаты Жумакул Ахметова қатысты. Жұмыс барысында қала бойынша көптеген заңбұзушылықтар анықталып, нысан иелеріне ескерту жасалып, ұсыным хаттар берілді. Көрнекі ақпараттар мен де­ректемелер мәтіндері заңнама талаптарына сәйкес қаралып, нысан иелеріне анықталған кемшіліктерді түзетуге уақыт берілді.
Негізінен орын алған кемшіліктер мынадай: грамматикалық, орфографиялық қателер, өзге тілден мемлекеттік тілге дұрыс аудармау, мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылмауы, көрнекі ақпарат пен жарнамалардың тек орыс тілінде ғана ресімделуі, мемлекеттік тілдегі мәтіннің нысанның сол жағына, жоғары жағына орналасу талабының орындалмауы.
Осы тұста Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік: «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады. Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк-құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс».
Қазақстан Республикасының «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 75-бабы – «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық»: Деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады. Осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қорыта айтқанда, қаладағы барлық нысан иелерін көрнекі ақпаратты сауатты рәсімдеп, заң талаптарын сақтауға, мемлекеттік тілге құрметпен қарауға шақырамыз.

Манара Жетімекова,
«Қаражал қаласының
ішкі саясат, мәдениет,
тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ бас маманы.