Ана денсаулығы — дені сау ұрпақтың кепілі

Жәйрем кенті ауруханасында «Отбасын жоспарлау және босануға дайындық» кабинеті салтанатты түрде ашылды. Бұл іс-шараға Жәйрем кенті әкімінің орынбасары Гүлмира Исина, Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Марлан Шамбулов және аурухананың ардагер қызметкерлері қатысты.

«Отбасын жоспарлау және босануға дайындық» кабинеттің лентасын қию рәсімі Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Марлан Шамбулов және болашақ ана Тугдэрхан Елеусізге бұйырды.

«Отбасын жоспарлау және босануға дайындық» кабинетінде акушер Даржан Ермаханова сағат 9.00-13.00 аралығында болашақ аналар мен жас аналарды қабылдайды.

«Отбасын жоспарлау және босануға дайындық» кабинетінің ашылуының басты мақсаты – жас аналарға қолдау көрсету арқылы өмірге дені сау, салауатты ұрпақ әкелуге ықпал ету. Болашақта бұл кабинет қызметкерлері болашақ аналарға және жас аналарға салауатты өмір салты жайлы түсінік беріп, өмірге дені сау балалардың келуіне ықпал етіп, отбасындағы гармонияны қалыптастыру, 19 жасқа дейін жүктілікті болдырмау, «жоғары қауіп тобы» бар әйелдермен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу және де өзі қаламаған жүктіліктен қорғану, жүктілік арасындағы интервалды реттеу жайында құнды және маңызды ақпарат беру арқылы аналарға қызмет көрсететін болады.

Сонымен қатар, болашақ аналарды дұрыс босануға үйретіп, психологиялық тұрғыдан көмек беріп және босануға қажетті заттардың тізімімен таныстырады.

Біздің кентіміздің құрметті қыз-келіншектерін Абай көшесі, 15 үйінде орналасқан емханамыз­ға кеңес алуға шақырамыз және де асыға күтеміз.

Тлеухор АКАНОВА,

профилактика және әлеуметтік

психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі.