Өңірдің брендіне айналған фестиваль биыл ХХХІІ жалауын көтерді

Өткен аптаның соңы Ұлытау жұртшылығы үшін нағыз өнер мерекесіне айналды. Облыс орталығында өңірдің брендіне айналған «Ұлытау үні» фестивалі ХХХІІ жалауын көтерді. Жошы Ұлысының 800 жылдығы мен саңылақ ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жылдығын арқау еткен осынау өнер додасына еліміздің әр аймағынан шашасына шаң жұқтырмаған айтыскер ақындар мен өнердің жілігін шағып, майын ішкен виртуоздар қатысты. Әрине, жергілікті қаламгерлер мен өнер тарландары да ұмыт қалған жоқ.

Фестивальдің шымылдығы «Ғасырлар аманаты» деп аталған көрме-көрсетіліммен түрілді. Жиналған жұртшылық Қорқыттан қалған қыл қобызды қолынан тастамаған Ықылас Дүкенұлы, аққудың үніне үн қосқан Тайжан Қалмағамбетов, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлы, атақты күйші Дина Нүрпейісова, арқаның ақтаңгері Біржан сал мен ақын Сара Тастанбекқызы сынды бір туар тұлғалар жайлы өмірдеректер тыңдап, күйлері мен жырларын тамашалады.
Біз осы көрме-көрсетілімде жүрген, «Ұлытау үні» халық шығармашылығы фестивалінің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі, ҚР Мәдениет қайраткері Қайырбек Сәдуақасовты жолықтырып, әңгімеге тарттық.
– 32 жыл бұрын осы өлкедегі өнерпаздардың соншалықты көп екендігіне көзім жеткеннен кейін міндетті түрде осылай жарқыратып өткізуді өзіме парызым деп есептедім. Бірнеше ән жазып, осында алғаш тұсауын кескенбіз. Содан бері келе жатқан жас таланттардың әрқайсысы ерекше мәнерімен ескі дәстүрлі өнерді ұмытпай жүргеніне мен өте қуаныштымын. Мен бақытты адаммын деп есептеймін, – деді Қайрекең ағынан жарылып.
Көрме-көрсетілімнен соң фестивальдің салтанатты ашылуы болды. Облыс әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов жұртшылықты өнер мерекесімен құттықтап, байқауда бақтарын сынайтын өнерпаздарға сәттілік тіледі. Салтанатты шарада «Өнер патшалығы» әміршісінің Жарлығы оқылып, Халық шығармашылығының республикалық фестивалі ресми түрде ашылды.


Салтанатты рәсімнен соң кезек айтыскер ақындарға берілді. Өнер додасында Ұлытау және Қостанай облысының ақындарынан құралған қос команда жолдаманы сарапқа салды.
Орайы келгенде айта кетейік, өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылған командалық сайыс «Қайым айтыс», «Қыз бен жігіт айтысы», «Түре айтыс», «Сүре айтыс» сынды айтыстың тың түрлерінен құрылды. Сондай-ақ, дәстүрлі әншілер мен күйшілер, жыршы һәм термешілер де өзара бақ сынасты додада.
Сонымен, Ұлытау облысы­ның намысын Төлеген Жама­нов, Сағынбай Мәлібеков, Сы­рым Нығызбай, Бекзада Дос­тиярова, Өміржан Көпбосын, Ардақ Мұ­қыш, Думан Саматұлы, Жалын Сыздықов қорғаса, Қостанай облысынан Айбек Қалиев, Абзал Алпыс, Айбар Рағатов, Да­нияр Рысбеков, Жібек Шаһмардан, Манапбек Кәдіров, Ба­тырлан Сағынтаев, Қыдырбек Қиысқанұлы өнерлерін ортаға салды.
«Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, ұлық өнер жанашыры Жүрсін Ерман төрағалық еткен қазылар алқасы ақындардың өнерін бағалады. Қазылардың шешімімен 193 ұпай жинаған Қостанай облысының ақындары командалық айтыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Ұлытаулықтар қонақтардан бір ұпай кем қалды. Айта кетейік, командалық айтыс ел көлемінде өтуде.
Жыр додасында күйші, жыршы, термешілерге 250 мың теңгеден, ақындарға 500 мың теңгеден қаржылай сыйақылардың сертификаттары берілді.
Халық шығармашылығының Республикалық XXXII дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын орда аманаты» атты Республикалық мультиаспапшылар байқауымен жалғасты. Байқауға еліміздің әр түкпірінен 12 өнерпаз қатысты. Қазақстан тарихында мультиаспапшылар байқауы алғаш рет осы «Ұлытау үні» фестивалінде жалауын көтеріп отыр.
Ұлтымызға тән музыкалық аспаптардың барлығы қастерлі. Демек, әлемге осы аспаптарды шығаруға мүмкіндік осы «Ұлытау үні» фестивалінің еншісінде. Осылайша, ұлттық аспаптарды ұлықтаған жастардың өнерлерін дүйім жұрт тамашалап, өз бағасын берді. Бас жүлдені Ұлытау облысының өнерпазы Азамат Бақия қанжығасына байлады.
«Ұлытау үні» фестивалі аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының ардагер әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Береке Көшенов пен Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ақпарат саласының ардагері Мағзұмбек Машайықұлының шығармашылық кештері өтті.
Үш күн бойы Ұлытау сахнасын дүбірге бөлеген «Ұлытау үні» фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.

Ізбасар ОЙБАС.