Өңірдегі ауыл шаруашылығының қарқыны қалыпты

Әлемнің озық дамыған  елдерінде ауыл шаруашылығын дамытуды қолдау, өздерін азық-түлікпен толық қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі.

«Қазақстан Республикасындағы кәсіби мерекелер және атаулы күндер туралы» Жарлығына сәйкес қараша айының үшінші жексенбісінде ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай Қаражал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Сатанов Марат Рақымжанұлынан сұхбат алдық. Жалпы өңірдегі қазіргі ауыл шаруашылығының деңгейі, жергілікті ауылшаруашықты дамытып отырған кәсіпкерлер жайлы ой қозғадық. Айта кетер жайт, ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, өңір экономикасын дамытуда және аймақ  тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда.

— Марат Рахымжанұлы, ауыл шаруашылығының атқарылып жатқан жұмыстары немесе жалпы өнім жайлы не айтасыз?

— Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 6,3 млрд. теңгені құрады немесе былтырғы жылмен салыстырғанда орындалуы 134,5%.

 — Өңірге ұсынылған мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Сонымен қатар, мемлекеттен ауылшаруашылығына кандай көмектер жүріп жатыр?

— Мемлекет қолдауымен беріліп жатқан жеңілдетілген несиелер арқылы мал санын арттырып жатқан жастар көбеюде. Ал мемлекеттік көмекке келсек, биылғы жылы «Агро несие корпорациясы» арқылы жеңілдетілген 2,5%  «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен 21 жоба 99 млн.теңге несие алса, оның ішінде мал шаруашылығын өсіру үшін  15 өтінімге 73 млн. теңге несие алынды. «Іскер» бағдарламасы арқылы  мал шаруашылығын өсіру үшін  22 өтінімге 89 млн. теңге несие алынды.

Биыл басталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген 2,5%-бен 15 жоба 120 млн.теңгеге мал шаруашылығын дамыту үшін өтініш тапсырды. Сонымен қатар, былтырғы жылы «Агробизнес» бағдарламасы арқылы «Кенсаз» шаруа қожалығы 110 млн.теңге несие алып, 150 бас асыл тұқымды ақ бас ірі қара малы мен 2 дана ауыл шаруашылық техникаларын алды.  Мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, тиісті әр мал басына 150 мың теңге және техникаларға субсидиясы қайтарылды.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнім сапасын арттыруды  субсидиялау» бағдарламасы бойынша  тұқымдық түрлендіруге 9 шаруашылықтан қатысып отырған 711 ірі қараның аналық басы немесе үлесі 12,3%,  былтырғы жылмен салыстырғанда 74 басқа көбейген немесе 2,7 пайыз артқан. Осы шаруа қожалықтарымен биылғы жылы 11 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Бұл бағдарлама бойынша тиісті субсидиялары төленді. Сонымен қатар, биылғы жылы Ұлытау облыстық бюджетінде шаруа қожалықтарына жем-шөп шығындарын субсидиялау бойынша қаражат қарастырылды. Барлық шаруа қожалықтары тиісті нормативке байланысты өтініштерін тапсырды.

 — Бәсеке бар жерде даму бар дейді. Жалпы ауылшаруашылығы бойынша аймағымызда бәсекелестік бар ма? Жергілікті фермерлер жайлы не айтасыз?

—  Жергілікті шаруа қожалықтары ет өнімдері бағытында ғана мал шаруашылығын дамытуда. Сүт өнімдерін өндіру немесе өңдеу негізгі мәселелердің бірі болып қалуда. Қаламызда таза сүт өнімдері тапшы.

 — Өңірдегі кәсіпкерлерге айтар ұсынысыңыз бар ма?

— Жергілікті кәсіпкерлер жылыжай орнатып, жеміс-жидекпен де айналысса деген ойымыз бар.

 — Сұхбатыңызға рақмет.

 Сұхбаттасқан Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.