5G желісін қосу жоспарлануда

Өткен аптада Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында өңірде байланыс пен интернетті дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Осы шараға орай «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен өткен кездесуде облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы жергілікті билік пен еліміздегі ірі байланыс операторының бірлескен жұмысы өңіріміздегі байланыс пен интернетке қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Облыстағы интернеттің әлсіздігі – өзекті мәселелердің бірі. Трассалардың бойында тіпті қолжетімсіз орындар бар. Жезқазған-Қарағанды бағытында бірқатар нүктеде ұстайды, ал Қызылордаға барар жолда тіпті жоқтың қасы. Бұл – білім беру мекемелеріне де қатысты. Мектептерді цифрландыру үшін де ғаламтор желісі жеткіліксіз болып тұр. Өңірде педагогтердің жеткіліксіздігін де онлайн оқыту арқылы шешуіміз қажет. Ол үшін ұялы байланыс пен интернеттің көмегіне жүгінеміз. Сондықтан, аталған мәселелерді шешу үшін өздеріңізден қолдау күтеміз, – деді кездесу барысында облыс әкімі.

Кездесу барысында мәлім болғанындай, «Қазақтелеком» АҚ облыс орталығында 5G желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қол қойылған меморандумда 2025 жылға қарай Жезқазған қаласының желілерін талшықты-оптикалық байланыс желілеріне көшіруді жүзеге асыру, өңір мектептерінде интернетке қол жеткізу жылдамдығын арттыру жөніндегі техникалық мүмкіндіктерді қарастыратын сараптамалық топ құру және 2023-2024 жылдары Ұлытау облысының аумағында ұялы байланыс пен мобильді интернетті дамыту бойынша қажетті іс-шаралар жоспарын бекіту ұсынылды.

Бұдан бөлек Жезқазған қаласында 5G орындардың санын 5-тен 20-ға дейін ұлғайту, облыстың 12 ауылдық елді мекенін мобильді байланыс пен 4G интернетті қамтамасыз ету бойынша лицензиялық міндеттемелеріне қосу және облыстың 36 мектебіне  талшықты-оптикалық байланыс немесе радиокөпір жүргізу бойынша ұсыныстар айтылды.

Орайы келгенде айта кетейік, Жезқазған қаласында 5G желілері келесі мекенжайлар бойынша іске қосылмақ: Мұса Жәлел көшесі, 17; Гагарин көшесі, 76/1а; Ломоносов көшесі, 8; Алашахан даңғылы, 8 және 34.

Ізбасар ОЙБАС.