Індетпен күрес – ортақ міндет

Міне, екінші жылдан асып барады, елдің есін алған коронавирус инфекциясының тежеле қояр түрі жоқ. Бұл жұқпалы кесел штамдарының тез өзгеруінен болып отыр. Әрине, індеттің таралуына жол бермеу жолдары да жоқ емес. Ең бастысы, санитарлық талаптар мен шектеу шараларын мүлтіксіз орындау. Сондай-ақ, өз ортамызда иммундық қалқанды қамтамасыз ету, яғни, екпе алу.

 

Жаңа штамм – тың қауіп

Өткен жылдың қыркүйек айында дүние «коронавирустың тағы бір жаңа штамы тарап жатыр» деп дүрлікті. Оны «омикрон» штамы деп атады. ДДҰ бұл нұсқа басқа штамдарға қарағанда тез таралатынын алға тартып, «алаңдатарлық» деген баға берді. Шынымен де, айналасы үш-төрт айдың ішінде «омикрон» әлемге таралып үлгерді. Бұл штамм ең алғаш Оңтүстік Африка Республикасында пайда болған еді. Африкада «дельта» штамына қарағанда «омикронды» жұқтыру жиі тіркелді. Сондықтан да оны «тез тарағыш, әрі қауіпті» деп бағалады мамандар. Айтқанындай-ақ, өткен жылдың желтоқсан айында «омикрон» әлемнің 40-тан астам елінен анықталды. Ең сорақысы – ол біздің елімізге де дендеп енді. ДСМ ақпаратына қарағанда «омикрон» бүгінде еліміздің барлық аймақтарына жетті. Бұл – ойланарлық, ойлантарлық жайт.

 

Алдын алу шаралары жүйелі жүруде

Әлемнің барлық елдеріндегі сияқты Қазақстанда да «омикронмен» күрес басталды. Санитариялық талаптарды сақтау күшейтілді. Әсіресе, екпе алу және қайыра егілу жұмыстарына аса мән беріліп жатыр. Бұдан ҚаражалЖәйрем өңірі де қалыс қалып отырған жоқ. Жуырда ғана өткен брифингте қала әкімі Тілектес Досаев бұл мәселеге ерекше тоқталып, қолға алынған жұмыстарды саралап көрсетті.

Жалпы, пандемия кезеңінде өңіріміздің денсаулық сақтау саласында жаңа бетбұрыстар кезеңі басталып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және жарақтандыру шаралары жүргізілді. Қалада жұқпалы дертке шалдыққан науқастар үшін арнайы орындар жабдықталды. Эпидемиологиялық ахуалға орай, инфекцияның таралуына баса назар аударылатыны белгілі. Сондықтан қаланың санитариялықэпидемиологиялық қызмет мамандары коронавирус инфекцияның ошақтарына эпидемиологиялық тексерулер жүргізіп, инфекцияны жұқтырудан сақтау, жұқтыру қаупін төмендету, індеттің ошақ аумағынан тыс жерге таралып кетпеуіне қатысты жүйелі жұмыс жүргізді. Кеселге шалдыққандарды жедел түрде оқшаулады. Жұмыс қазір де тиімді атқарылуда.

 

Екпе – ең тиімді тәсіл

Жұқпалы аурумен күресудің ең тиімді тәсілі – ұжымдық иммунитеттік жүйе қалыптастыра отырып, оған қарсы күресетін вакцина (екпе) алу. Қазір әлемнің білікті мамандары «омикрон» штамына қарсы иммундау, халықты ревакцинациялау қажет екенін алға тартуда. Сондай-ақ, 12-18 жас аралығындағы балалар, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар үшін «Комирнати» (Phizer, АҚШ) вакцинасы өте тиімді деп отыр.

Аталған шаралар Қаражал-Жәйрем өңірінде де пәрменді жүріп жатыр. Екпе алу деңгейі – 96 процент. Бұл – облыстағы ең жоғары көрсеткіш. Десек те, қала басшысы балаларды егу мен ревакцинациялау жұмыстарын әлі де ширата түсу қажеттігін алға тартады.

Қала әкімінің мәлімдеуінше, №6 және №1 жалпы білім беретін мектеп оқушылары 100 процент екпе алса, №11 мектепте – 92 процент, №7 мектепте – 84 процент.

Ал №3 жалпы білім беретін мектебінде екпе алу жұмысы мүлдем баяу. Соның салдарынан онда инфекция жұқтырғандар саны өсіп кеткен.

– Сараптау нәтижесі көрсеткендей, екпе алған оқушылар саны неғұрлым көп болса, инфекция жұқтыру деңгейі төмен. Сондықтан, №3 мектеп ұжымы ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, елдегі, қаладағы эпидахуалдың қаупі мен оның салдары жайлы жан-жақты айтулары қажет, – деді қала әкімі Тілектес Досаев брифинг барысында.

Орайы келгенде айта кетейік, өңірде ревакцинациялау жұмысы баяу. Қала тұрғындарының 45 проценті ғана ревакцинациялаудан өткен. Бұл жұмысты да ширатуды тапсырған қала басшысы ең бастысы ел арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу екенін айтты.

P.S. Бұл індет біздің елдігіміз бен бірлігімізді сынайтын сәт болып тұр. Ал ол үшін ең алдымен әр тұрғын азаматтық жауапкершілікті сезіне білуі керек. Індетпен күрес – ортақ міндет!

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.