Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Ал осы жауапты істің алдыңғы шебінде полиция қызметкерлері тұрады. Олар күн мен түнге, ауа райына қарамастан азаматтардың қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіптің сақталуына қызмет етеді.
Сондықтан, полиция қызметкері болу – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін абыройлы мамандық. Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекелері қарсаңында, өзіне жүктелген міндетке үлкен жауапкершілікпен қарап, полиция формасын үлкен абыроймен киіп жүрген, Жәйрем кенті полициясы бөлімінің кезекшісі инспекторы, полиция майоры Данияр Көшкімбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Данияр Ахметжанұлы, алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Мен 1986 жылы 31 тамызда Қаражал қаласында дүниеге келдім. Мектепті Жәйрем кентіндегі № 10 жалпы білім беретін мектепте оқыдым. Кейін білімімді академик Е.А.Бөкетов атындағы Қараған ды мемлекеттік университетінде жалғастырдым. Оқуымды аяқтаған соң әскери борышымды өтеп, осы салада шыңдалдым.
– Ішкі істер органдарындағы еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Ішкі істер органдарында қызметімді 2010 жылы бастадым. Алғашқы лауазымым кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болды. Осы қызметте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс істедім. Қызмет барысында өз білімімді жетілдіріп, заң саласы бойынша қосымша жоғары білім алдым.
– Полиция қызметінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Полиция қызметі – өте жауапты әрі күрделі жұмыс. Біздің басты міндетіміз – қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қылмыстың алдын алу. Сонымен қатар, төтенше жағдайларда халыққа көмек көрсетеміз. Бұл мамандық үлкен төзімділік, қырағылық және адамгершілікті талап етеді.
– Өз қызметіңіздегі басты қағидатыңыз қандай?
– Мен үшін ең басты қағидат – заң талаптарын қатаң сақтау және халыққа адал қызмет ету. Әр азаматтың қауіпсіздігі мен тыныштығы – менің басты міндетім. Сондықтан, әрқашан әділдік пен жауапкершілікті бірінші орынға қоямын.
– Қызметтен тыс уақытта немен айналысасыз?
– Бос уақытымда спортпен шұғылданамын. Сонымен қатар, жылқы шаруашылығына қызығушылығым бар. Ат баптау – бала кезден қалыптасқан сүйікті ісім. Бұл маған демалуға да, рухани күш жинауға да көмектеседі.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Менің төрт балам бар. Жұбайым Арайлым Байдәулетовамен шаңырақ көтергенімізге 15 жыл болды. Жұбайымның мамандығы – мұғалім. Отбасымызда татулық пен өзара қолдау бірінші орында. Балаларды тәрбиелеу үлкен жауапкершілік, сондықтан, бұл бағытта бірге еңбек етіп келеміз.
– Сіз үшін ең үлкен марапат не?
– Полиция қызметкері үшін ең үлкен марапат — халықтың сенімі мен құрметі. Қызметтік жетістіктер маңызды, бірақ, ел сеніміне ие болу — одан да жоғары.
– Болашақтағы мақсатыңыз қандай?
– Менің басты арманым — өз ісіне адал, халық сеніміне ие болған полиция қызметкері болу. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігіне үлес қосу – менің өмірлік мұратым.
– Данияр Ахметжанұлы, сіз сияқты ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өйткені, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық сіздердің адал қызметтеріңіздің нәтижесі. Келе жатқан кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз. Халықтың тыныштығы мен қоғамның тұрақтылығы үшін жасап жүрген еңбегіңіз тек абыройлы болсын. Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Теректі ШАҒАТАЙ.
