Елге қызмет – абыройлы міндет

Еліміздегі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз көрсетілетін қызметті алушылардың өтініш жасауы бойынша немесе өтініш жасауынсыз жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі екені мәлім.

Мемлекет тарапынан халыққа қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету үшін бірқатар реформалар сәтті жүзеге асырылды.

Атап айтатын болсақ, бұл саланың даму кезеңдерінің маңызды жетістіктерінің бірі мемлекеттік қызметтерді «Бір терезе» қағидаты бойынша көрсетуге арналған халыққа қызмет көрсету орталықтары желісінің құрылуы болды. Осыдан тура 15 жыл бұрын, 2007 жылы алғашқы Халыққа қызмет көрсету орталықтары ресми түрде ашылғанына баршамыз куәміз. 15 жыл бұрын халыққа қызмет көрсету орталықтарында тек 30-дан астам ғана мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 667 қызметті құрайды. Олардың көпшілігі, яғни, 651 мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі онлайн форматта «Электрондық үкімет порталы» арқылы қолжетімді. Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу, сөзсіз, бірқатар артықшылықтарға ие. Ең алдымен, ол – қызмет алу үшін үйден немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ, уақытты үнемдей отырып, мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі.

Бұл жетістіктерге қарамастан, бүгінгі таңда әртүрлі ақпараттық жүйелер мен дерекқорларды интеграциялау арқылы бір өтініш қағидаты бойынша композиттік қызметтерді көрсетуге негізделген проактивті мемлекет тәсілдерін енгізу – алдағы басым мақсат.

Яғни, мемлекет өз халқының қажеттіліктерін күні бұрын біліп, түсініп, олардың мекемелер мен ұйымдарға барып, табалдырығын тоздыруды қажет етпейтіндей қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшу жұмыстарын жүргізуде.

Мемлекет пен қоғам қатынасының «проактивті, «сервистік» және «азаматтардың сұраныстарына ден қойғыш» басқару нысанына көшу мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсат екендігі баршамызға мәлім.

Бұл орайда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында кездесетін мәселелерді тиімді өзара ақылдаса отырып шешу үшін мемлекеттік аппарат пен халықтың арасында тікелей және кері байланыстың болуы ауадай қажет.

Сол себепті, қандай да бір мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу кезінде қиыншылықтар, «Электрондық үкімет порталы» жүйесінде ақаулар, қажетсіз және негізсіз артық рәсімдер кездесетін болса, оларды шешу жолдары мен оңтайландыру, барынша жеңілдету жөніндегі халық тарапынан ұсыныстарды талдауға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган әрдайым дайын.

Сонымен қатар, қызмет алушыларға мемлекеттік қызмет алу барысында әкімшілік кедергілер (мерзімін бұзу, артық құжаттар талап ету, төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол беру, т.б.) кездескен жағдайда бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне жүгінуді сұраймыз.

Жансерік ЖҮНІС, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы.