Маңызды мәселе қаралды

Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары кезектен тыс ХІІІ сессияда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасқан Ұлытау облысын құру туралы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерген бастамасын бірауыздан қолдады.

Күн тәртібіне «Әкімшілік-аумақтық құрылыстың кейбір мәселелері туралы» мәселе қойылған мандат иелерінің басты жиынына қала әкімі Тілектес Досаев, мемлекеттік мекемелер басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Сессияны жүргізу тізгінін қалалық мәслихаттың хатшысы Зәмзагүл Оспанова ұстады.

Сессия барысында қала басшысы мен депутаттар аталған мәселеніңмаңыздылығына назар аударып, Мемлекет басшысының бастамасына оң көзқарастарын білдірді. Сөз кезегін алғандар Қаражал қаласының жаңадан құрылатын Ұлытау облысының құрамына енуі өңірдің дамуына тың серпін беретінін атап айтты.

Аталған мәселе бойынша бірлескен негіздегі мәслихаттың шешімі мен қала әкімдігінің қаулысы қабылданды. Тұжырымдалған құжаттың орындалуына бақылау жасау қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала, құқық қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марлан Шамбұлов пен қала әкімінің орынбасары Дәурен Жақыповқа жүктелді.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ