Екі мектепке автобус берілді

Республика күні қарсаңында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдегі сегіз мектепке оқушылар тасымалдайтын жаңа автобус табыс етті. Соның екеуі Қаражал қаласындағы № 1 және Жәйрем кентіндегі № 30 метепке бұйырды.

Орайы келгенде айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл облыстық бюджеттен 462 миллион теңге қаржы бөлініп, оқушылар тасымалдайтын 10 автобус сатып алынған болатын. Оның екеуі бұған дейін Жезқазған қаласындағы № 13 жалпы білім беретін мектебі мен Жаңаарқа ауданының Қызылжар стансасындағы жалпы білім беретін мектебіне берілген болатын. Бейсенбі күні өңірімізге осындай тағы сегіз автобус келді. Оқушыларды тасымалдауға арналған көліктерді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен облыстық  мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов мектеп басшыларына салтанатты түрде табыс етті.

Жаңа автобустар Қаражал қаласының № 1, Жәйрем кентінің № 30 мектептеріне, Жаңаарқа ау­да­нының № 1 мектеп-лицейіне, Ұлытау ауданының № 6, № 1 ті­рек-мектептеріне, Сәтбаев қаласының оқушылар сарайына, № 3 «Білім-инновация» лицей-интернатына және Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатына берілді.

Балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында 2024 жы­лы тағы 10 білім беру ошағын осын­дай жаңа автобуспен қамтуға қаражат қарастырылуда.

 Досан ДУЛЫҒАЛЫ.