Еңбекқорлық жас талғамайды

Еңбекқорлық қанмен беріледі, дүниеге келгенде бойыңда қалыптасып тұрады. Ал әрі  қарай  бұл қасиетті дамытып, маңдай теріңмен нан табу не болмаса жоғалтып, берекесіз болу ол адамзат баласының өз қолында.

Бұл өндірісте өркендеп, бір орында тұра алмай, заман ағымына сай өсіп келе жатқан жас жігіттің сөзі. Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері –«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жұмыскері, әншісі, спортшысы, КВНшысы, волонтер  жастардың  басшысы — Жігер Маратұлы Еділбаев болмақ.

29 жастағы азамат Жәйрем кентінде дүниеге келген. Жалпы білім беретін мектепті тәмамдаған соң, Қарағанды қаласындағы политехникалық колледжінің “Автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу” бөлімінде, әрі қарай Карағанды мемлекеттік университетінің “Көлік, көлік техникасы және технологиясы” бөлімінде оқып, үздік дипломын алып шығады.

Асқар тау әкесі Марат Еділбаев пен аяулы анасы Айман Хамиева көзге көрінген балаларын тек адалдыққа, еңбекқорлыққа, өнерге баулып өсірді. Өкінішке орай, Марат Еділбайұлы әлем болып дүрліккен пандемия кеселі кезінде өмірден ерте озды. Жәйрем комбинатының бетке ұстар, білікті және белсенді маманы болды. Өндірістегі қоғамдық жұмыстардың алдыңғы легінде жүріп, өндіріс пен өнерді қатар алып жүре беретін сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын. «Сырт  көз сыншы» демекші, сыртынан қарап отырып, әке бойындағы көптеген қасиеттер басқа балаларынан гөрі осы Жігерге берілген сыңайлы деп ойланамыз. Әке жүрген жолмен жүріп келе жатқан Жігер Маратұлы, әке салған әнді де салады, әке берген ақылмен ойланды.

Жоғарғы оқу орнынан нан табар қағазын алып келген соң, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ «Батыс» кенішіне «Жабдыққа қызмет көрсету бойынша электрослесарь» болып жұмысқа орналасады. «Жоғарғы оқу орнын үздік бітіріп келдім, қолымда қос дипломым бар» деместен бірден қара жұмысқа араласқан жас жігіт өндірістің қыр-сырына барынша сүңги білді. Нұрлан Балтабаев есімді азаматтың қол астына келіп, көп шаруаны сол кісіден үйренді. Өндірістегі өр мінезі мен өжет қимылына қарап, комбинаттың бас механигі Сабыржан Саменовтың шақыртуымен техникалық диагностика учаскесіне бұзбай бақылау маманы болып жұмыс жасауға кіріседі.

-Бұл мамандық «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да бұрын болмаған, алғаш бұл мамандықты қолға алып, Ержан Тұрсынов есімді азаматтың басшылығымен бастадық, — деп бастаған әңгімесін Жігер Маратұлы әрі қарай былай деп жалғастырды: — Жаңа мамандық болған соң көп оқуды және жаңа айла-тәсілдерді талап ететіні белгілі. Елордамыз Астанадан “Маман” білім орталығынан кәсіби курстан өтіп келіп, жаңадан бұрын-соңды таныс болмаған құрылғылар алып солармен жұмыс істедім. Жаңа Полиметалл байыту фабрикасының құрылысы жүріп, соның жабдықтарын тексере отырып алғаш іске қосылуына атсалыстым. Майдалауыш диірмендердің дірілін бақылау, сорғы агрегаттарын туралау, ұсақтағыштардың тістерінің тозуын бақылау тәрізді қызықты жұмыстармен кездестім. Жұмыс қыза түсіп жұмыстағы жігіттермен жаңа бағыт іздеу мақсатымен тәжірибе алмасуға Өскемен қаласына бардық. Өскемен қаласында біздің мамандық бойынша көп жылдық тәжірибелі мамандар бар. Солардың нұсқауымен Ресей Федерациясындағы Санкт-Петербург қаласындағы ВАСТ ассоциациясында “Вибрационный мониторинг и диагностика машин и оборудования” тақырыбында білімімізді арттырып СД-21 және СД-23 құрылғыларымен жұмыс істеу және “Dream” компьютерлік бағдарламасымен жұмыс істеуді үйреніп қайттық. Елге келіп, жұмысымызға кіріскен соң барлық жабдықтарға мониторинг жасай бастадық. Бөлшектердің тозу уақытын анықтап-бақылап ауыстыру және жөндеу уақытын алдын ала жоспарладық. Осындай жұмыстардан кейін жабдықтар күтпеген тұстан бұзылуы азайып, өндірістің тоқтауы тиылды.

Тозығы жетіп қалған, жөндеу жұмыстарын талап етіп тұрған тұстарды алдын ала анықтау арқасында, жоспарлы жөндеу жұмыстарында бағыт-бағдар беріп отырамыз. Алматы қаласында мемлекеттік “Ядролық физика институтында” біліктілігімізді арттыруға Визуалды өлшемді бақылау және ультрадыбыстық сынау тақырыбында курс сабақтарынан өтіп білімімізді шыңдадық.

Осы күні әр бөлшектің дұрыс және барынша жұмыс істеуін бақылау, мезгілінен ерте немесе кеш жөндеу және ауысуын болдырмау үшін барымызды салып қызмет етудеміз. Бұл жұмыс бағыты «Казцинк» компаниясына өзіндік экономикалық үлкен пайда әкелуде. Мен ол үшін өте қуаныштымын. Себебі, біздің оқыған-тоқығанымыздың бұл керемет нәтижесі болып саналады.

Марқұм әкем «Жәйрем кен байыту комбинаты»АҚ-ның Темір жол цехында ДЭПО басшысы болды. Анам — жеке кәсіпкер. Өздерінің еңбексүйгіштігін бойымызға барынша дарыта білді. Ата-анамның тұңғыштары, ағам Асқар Еділбаев Полиметалл байыту фабрикасында механик болып еңбек етсе, екінші ағам Нұрқас  Еділбаев №10 жалпы білім беретін  мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді, бокстан тренер. Отбасымыздың еркесі, үйіміздің жалғыз гүлі, қарындасым — Қызғалдақ тұрмыста. Жолдасы Дархан Түскенов көліктер цехында жұмыс істейді. Өзімнің өмірлік жарым Айдана Елкенова комбинатта экономист болып  еңбек етеді. Екі балам бар.

Болашағымыз алда! «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ мен кентіміздің дамуына үлесімді бар ықыласыммен қосуға тырысамын. Өндірістен қол босай бермейді. Дегенмен, уақыт тауып өзімді өнерде де, спортта да көргім келеді. Кәсіподақ ұйымы ұйымдастыратын түрлі ән байқауларына қатысып, талай рет жүлделі орындарды қанжығаға байлап қайттым. Комбинатішілік болатын Көңілді тапқырлар ойындарының да белді ойыншысымын.

Сонымен қатар, Кәсіподақ ұйымы жанынан комбинат жұмыскерлерінен жасақталған «Өндіріс волонтерлары» тобының мүшесімін. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Жастар кеңесінің төрағасымын.

Үйдің кенжесі болғандықтан, қара шаңырақта анаммен, отбасыммен тұрамын. Қолда бау-бақша бар. Мал шаруашылығымен айналысамын. Жазда жылқы, сиыр сауып, қымыз, айран ішіп, қаймақ, май, құрт, ірімшік деген дәруменге бай сүт өнімдерін үйден жасаймыз. Ия, мен барлық саладамын, барлық жұмыстамын. Әрине, уақыт кейде жетпей жатады.  Алайда, шынайы ниеттеніп, аянбай еңбек етсең бәріне де үлгересің. Ол үшін, еңбектен, еңбектен тағы еңбектен! Адал еңбегіңнің арқасында тамаша өмір сүруге әбден болады. Оның үстіне «Казцинк» компаниясы да жастардың дамуына бар мүмкіндікті беріп отыр. Олай болса, неге еңбектенбеске?! – деп әңгімесін аяқтады.

Аянбай еңбек етуге, әр бағытта жұмыс істеуге шақырып отырған Жігер Маратұлының өндірістегі беделі мен адал еңбегі шексіз. Адамның еңбегімен қоса еңбек адамын да бағалай білейік!

Компания берген мүмкіндікті де оңтайлы пайдалана біліп, шетелдерге барып, біліктілігін арттырып, заманауи қондырғылардың құлағында ойнайтын, жай ғана ойнамай, бұзбай бақылайтын еңбек адамына, яғни, Жігер Маратұлына біз толағай табыс, орасан зор денсаулық, қажымас қайрат пен талмас талап тілейміз.

Гауһар НАСЫРИТДИНҚЫЗЫ,

«Жәйрем кен байыту

 комбинаты» АҚ

Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.