Әйелдер қазіргі уақытта ер адамның меңгерген барлық мамандығын толық игерген. Әйелдердің барлық салада белсенділік танытып жатқанына куәміз. Біздің өңірдегі нәзікжандылар да қызмет түрін талғамайды. Қаламыздағы алпауыт өндіріс ошақтарында да ер азаматтармен иық тіресе жұмыс жасап жатқан әйелдерді көреміз. «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінде химиялық зертхана бөлімінде бірнеше қызметкер жұмыс атқарады. Соның бірі Зәмзагүл Аманбайқызы Каримова.
Зәмзагүл Аманбайқызы Қаражал қаласында 1964 жылы 31 қазанда дүниеге келген. 1982 жылы Қаражал қаласының № 1 қазақ орта мектебін бітіріп, Жезқазған қаласының педагогикалық училищесінде тәрбиеші мамандығы бойынша оқуға түскен екен. Жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, Қаражал қаласындағы «Ласточка» балабақшасында еңбек жолын бастады. Кейін балабақша жабылып қалған соң, «Улыбка» балабақшасында жұмыс жасайды. Бірнеше жыл білім жүйесінде қызмет атқарған Зәмзагүл ханым, аяқасты белгілі бір себептермен мамандығын ауыстырады. 2007 жылы «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігіндегі ОТК (техникалық бақылау бөлімі) цехына жұмысқа тұрып, содан бері осы мекемеде 15 жыл бойы ОТК цехында еңбек етіп, кейін химиялық зертханаға ауысып, лаборант қызметін атқарады. – Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжым өте ұйымшыл, бір-бірімізге қолғабыс көрсетіп, көмекке аянбаймыз, — деп Зәмзагүл ханым қысқа қайырды. Сөзге сараң болғанымен, өз міндеті мен ісін жақсы атқарып, еңбегіне адал іңкәр жан екені көрініп-ақ тұр. Зәмзагүл ханым Серік ағамен 40 жылға жуық отасып, 3 бала тәрбиелеп, қызды қияға, ұлды ұяға қондырған жайлары бар. Қызы Жанар № 3 ЖББМ білікті де білімді тарих пәнінің мұғалімі, 3 баланың анасы. Ұлдары Мейіржан мен Жан да отбасылы, сондай-ақ, қаламыздың ірі кәсіпорындарында жұмыс атқарады.
Жалпы әйел адамдардың қоғамдағы рөлі маңызды. Әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы, ошақ қасында ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын-қыстау жылдарында елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ