Кезекті аппарат отырысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков барлық бюджет әкімшілері мен қала және аудан әкімдеріне жыл соңына дейін бюджет қаражатын сапалы, заңға сәйкес игеруді қатаң тапсырды.
Өңір басшысының төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында 2024 жыл бойынша мемлекеттік сатып алулар қорытындылары мен ауыл мектептерін дамыту жайында мәселелер қаралды. Алғашқы мәселе бойынша мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Алмат Әйтенов баяндама жасады.
Өңір басшысы бұл ретте 2025 жылы барлық конкурстың уақытылы және сапалы өтуін міндеттеп, ол үшін штат мәселесінде еш кедергінің жоқтығын алға тартты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай аймақ басшысы ауыл мектептеріндегі оқушылардың қауіпсіз және жайлы жағдайда білім алуын қамтамасыз етуді, оны ұдайы назарда ұстауды тапсырды. Оған қоса, шалғай шағын елдімекендердегі оңтайландыру алдында тұрған білім ошақтарына қатысты мәселені шешу үшін нақты ұсыныстар беру қажеттігін айтты.
Өңір басшысы сондай-ақ, ауылдардағы халық санын арттыруға қатысты Ұлытау облысының әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ерікті қоныс аудару бағдарламасы шеңберінде жұмыстарды күшейтуді, аудан әкімдеріне көшіп келген отбасыларға үй берілуін, тиісті барлық төлемнің төленуін, жұмысқа тұруын бақылауда ұстауды тапсырды.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.