БОЛАШАҚТЫҢ БАҒБАНЫ – БАЛАЛАР ДӘРІГЕРІ

Алла құптар адалдық жолындағы мамандықтың бірі де бірегейі — дәрігерлік екені ақиқат. Сәл басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса да әрдайым бірінші кезекте ақ халаттыларға жүгінетіміз рас. Оның ішінде, жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің, яғни, қоғамның басты байлығы — адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері әрқашан елеулі. Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы деймiз. Сол балдырғандардың денсаулығына қатты мән береміз. Бүгінгі тақырып бала денсаулығының кепілі ақ халатты балалар дәрігері жайында болмақ.

Бүгінгі кейіпкерім нәзікжанды болса да, батылдық пен төзімділікті қажет ететін мамандық иесі, қаламыздың орталық ауруханасының  35 жылға жуық еңбек өтілі бар педиатр-дәрігері Назым Амангелдіқызы Жетімекова.

Назым апай 1964 жылы мамыр айында Жаңаарқа ауданы, Өркендеу ауылында қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. Кейін 1976 жылы осы Қаражал өңірі, Ақтай елдімекеніне қоныс аударып, барлық балалық шақтан бастап, өмір жолы әлі де осы аймақта жалғасып келеді. Назым Амангелдіқызының әкесі Амангелді Тілеубаев ақсақал аймағымыздың қадірлі ақсақалдарының бірі. Өмірін білім саласына арнаған Амангелді ата, Қаражал қаласының Құрметті азаматы. Бүгінде ауылдың ақылшысы, отбасының қамқоршысы. Амангелді ата жұбайы Рахила Құдайбергенқызымен бірге 8 бала тәрбиелеген екен. Сондай-ақ, алтын құрсақты ана, бірнеше жыл кітапханада қызмет жасаған. Жұмыс пен бала тәрбиесін, ошақ басын қатар тізгіндеген ананың тәрбиесімен сусындаған бүгінгі кейіпкерім де осал жан емес. Бала Назым  Қаражал қаласының №1 жалпы білім беретін мектебін 1981 жылы тәмамдаған соң, 1 жылдай Ақтай ауылының №6 орта мектебінде жұмыс атқарады. Алайда, жанына жақын мамандықты аңсаған жас қыз арман жетегіне еріп, 1982 жылы Қарағанды медициналық университетіне оқуға түсіп, қалаған мамандығын, яғни педиатрия саласын 1989 жылы тәмамдайды. Дәл сол жылы еңбек жолы қалалық орталық аурухананың педиатрия бөлімінен бастау алады. Аттай 34 жыл еңбек өтілі бар дәрігердің өз ісіне деген сүйіспеншілігі, құрметі мен адалдығы ұшан-теңіз десек артық емес. Осы 34 жыл ішіндегі Назым апайдың еңбегі ерен. Әлбетте, осы күнге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Министрлердің Құрмет грамотасынан бастап, облыс әкімі, қала әкімі, жергілікті биліктің де жылда құрметіне бөленіп жүрген мықты мамандардың бірі. Сондай-ақ, аймағымызда жылда дәстүрлі түрде өтіп жүрген «Ару ғұмыр» байқауының «Шипалы алақан-2022» номинациясының иегері.

Назым апайдың отбасына келер болсақ, 1984 жылы өзінің жерлесі Ақтай ауылының тумасы Смағұлов Ахмет ағамен шаңырақ көтерген.

Ахмет ағаның еңбек жолы Ақтай карьерінен бастау алған. Қазір зейнеткер. Үш балаға тәлім-тәрбие берген ата-ана, бүгінгі таңда үш немеренің бақытты ата-әжесі. Тұңғыштары Толқынай қазіргі таңда Түркия елінде қызмет атқарады. Ал Олжас «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінде білікті маман. Кенжелері Жалғас Алматы қаласындағы КИМЭП университетінің 2 курс студенті.

Өз ісінің білікті маманы Назым Амангелдіқызы медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай еңбек жолында өзімен бірге қызметтес болған барлық ұжымы жайлы бірер сөз қозғады.

— Еңбек жолымды осы дәрігерліктен бастау алғаныма еш өкінбеймін. Тіпті, басқа мамандық иесі атану ешқашан ойыма да келмепті. Қаншама мықты, білікті мамандармен жұмыс атқардым. Әсіресе Сәлима Хасенқызы, жақында өмірден озған Роза Елемесқызынан үйренгенім көп болды. Қазір де өте жақсы жандармен жұмыс жасап келеміз. Марқұм Гүлсара Омарова атты өз ісінің хас маманы, майталман мейірбикеміз болған еді. Бүгінгі таңда Кенжегүл, Гүлназия атты білікті мейірбикелеріммен бірге жұмыс атқарудамыз. Ұжымым өте ұйымшыл, жауапкершілігі жоғары, нағыз маман иелері. Осы орайда ұжымдастарымды алдағы кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Иә, дәрігер мамандығы қашан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, жұмысың балғын балақайлармен байланысты болса, тіпті, оңай болмасы анық. Кішкентайлардың ауырған жерін анықтау, дертіне шипа табу аса ұқыптылықты қажет етеді. Баланың саулығы – бұл біздің басты мақсатымыз. Сондықтан, осы кәсіби мерекені пайдалана отырып, құрметті Асан Құлтайұлы басшымыз бастаған қызметтестеріме мықты денсаулық пен төзімділік, сондай-ақ, жұмыстарында табысты болуына тілектеспін, — деп ақ халатты кейіпкерім сөзін аяқтады.

Расымен, сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу үшін байқампаз, қырағылық қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал, өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. Назым Амангелдіқызы мен ұжымына өз ісіне адалдығы және тиімді нәтижесі үшін алғыс айтамыз. Сондай-ақ, барлық ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтағымыз келеді.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ