ӘКЕ ДЕГЕН ҰЛЫ ҰҒЫМ

Маусымның үшінші жексенбісі «Әкелер күні» мерекесі болып белгіленді. Қазақстан Республикасында отбасылық құндылықтарды нығайтуға, бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлін ілгерілету және отбасының дамуына ықпал ету мақсатында енгізілген.

Бұл мерекенің шығу тарихын білесіз бе? Америкалық бір отбасында Сонора есімді қыз және тағы бес бала болады. Өмірдің қаталдығы шығар,  аналары уақыт өте келе өмірден озады. Сөйтіп балаларды әкесі өзі жеткізеді. Сонора әкесінің өзі үшін қандай ерекше жан екенін, оны қалай жақсы көретінін және бағалайтынын бар әлемнің білгенін қалады. Әкесі балалары  үшін өз өмірін құрбан етуге дайын екеніне көзі жеткен қаршадай қыз Сонора жергілікті билікке барып, жаңа мереке құру туралы ұсыныс жасады. Көп ұзамай бұл мереке әлемнің түкпір-түкпірінде танымал бола бастады.

«Әке» сөзінде өте маңызды мағына бар, онда балалардың сезімдері көп. Бала үшін бұл нағыз үлгі: батыл, күшті және бәрін білетін жан. Қызы үшін -болашақ күйеуін таңдау үшін қорғаныс, қамқор жан. Баланың тұлға болып қалыптасуында әкенің ролі ерекше. Бұл орайда үлгі деп ауыз толтырып айтатындай  Нұрлан Еренғайыпұлы Отарбаев ағамызбен  отбасы жайында ой өрбіттік.

— Құдайға шүкір, Алланың берген  9 балам бар. 5 ұл, 4 қыз. Көбіне балаларды асырау, жетілдіру мақсатында жұмыс бабымен көп жүретін едім. Балаларым көбіне ата-әжелерінің тәрбиесінде болды. Жұбайымның қолдауының арқасында балаларымды мейіріммен өсірдім. Балаларым да өзімді сыйлап, құрметтеп отырады.

— Балаларыңызға қандай әке болдыңыз?

— Баланың бірі тыныш болса, бірі бұзық болып келеді. Әрине, әр баланың ыңғайына қарай ақылымды айтып отырамын. Әке — қателіктері болса  дұрыс жолға бағыттап отыру керек емес пе?  Сондықтан да әке балаға бағыт-бағдар, жол сілтеуші. Түзу жүруге, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешуге үйретуші. Әрі қарай саналы бала өзі ұғынып, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады деп ойлаймын.  Балалардың жеткен әр жетістігіне қуанып, мақтан тұтып отырамын. Жалпы әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбекқорлығының бала тәрбиесіне ықпалы көп деп санаймын, – деді Нұрлан әкеміз.

Әке – ұрпақтың панасы, «бір ауылдың бәйтерегі». Сондықтан,  әкеден алатын тәрбие де салиқалы болмақ.  Мерекелеріңізбен, асқартау әкелер!  Сіздерге тек бақыт, денсаулық тілейміз!

Әйгерім ЕРДЕНҚЫЗЫ,

ҚарУ-дың III курс студенті.