Биыл 4 305 бала, 106 жас маман мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды

Аптаның басында Ұлытау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлытау облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сапура ТӨЛЕКОВА «Жаңа оқу жылына дайындық барысы» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.

Сапура Сейдуәлиқызының айтуынша, облыстың білім беру ұйымдарында алдағы оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Оқу жылы 1 қыркүйекте басталады, оның ұзақтығы 1-сыныптарда 35 аптаны, 2-11 сыныптарда 36 аптаны құрайды. 2022 жылдың 1 қыркүйегінде 1-сыныпқа 4 305 оқушы барады және 106 жас маман жұмысқа кіріседі.

– Қазіргі таңда облыста 87 жалпы орта білім беру ұйымы бар. Оларда 4 000-ға жуық педагог қызмет етеді. Сонымен қатар, 149 мектепалды даярлық тобында 2 927 бала тәрбие алып жатыр.

Дегенмен, мектептерде 158 педагог қажеттілігі туындап отыр. Ең көп қажеттілік – Жезқазған, Сәтбаев қалаларында. Облыс бойынша мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешілеріне, математика, тарих, орыс тілі мен әдебиеті, химия, физика және орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс бар. Қазіргі уақытта мектептер бос жұмыс орындарына конкурстар жариялады, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы өз баяндамасында.

Брифингте өңірдегі арнайы білім беру, кәсіптік білім беру және мектептен тыс білім беру мекемелерінің жайы да кеңінен сөз болды. Мәселен, бүгінгі күні облыста 4 арнайы білім беру ұйымы бар екен. Оның екеуі – облыс орталығында, екеуі – қалалар мен аудандарда. Бұларда жылына мың жарымдай балаға психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметі көрсетеді. Психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинеттерде бір кезеңде 200ден артық балаға қолдау көрсетіледі. Арнайы білім беру мекемелеріндегі педагогтер саны – 39. Мұның сыртында, жалпы орта білім беру ұйымдарындағы 29 арнайы сыныпта – 184 оқушы, 259 инклюзивті сыныпта 380 оқушы білім алуда.

– Ұлытау облысы аумағында 14 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Колледждерде 4 959 студент білім алады. Барлық студенттер контингентінің 65,5%-ын техникалық бағыттағы мамандықта оқитын студенттер құрайды (гуманитарлық мамандықта – 673 студент, қызмет көрсету саласында – 274, медицина саласында – 237, өнер саласында – 192, құрылыс саласында – 174, экономика саласында – 87, ауылшаруашылық саласында – 73). 25 студент инклюзивті білім бағдарламасымен қамтылады.

Биыл 168 студентті жатақханамен қамту көзделіп отыр. Қазіргі таңда қосымша жатақхана салуға қажеттілік жоқ, 3 колледждің жатақханасында жөндеу жұмыстары жүргізіледі (Жезқазған тау-кен және металлургия колледжіне бюджетте қарастырылған, Жезқазған гуманитарлық колледжі мен Жезқазған жоғарғы политехникалық колледжіне қажетті қаражат нақтылауға ұсынылады). Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы педагогтер саны 474-ті құрайды. 2022-2023 оқу жылына жергілікті және республикалық бюджет есебінен сұранысқа ие мамандықтар бойынша 1 723 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Оның 1 443-і жергілікті бюджеттен, 280-і республикалық бюджеттен қаржыландырылады (педагогика – 175, медицина – 145, инженерлік, өңдеу және құрылыс – 950 (оның ішінде 595-і жұмысшы мамандығы), өнер – 174, әлеуметтік қызмет – 29, кәсіпкерлік – 40, АКТ-75, қызмет көрсету – 90, қауіпсіздік – 20, көлік қызметі – 110).

Өңірде жұмыс істейтін 10 қосымша білім беру ұйымында (оқушылар сарайы, оқушылар үйі – 4, музыка, өнер мектептері – 6), 10 397 оқушы (30%) қамтылған. Қосымша білім беру ұйымдарында 301 педагог қызмет етеді, – деді Сапура Төлекова.

Брифингте сондай-ақ, мектептердің дайындығы, жөндеу жұмыстырының барысы да айтылды. Жаңа оқу жылында Жаңаарқа ауданында 464 орындық бір мектеп пайдалануға берілмек. Жалпы, облыс көлемінде 5 мектепте 688,6 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Қаражал қаласындағы №3 және №7 мектептер мен Ұлытау ауданындағы №7 және №10 мектептердегі күрделі жөндеу жұмысы жоспарға сәйкес 25 тамызға дейін аяқталады. Ал, Жезқазғандағы Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейдің күрделі жөндеу жұмысын 31 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Облыстағы мектептердің 45-і орталықтандырылған жүйе арқылы, 58-і автономды жылыту жүйесі арқылы жылытылады екен. Осыған байланысты алдағы жылу беру маусымына қажетті көмірдің мөлшері – 13 202 тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта көмірді тасымалдау бойынша келісімшарттар жасалған.

Сапура Төлекова брифингте облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын және әлеуметтік қолдауды қажет ететін басқа да санаттағы отбасылар жайлы да ақпарат берді. Оның айтуынша, бүгінгі күні өңірде 3 311 оқушы осы санатқа жататыны анықталып, жалпы оқу қоры есебінен 99,2 млн. теңге бөлу жоспарланған. «Биыл жалпы оқу қорын игеруді монетизация арқылы іске асыру қарастырылуда, яғни, қаражат ата-анаға беріледі» деді Сапура Сейдуәлиқызы.

Брифингте белгілі болғанындай, Жезқазған, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа ауданында 18 мектепте оқушыларды тасымалдау қарастырылған. Оның ішінде 4-і келісімшарт арқылы, 14-і білім беру ұйымдарының балансындағы көліктер арқылы жүзеге асырылуда.

Брифинг соңында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сапура Төлекова журналистер тарапынан қойылған сауалдарға байыпты жауап берді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.