Өткен аптаның соңында облыс орталығында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты өңірлік жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ұйымдастырған бұл шуақты мерекеге Қаражал-Жәйрем өңірінен 30 бала қатысып, шырша жанында шаттыққа бөленді.
Жаңа жыл қарсаңында өткен бұл мерекеге өңіріміздің әр аймағынан көп балалы, аз қамтамасыз етілген, ерекше күтімді қажет ететін балалар мен оқуда, спортта жоғары нәтиже көрсетіп жүрген 9-13 жас аралығындағы 200 оқушы қатысты.
Шырша маңындағы шуақты мерекеде облыс әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков балаларға Мемлекет басшысының арнайы жаңа жылдық құттықтауын жеткізді. Салтанатта сондай-ақ, Ұлытау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жаппасова Гүлмира өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
Жаңа жылдық шыршаға арнайы қонақ ретінде қоғам қайраткері, актер, Мемлекет басшысы жеке атап өткен көптеген бірегей қайырымдылық жобалардың авторы, кешегі қазақ палуандары Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың жолын жалғаған Сергей Цырульников қатысып, балаларға спортты насихаттап, өз өнерін көрсетті.
Шырша мерекесіне арналған бағдарламасында иллюзия элементтері мен жаңа жылдық ғажайып ертегі, сиқырлы шоу көрсетілді. Балалар үшін Қазақмэн және Гарри Поттер кейіпкерлері, Жезқазған қаласындағы балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері тамаша көңіл-күй сыйлады.
Барлық балаларға жаңа жылдық сыйлық ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау хаты, «Атамұра» баспасында жарық көрген «Жер әлемінің білімдары» викториналық энциклопедиясы және планшет табысталды.
Облыстық жаңа жылдық шырша мерекесіне өңірлерден келген балалар музейге саяхат жасап, ойын-сауықтыру орталықтарында болды. Сонымен қатар, Ұлытау облысының 5 оқушысы Астана қаласында, «Астана Опера» театрында Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін «Жаңа жыл Республика төрінде» атты республикалық шыршаға қатысатын болды.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.