Қуанышқа кенелткен әкім шыршасы

Жаңа жыл – барша жұрт асыға күтетін, таңғажайып әрі ең көңілді мерекелердің бірі. Әсіресе бала көңілге жағымды, ертегілер әлеміне саяхат жасайтын мейрамға айналғаны жасырын емес. Көптен күткен бұл мереке өткен аптада өңіріміздің мектептерінде, балабақшаларында тойланып жатты. Ауа райы сырлы мінезін қатты желмен көрсетіп, жаңбырлы, қарлы күн болса да, шаттыққа толы бұл мереке бала түгілі ересек адамның көңіл-күйін құлазыта алмады.

Сонымен, өткен аптада қаламыздың мәдени-сауық орталығында өңір басшысы Айқын Елеусізовтың қатысуымен әкім шыршасы өтті. Қаламыздағы №1, 3, 7, 5, 6 жалпы білім беретін мектептерінен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан бас-аяғы 120 бала қатысты. Қала әкімі Айқын Қылышұлы: — Биыл толағай табысқа толы жыл болды. Бүлдіршіндер спорт, мәдениет, білім саласында біраз жетістіктерге жетті. Келер жылға да үмітіміз көп. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын. Ең бастысы денсаулықтарыңыз жақсы болсын. Жаңа жыл жарылқап, ескі жыл есіркесін, — деп балапандарға ақжарма тілегін білдірді.
Алуан түрлі ойыншықтармен безендірілген әсем шыршаның жанынан Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алған балапандар айнала билеп, тақпақтарын жарыса айтты. Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көр­сетті. Мерекелік шара соңында балаларға ойыншықтар мен тәттілер үлестірілді.
Жаңа жыл келгенін білдіруі дәл осы балғын балалық шақтың шы­ңында жүрген бүлдіршіндер арқылы сезінетініміз айқын. Ғажайыптар мен ертегілер әлеміне жылына бір рет саяхаттауға мүмкіндік беретін мейрамдарыңыз, яғни, Жаңа жылдарыңыз құтты болсын. Жаңа жыл әр отбасыға береке мен бірлік, бақыт пен шаттық, тек жақсылығын ала келсін.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ