Депутаттар халықпен бірге

VIII шақырылым депутаттары сайланғаннан бері бірнеше айдың жүзі болып, қаншама шаруа жасалып, қаншама проблема шешілген жылдың да аяқталуына санаулы күндер қалды. Тоғыз ай ішінде кентіміздегі барлық әлеуметтік мәселелерге араласып, халық тарапынан көтерілген сан түрлі мәселелердің оң шешілуіне ықпал еткен «AMANAT» партиясынан сайланған Қаражал қалалық мәслихатының Жәйрем кентіндегі депутаттарына Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов Алғыс хаттар табыстады.

Жалпы, Қаражал-Жәйрем өңірінде Қаражал қалалық мәслихаты депутаттығына «AMANAT» партиясынан 9 депутат, «Ақжол» партиясынан 1 депутат, «Ауыл» партиясынан 1 депутат сайланған. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясынан 2 облыстық мәслихат депутатымыз бар. Осы VIII шақырылымда депутаттар құрылымы барынша өзгеріс алып, биылғы сайлаудан кейін қалалық мәслихат 60 пайыз жаңарды. 7-ші шақырылымдағы депутаттар екі жыл ғана жұмыс істеген. Ал үш жыл бұрынғы депутаттар корпусымен салыстырсақ, құрамның 93 пайызы жаңарған.
Қазіргі құрамның негізі жастар мен әйелдерден тұрады.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумында халық алдындағы жауапкершілік пен уәде туралы: «Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Бүгінгі жиынның символы ретінде Қазақстанның туы бейнеленген депутаттық төсбелгіні бекерге алып отырған жоқпыз. Мұның мағынасы кең. Өткен жылы, партияның съезінде Мемлекет басшысы «Мәслихат депутатының төсбелгісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек» деген еді. Сондықтан, бізге қойылатын талап та аса жоғары болатынын естен шығармайық. Сайлаушылар басқаларға кешіргенді бізге кешірмейді», — деген еді.
Шынымен де халықтың тарапынан бізге қойылатын талап өте жоғары. Олардың талабын біз орындауға міндеттіміз. Себебі, бізді таңдап, қолдап, үкілеп үміттерін артып, сайлап, депутат қылған сол қараша халық.
Келесі бір сөзінде Мәжіліс төрағасы: «Қазір онсыз да қоғамның сұранысы күшейді. Алайда азаматтар бізден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. Олай болса, депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл, әсіресе, мәслихат депутаттарына қатысты. Сіздер – партияның жергілікті жердегі өкілісіздер. Бүкіл өңірлік саясатқа ықпал етесіздер. Сіздердің мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды. Не жағдай болса да, «AMANAT» қайда?» дейді. Оны өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар. Біз осы сынаққа дайын болуымыз керек», — деді.
Үкімет басшысының осы форумда айтқан сөздері біздің депутаттық жұмысымыздың барысында дәлелденді. Шынымен, халық қазір әкімнен емес, бар шаруаны бізден сұрайды және де халық орындалмайтын нәрсені сұрамайды. Олардың сан жылғы армандарының орындалуы бойынша мойнымызға алған жүк жеңіл емес. Қазіргі таңда халық арасында ««AMANAT» қайда?»,- деген сауал жиі кездеседі. Кез келген шешімін таппай жүрген шаруасын аманаттық депутаттарға айтып, көмек сұрап жатады. Партияның мәртебесі үшін, өзіміздің абыройымыз үшін халықтың жан сырына үңіліп, қолдан келген бар көмекті көрсету біздің міндетіміз.
Біз сайланғаннан бергі тоғыз ай ішінде Жәйрем кентінде 40 жыл жөндеу көрмеген көп қабатты үйлердің шатырлары мен жертөлелері Ұлытау облысы әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС және «Жәйремнің дамуы» Корпоративтік Қоры арасындағы өзара ынтымақтастық Меморандумы аясында жөнделіп, халықтың сан жылғы арманы орындалды.
Қыруар шаруа атқаруға тура келді – алдымен ағынды суларды сорып алды, жертөлелерден тау боп үйілген қоқыс шығарылды, содан кейін ғана коммуникациялар ауыстырыла бастады. Қазір үйлерде жылу, су және кәріз желілерінде жаңа құбырлар орнатылған. Қабырғалар боялды, жарық жүргізілді. Терезелер мен жел сорғыштарға торлар қойылды, ал жертөле кіреберістері құлыптары бар темір есіктермен жабылды. Бұл осының алдында болғандай, қоқысты жертөлеге тастамау үшін жасалды. Жақында ғана соңғы үйді қабылдау актісіне қол қойылды.
Ал Мемлекеттік тапсырыс бойынша Жәйрем кенті ішіндегі автокөлік жолдары жөнделіп, аялдамалар орнатылды. Сағырбаев көшесіндегі айналма жол жөнделіп, үлкен домбыра мүсіні қойылса, Металлург көшесіне әдемі шаңырақ мүсіні орнатылды. Жалпы кент ішіндегі балалар алаңдары, спорттық, жаттығу алаңдары, саябақтар мен гүлзарлар жөнделді. Кент ішін көгалдандыруға гүлдер, гүл егетін ыдыстар сатып алынды. Металлург көшесі, 2 орам, 7 орам аулалары абаттандырылды.
Кенттегі бағдаршам және бейнебақылау жүйелері реттеліп, жөнделді. Светодиодты шамдармен көше жарықтары орнатылды.
Сейфуллин көшесіндегі модульдық қазандық жаңартылды, басқа қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Волейбол алаңдары орнатылып, қоқыс контейнерлері сатып алынды.
«Жәйрем Болашақ» КМК гараждарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Рұқсат етілмеген қоқыстар шығарылды.
Қазандықтарда жылу қазандықтары орнатылып, жұмыскерлер демалатын орындар жасалды. Апаттық жағдайлардағы ағаштар кесілді.
Осы жұмыстардың барлығына «аманаттық» депутаттар бақылау жасады.
Қазір жылдың соңы. Мемлекеттік тапсырыспен де, Меморандуммен де жасалған барлық жұмыс аяқталған. Депутаттар қазіргі таңда жылу беру жүйесін бақылап, кезектесе қазандықтарда кезекшілік етуде. Сонымен қатар, келесі жылдың бюджетін талқылап, алдағы жылы атқарылатын жұмыстарды жоспарлауда.
Қазіргі таңда жергілікті билік пен депутаттар және қауымдастық арасында тығыз байланыс орнаған. Халықтың кез келген проблемасына үш жақтап кірісіп, оперативті түрде сапалы шешуге тырысып жатады.
Халық сенім білдірген депутаттар осылайша жұмыс істеп, мәслихат жұмысынан тұрғындар жаңа, тың серпіліс көруде.
Ынтымақтаса жасалған жұмыс нәтижелі болсын!
Жәйрем кенті әкімінің «аманаттық» депутаттарға айтар алғысы таусылмасын.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихат
депутаты.