ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында қаралы əрiптермен жазылған оқиғалары көп, дүрбелеңге толы кезең болды. Бірнеше мəрте айналып соққан ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін қазақтың үштен бірін қынадай қырып тастады. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған зиялылар «халық жауы» атанып, басы байлауға, малы айдауға түсті. Ақыры, «балапан басына, тұрымтай тұсына» күй кешті…
Кəрі тарихтың сарғайған парақтарын ақтарар болсақ небір сұмдықтың куəсі боламыз. Елді аққаңқаға айналдырған ашаршылықтардың қолдан жасалғанын түйсініп, төбе құйқаң шымырлайды. Халық ақсирақ болып, далада аштан қырылып жатқанда қызыл үкімет астықты шет елдерге сатуға шығарғаны туралы деректер енді ғана мəлім болып отыр. Бұған дейін ол жайлы ештеңе айтылмайтын.
Қазақтар «Қужақ» деп атап кеткен Ф.Голощекин Қазақстан Өлкелiк партия комитетiнiң бірінші хатшысы болған тұста «асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен, жұрттың мал-мүлкi тартылып алынғаны мəлім. Малынан айырылған халықтың жағдайы мүлдем нашарлап кетті. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезiнде қазақтар саны 30 пайызға азайса, 1932 жылғы қасақана ұйымдастырылған аштық құрбандары 2 миллионнан асты, ал кейбiр ғалымдар «олардың қатары 3 миллионға жеттi» дегендi айтып жүр. Бұл тарихымыздағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған қасiреттi кезеңдегi көрсеткiштен де асып түседi. Қаншама қандасымыз жанын сақтап қалу үшiн Моңғолия, Қытай, Иран, Ауғанстан аумағына шекара асып, босып кеттi. Сол жолда қаншама адам аштықтан əлсiреп, иен далада көмусiз қалды, ит-құсқа жем болды.
Голощекиннiң қазақ халқын ұлт ретiнде жойып жiберуге бағытталған жымысқы саясатын əшкерелеп, оны тоқтату керектiгiн айтып, орталыққа хабарлама жолдаған Алаш ардақтылары «халық жауы», «бандылық құрылымдар» деп танылып, қуғын-сүргiнге ұшырады. Ақиқатты айтып, қастандықпен жасалып отырған саясаттың бетiн ашқан Тұрар Рысқұлов, Нəзір Төреқұлов, Сəкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов жəне басқа да көптеген Алаш арыстары мен көптеген ұлт қайраткерлерi қуғындалды. Қолына шексiз, шектеусiз билiк берiлген Голощекиннiң қылмысын айыптап, нақты дəлелдер мен деректерге сүйене отырып жазылған «Бесеудiң хаты» аталатын құнды құжатта ел iшiндегi аласапыран жағдай ашық көрсетiлдi.
Белгiлi демограф Мақаш Тəтiмов өз зерттеулерiнде «егер ашаршылық болмағанда, қазiр Қазақстанда қазақтардың саны 25 миллионға, ал дүние жүзiнде 30 миллионға жетер едi» деген болатын.
Қолдан жасалған ашаршылық, жазықсыз жазалаған саяси қуғын-сүргін қазақтардың жартысына жуығын жалмады. Талай жанның өмiрiн қыршынынан қиған нəубет адамзат тағдырындағы аса қатiгездiкпен жасалған ойран болды.
Осылайша, ХХ ғасыр – тарихта қазақтың қаралы ғасыры ретінде таңбаланып қалды.
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ