Қазаққа келін болған нағыз бақыт

Біздің Отанымыз Қазақстан — көп ұлтты мемлекет. Сол ұлттар ашық аспан астында үлкен ынтымақтастықта бейбіт өмір сүруде. Қазақ елінің салт-дәстүрін дәріптеп, барлық атаулы күндерді тиісінше атап өтіп, тіпті қазақ халқының ұлттық тағамдарын пайдаланып, өз ұлтындай құрметтейтін қазақстандық өзге ұлттарға сүйсінеміз. Сондай жандардың бірі, орыс қызы, қазақ келіні, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Техникалық бақылау бөлімінің кен бақылаушысы Наталья Александровна Савина.

 

— Қазаққа келін болған нағыз бақыт, — дейді Наталья Александровна Савина.

-Мен, 1981 жылы Ресей елінің, Рязань облысында дүниеге келген екенмін. Ата-анам қазақстандық болғанмен, сол жылдары уақытша жұмыс бабымен Ресей еліне қоныс аударған екен. Отбасымызда мен үшінші баламын. Алдымда екі ағам және өзімнен кейін сіңілім бар. Мен екі жасқа толғанымда отбасым Қазақстанға қайта оралып, осы Жәйрем кентіне қоныстанады. Мен бауырларыммен бірге №30 жалпы білім беретін мектепте білім алып, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң, Қарағанды көп бейінді политехникалық университетіне оқуға түсіп,  «Ақпараттық бағдарламалар» мамандығын алып шықтым. Қазіргі таңда «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Техникалық бақылау бөлімінде кен бақылаушы болып еңбек етемін.

Үш  ұлым бар. Үлкен ұлым Әмір Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті, Дінмұхамед пен Дінислам балабақша жасында. Балаларымның есімдерін қойған ата-енем. Қазақ отбасында бұл үлкен маңызға ие. Бөлек шаңырақта тұрғанмен, ата-енеммен өте жақсы араласып, тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Барлық салт-жоралғыларды ұстанып, қазақилықты бойыма сіңіріп жүрмін. Жалпы отбасымызбен қазақтың да, орыстың да мерекелерін атап өтеміз. Әртүрлі әдеттер мен дәстүрлер жолдасым екеуміздің ара қатынасымызға ешқандай зиян  етпейді. Ең бастысы – сыйластық.

Жолдасым Нұрғали Жанайдарұлы Ерманов вахталық әдіспен үлкен жүк көлігінің жүргізушісі болып еңбек етеді. Қазақ тілін үйрену соншалықты  қиындық тудырған жоқ. Себебі, қазақ тілін мен орыс тілі тәрізді өзімнің туған тілімдей сезініп, бала кезімізден қазақ тілімен өстік. Қазіргі таңда отбасымда мен қазақтың барлық салт-дәстүрлерін қатаң сақтанамын. Жолдасым вахтаға кеткенде, мен өзім ауысыммен жұмыс істейтін болғандықтан балаларым көбінесе ата-енемнің қолында болады. Сондықтан да, біздің көп уақытымыз үлкен үйде өтеді. Жазда бау-бақша егеміз. Оған қоса мал шаруашылығы тағы бар.  Бала тәрбиесіне де жақсылап көңіл бөлуге тура келеді. Менде кілең ұлдар ғой. Өзімнің ата-анам да қазір мен еңбек ететін Жәйрем комбинатында еңбек еткен. Әкем Савин Александр Алексеевич байыту фабрикасында аға механик болып еңбек етсе, анам Савина Надежда Васильевна комбинаттың қоғамдық тамақтандыру орынында аспазшы болған. Бұл күнде екеуі де зейнетте. Ағам Савин Евгений Александрович пен сіңілім Голубинская Оксана Александровна да Жәйрем комбинатында жұмыс істейді.

Біздің отбасымызда ұлт мәселесі ешқашан қиындық туғызған емес. Қазақ келініне тән барлық міндеттерді сақтауға барынша тырысамын.

Менің ағамның әйелі де, яғни жеңгем қазақ қызы. Оның да біздің отбасында ұлты басқа екені тіптен білінбейді.

Мен қазақ тілінде емін-еркін сөйлеймін. Жолдасыммен де, балаларыммен де, көршілеріммен, әріптестеріммен де қазақ тілінде тілдесеміз. Келін болғаныма биыл 10 жыл толып отыр. Үлкен әулетке түскеніме қуанамын. Қазақтың келіні болған шынымен де керемет екен. Маған қазақтың салт-дәстүрлері қатты ұнайды. Ал бәрінен бұрын, туыстардың көп болғаны жақсы екен. Қазаққа тұрмысқа шығып, Жәйрем кентінің 80 пайызы менің туысым болып шыққаны қуаныш емес пе?! Бізге ең қатты ұнайтын мереке – Наурыз мейрамы. Бұл кезде сүрленген етімізді асып, көжемізді қайнатып, таң атқаннан бауырсағымызды пісіріп, қонақ күтуге әзірленеміз. Қысқасын айтқанда, мен қазақтың бақытты келінімін. Аралас некені сөгетіндерге айтарым, жаман ұлт болмайды, жаман адам болады дер едім. Сондықтан, жаман болмайық, жақсы болу, айналаға сыйлы болу ол өзіміздің қолымызда, — дейді ағынан жарылып.

Ия, орыс қызы қазаққа келін болып, келген жұртының бар салт-дәстүрін сақтап отырғаны өзімізге де, өзгеге де үлгі боларлықтай.

Натальяның ата-енесі де келіндері қазақ болмағанмен, он қазақ келінге бергісіз келін екендігін айтады.

— Біздің ұлттың бар салт-дәстүрін сақтаған, ұлттық тағамдарды қалай тамаша дайындайды. Әр нәресте дүниеге келген сайын шілдехана, азан шақырып ат қою, бесікке салар, тұсау кесер тәрізді барлық жөн-жоралғыны міндетті түрде жасайды. Үлкендерге, яғни,  ата-енеге, қайын аға, қайын апа, абысындарға сәлем салудан да ешқашан жаңылған емес. Жанымызға да, ұлымызға да майдай жағып отырған, тамаша келін Натальямыз, — деп жарыса мақтады.

Керемет. Айналасына да, отбасына да майдай жағып отырған қазақтың орыс келіні Натальямен біз де мақтанамыз. Отбасының ұйытқысы болып, баянды ғұмыр кешсін. Бақытты да, шаттықты да, дана, ана, келін бола берсін!

Елімізде тек тыныштық, бейбітшілік болсын. Халқымыз ынтымақтастықта өмір сүрсін!

 

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ

Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.