Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 78 жыл толып отыр. Біз үшін Жеңіс күнінің маңызы ерекше. Әсіресе, ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді ардақтау – перзенттік борыш. Бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға буынның арқасы.
Осы жолда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп тылда бел жазбай тер төккен жандардың да еңбегі ерлікпен пара-пар болды. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген батырымыз Бауыржан Момышұлының сөзі осы тыл еңбеккерлеріне деген құрметінен туса керек.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Қаражал қалалық мәслихатының Жәйрем кентіндегі бес депутаты да батыр бабаның сол сөзіне сай үлкен іске ұйытқы болды. Олар өз қалталарынан ақша жинап Жәйрем кентіндегі тыл ардагеріне сый-сияпат жасады.
– Бүгінде Жәйрем кентінде кешегі отты жылдарда тылда тынымсыз еңбек етіп, жеңіс сағатының жақындауына өздерінің сүбелі үлестерін қосқан бес ардагері бар. Олардың соңы сексеннің сеңгірінен асса, алды жүздің табалдырығын аттағалы тұр. Біз осы еңбек майталмандарының үйіне барып шама-шарқымызша құрмет көрсеттік, – дейді Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Гауһар Наурызбаева.
Гауһар Насритдинқызының айтуынша халық қалаулылары тыл ардагерлері –Сабила Даукараева, Акулина Лукьянова және Ұя Түсіпбекова шешейлердің иығына мақпал шапан жауып, дастархандарына тәттілер апарып, «AMANAT» партиясының Алғыс хатын табыстады.
Депутаттармен бірге Жәйрем кентіндегі еріктілер тобы да арнайы барып ән-жырдан шашу шашып, тыл ардагерлерінің көңілін бір серпілтті. Әскери киінген өрімдей жас ұл-қыздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, қариялармен бірге би де биледі.
Өздері сайлаған депутаттардың бұл қошеметіне ардагерлер де дән риза болды. Ардагерлер батасын беріп, алғыстарын жаудырды.
– Ел басына күн туғанда, ерлікпен еселі еңбек етіп, халықтың алғысын арқаладық. Осы уақытқа дейін «соғыс жылдарында еңбек еттік, жоқшылық көрдік, жан азабын тарттық» деп кеудемсоқтанып, ешкімге міндетсімейміз. Қара жұмысқа жегілсек те, саналы ғұмырымызды бүгінгі толқынның болашағына сарп еттік. Қазір соның арқасында ешқандай қайғымыз жоқ. Бала-шағаларымыздың қызығына бөленіп отырмыз, – деді олар бір ауыздан.
Ізтай Белгібайұлы