Ағымдағы жылдың 15 ақпанында Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Ауған соғысы ардагерлерінің және қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіттің қатысуымен «Ерлікке тағзым» атты Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлер ескерткішіне гүл қою салтанаты өтті.
Ең әуелі қаһармандардың ерлік рухына бас иіп гүл шоқтарын қою қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейітке және ардагер ағаларға ұсынылды. Гүл шоқтары қойылып болған соң бір минуттық үнсіздік жарияланып, жиналған жұрт қаза болған жауынгерлерді еске алды. Одан соң мәдени-сауық орталығына «Ауған соғысы ардагерлеріне мың тағзым» атты концерттік бағдарламаны тамашалауға бет алды.
«Ауғанның отты жалыны» атты хореографиялық композициямен бастау алған сазды бағдарлама Қаражал қаласының Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, қала әкімінің атынан естелік сыйлықтар табысталуымен жалғасын тапты. Ортаға қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт пен Қаражал қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Қанат Омаровқа сөз кезегі беріліп, ардагерлерді құттықтап, халықтың атынан алғыс-ілтипатын білдірді.
Иә, сұрапыл сұм соғыстан жапа шеккен жандарды қанша құрметтеп көкке көтерсек те көптік етпесі сөзсіз. Мәселен осы Ауған соғысын алар болсақ, Қазақстаннан бұл соғысқа 22000 азамат аттанған болатын. Олардың 924-і қаза тауып, 21-і хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда қазақ жерінде 10000-ға жуық Ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында. Бүгінде Қаражал қаласында Нұрғали Баянов, Ниязбек Базарбаев, Ғалым Бекмағамбетов, Андрей Набокин, Алпысбай Садықов, Серік Игібаев, Думан Өтемісов сынды жауынгер ардагерлеріміз ортамызда. Осы кісілердің ішінен бүгінгі концерттік бағдарламадан соң ардагер Серік Ұзақбайұлы Игібаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
— Мен алғаш соғысқа аттанғанда небәрі 20 жаста ғана едім. Негізі Отан алдындағы борышымызды өтеу үшін ер азамат ретінде әскерге кеткен едік қой. Семей облысы Аягөз қаласына автомобильдік батальонға түстік. Сонда үш ай оқу-жаттығу карантинінде болдық. Одан кейін үш айдан соң жоғарғы әскери кеңестің басшысы келіп ақпан айының жиырма төртінде хабарландыру жасап, Ауған соғысына көмек ретінде интернационалды борышымызды өтеуге баратынымызды мәлімдеді. Әрине, адам болған соң соғыс деген сөздің өзі бойымызға үрей ұялатқаны жасырын емес. Бірақ, «үш күннен соң көрге де үйренеді» деген сөз бар ғой, сол сияқты соғыста жүргеніңді де қабылдауға тура келді. Мен Ауған жеріне барғанда жүргізуші болдым. Онда жанармай тасыдым. Қауіп пен қатер, өлім мен өмірдің ортасында жүрдік десем де болады. Бізге қарсы оқ та атылып жатты, шабуылдар жасалып бақты. Әйтеуір дұшмандар қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Біздің жауынгерлер де осал емес екендерін көрсетіп, беріспей, азаматтық борыштарын намыспен орындады.
Елге оралған кездегі кеудені кернеген қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін
емес. Жолымызды тосып, қарсы алып жатқан халық, журналистер бізді суретке түсіріп жатыр. Осы көріністің барлығы ыстық сезімге бөлеп, туған жердің ауасының өзі тым ғажап көрінген сәттер әлі де естен кеткен емес, — деп тебіреніспен сөзін аяқтады ардагер.
Міне, сұрапыл сұм соғыстың ащы дәмін татып келсе де, ардагерлеріміз ел қатарлы күнін кешіп, адал еңбектерімен отбасын асырап, ортамызда жүрген қарапайым жандар. Әрине, оқ кешіп, туған жерден жырақ жүріп, өз жаны өзіне олжа болған талай сындарлы сәттерді басынан кешудің өзі әлбетте денсаулыққа да, сана-сезімге де өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Дәл осы себепті де ардагерлерімізді ардақтап, ерекше құрметке бөлеп, кез келген мәселелерін шешіп беруге, тілектерін орындауға үкімет те, еріктілер де, кейінгі жасөспірім буын да қолынан келген көмегін аямаса екен деген тілектеміз.
Балшырын АМАНТАЙ