Қаражал қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Өмірлік дағдылар» форумы ата-аналар форумы өтті. 8 мектеп, 2 балабақша және Балалар өнер мектебінің 300-ге жуық ата-аналарының қатысуымен өткен жиынның өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғаны соншалықты, ата- аналар қауымы оны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жөнінде ұсыныс енгізді.
Форумның мақсаты – балаларымызды тәрбиелеу мен оқытуда, әлеуметтендіру мәселелері бойынша білім беру ұйымдары оқушыларының атааналарымен ашық диалог құру. Форум екі бөлімнен тұрды. Біріншісі – ашылу салтанаты спорттық жарыстар (шахмат, дойбы, теннис, қазақтың ұлттық ойыны асық ату), би қойылымдары және Балалар өнер мектебі оқушылары мен ұстаздарының оркестрі өнер көрсетуі.
Алғашқы кезекте мектептер оқушылары мен ұстаздарының жетістіктерін көрсету мақсатында кең көлемді тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Одан әрі секциялық отырыстар өтті. Оның аясында 6 диалог алаңы жұмыс істеді және ата-аналарға 2 тілде жеке кеңестер берілді. Сонымен қатар, тренингтер, мектептегі буллинг, балалар қауіпсіздігі, отбасындағы асыранды бала, үйдегі қарым-қатынас, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері, мектептегі қорғаншылық кеңесінің жұмысы туралы тақырыптар да қамтылды. Диалог алаңдарында ата-аналар белсенділік танытып, өзара пікір алмасты, сұрақтарына жауап алды.
Екінші бөлімде пленарлық мәжіліс өтіп, оның жұмысына қала прокуратурасының прокуроры Бексұлтан Ділдәбекұлы, «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы әлеуметтік сүйемелдеу зертханасының әдіскері Мәдина Сандыбаева және қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Мереке Жұманбаева қатысып, ортақ мәселелер жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Сөз түйінінде форумның аса тартымды әрі мазмұнды сипатта өткенін тағы бір мәрте атап өту артықшылық етпейтін секілді.
Балшырын АМАНТАЙ