Қос мерейтойға арналады

Жәйрем кентінің 50 жылдығына, «Казцинк» компаниясының 25 жылдығына арнап «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы мүшелерінің арасында бірнеше күн қатарынан түрлі сайыстар өткізілді. Сайысты ұйымдастырушы Кәсіподақ ұйымы болса, өткізуші Спорт Федерациясы.

Мерейтойларға арналған сайыстардың алғашқысы жергілікті үш мектеп оқушыларының арасындағы шағын футбол. Футболға әр жас ерекшеліктеріне қарай бас аяғы 54 футболшы бала қатысып, 1-4 сыныптар арасында І орынды № 30 мектеп оқушылары, ІІ орынды № 10 мектеп, ІІІ орынды №11 мектеп иеленсе, 5-7 сыныптар арасында І орынды №11 мектеп оқушылары, ІІ орынды №30 мектеп, ІІІ орынды №10 мектеп алды, 8-11 сыныптар арасында І орын №11 мектеп оқушыларына, ІІ орын №10 мектепке, ІІІ орын № 30 мектепке бұйырды. Барлық жеңімпаздарға дипломдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар берілді.

Футбол алаңындағы балақайлар жарысымен қатар комбинат жұмыскерлері арасында жаяу жүгірушілер эстафетасы (кросс) болып өтті. Қашықтыққа созылған эстафетаға әр цехтан үш жігіт, екі қыз қатысып, нәтижесінде жүлделі І орынды Жөндеу және техникалық күтіп қарау басқармасының, ІІ орынды Техникалық бақылау бөлімінің, ІІІ орынды Полиметалл байыту фабрикасының желаяқтары иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Комбинат жұмыскерлеріне арналған келесі бір жарыс «Ал қанекей, қыздар». Бұрындары карантинге дейін дәстүрлі түрде өтетін өндірістегі нәзік жандылардың жарысына кент тұрғындары түгел жиылды десек те болады. Оған біріншіден бұл аталған сайыстың өте қызықты өтуінде болса, екіншіден халық «Ең белсенді жанкүйерлер» деген номинацияға таласуға келген. Бірнеше сағатқа созылған әдемі тартыста қыздар ептілікке, жылдамдыққа жарысып, нәтижесінде Техникалық бақылау бөлімінің қыздары І орынды, Жөндеу және техникалық күтіп қарау басқармасының қыздары ІІ орынды, Басқарманың қыздары ІІІ орынды иеленді. Нәзікжандылардан құралған команданың ішінде немере бағып жүрген әжелеріміз де болды. Бұл жарыстың жеңімпаздары да ақшалай сыйлық, диплом және кубок иеленді. «Ең белсенді жанкүйерлер» номинациясын «Техсервис» ЖШС командасының жанкүйерлері иеленді. Сонымен қатар, орынға ілікпеген барлық командаларды ынталандыру мақсатында Алыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Қыздар жарысынан кейін комбинаттағы ер-азаматтар арасында «Ал қанекей, жігіттер» жарысы өте жоғары деңгейде өтті. Ауыр салмақты КаМАЗ-вахтовка көліктерінің дөңгелектерін тасымалдап, 72 кг снарядты көтеріп, су толтырылған 60-80-100 кг-дық бөшкелерді көтеріп, стол үстіне қою, 124 кг темір чемодандарды 40 метрге уақытқа тасымалдау, уақытқа ағашты аралап кесу тәрізді күрделі жарыстардың ең қызықтысы, шамамен 16 тонналық трактор көлігін қолмен тартып жүргізу болды. Өндірістің білекті де жүректі жігіттері өздеріне берілген бар тапсырманы шамаларына қарай орындап, ең мықты, ең күшті, ең епті болып Қосалқы көліктер цехының жігіттері танылып, І орынды иеленді. ІІ орынды Басқармадан шыққан жігіттер алса, ІІІ орынды Энергия цехының азаматтары місе тұтты. Жігіттердің бұл сайысында «Ең белсенді жанкүйерлер» номинациясын «Батыс» кенішінен және Басқармадан келген жанкүйерлер тең бөліп алды. Себебі, екі топтың жанкүйерлері де дайындық жағынан тең түсті.

Барлық жарысқа қатысып, жұмыскерлердің өндірістен бір сәт қол үзіп, бос уақыттарын салауатты өмір салтына бағыттауларына куә болған комбинаттың тұрақты даму жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков: — Кентіміздің 50 жылдығы мен «Казцинк» компаниясының 25 жылдығына арнап комбинат жұмыскерлерінің арасында бірнеше күннен түрлі жарыстар өткізілуде. Жұмыс пен үйдің арасында күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген жандардың бір-бірімен кездесіп, ашық-жарқын сөйлесіп, бойларындағы күш-жігерлерін салыстырып, жарыстырып, әзілдесіп, қысқасын айтқанда, өндірісшілердің бір мезгіл көңілдерінің көтерілуіне мұндай жарыстар керек-ақ. Тау-кен саласындағы кеншілер, байытушылар, жүргізушілер, маркшейдерлер, есепшілер бүгін басқа қырларынан танылып жатыр. Жарыс өте көңілді өтуде. Осындай спорттық шаралар ұйымдастырып, өндірісшілердің бастарын бір жерге жинап, татулыққа, бірлікке, ынтымақтастыққа, тұрақтылыққа шақырып жүрген Кәсіподақ ұйымы мен Спорт Федерациясына ризашылығымды білдіремін.

«Ал қанекей, жігіттер» жарысының үш дүркін жеңімпазы болған Қосалқы көліктер цехы командасының капитаны, автокөлік жүргізушісі Рахат Ханафин: Екі жылдай осындай жарыстардың тоқтап қалғаны қиын болып жүрген. Аллаға шүкір, бұрынғы жаймашуақ күндерімізге аман-есен оралып, міне басымыз қайта қосылуда. Мұндай жарыстарда жеңіске жету үшін спортпен күнделікті шұғылдану керек, жаттығу залдарына жиі бару керек. Ал оған бізде барлық жағдай бар. «Казцинк» компаниясы жәйремдіктерге арнап түрлі жаттығу залдарын жабдықтап берген. Қолымыз бос кезінде сол жаттығу залдарына баруға тырысамыз. Бүгінгі жеңіске жетуіміздің де басты себебі осы деп ойлаймын.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.