Армандарым қарапайым

Белгілі ақын Марфуға Айтқожинаның мына бір өлең жолдарына терең үңілейікші: «Зая кетпес адамға еткен еңбек, Істеген жақсылығың алдан шығар! Алдымда адастырмас арман шынар…» Шын мәнінде, өзімізді қоршаған әлемнен ләззат алып, шаттануға болады. Бастысы – көріп, түсініп, сезіне білу. Сонда өмір өзгеше бояумен мың құбылатын болады.

 Жаны жайсаң, жүзі жарқын жан, «Казцинктің» ЕРБ Жәйрем кентіндегі қызметкерлер құрамы жөніндегі қызмет бастығының орынбасары Айнагүл Шайхина соншалықты қарапайым, бірақ тереңге бойлаған ойларымен бөлісті. Жеке өзіме кейіпкеріміздің бұл сөздері қатты әсер етті. Көпшілік қауым да бұл ойларды құптары анық.

Әрқайсымыздың бір-біріне ұқсамайтын асқақ армандарымыз, мақсат-мұраттарымыз бар. Солардың ішінде, қарапайым ғана тіршілік қағидаларын сақтап, аман-сау өмір сүру – бәріміздің тілегіміз.

Айнагүл қазыналы Жәйрем топырағында дүниеге келді. Осында мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Кейін кеңес заманында халық аузында «Нархоз» деп аталатын атақты Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түседі. Қызының алдында беделі биік, қадірі зор, асқар таудай әкесі оның экономист болғанын қалап еді.

– Әкеміз әрдайым балаларының абыройлы болғанын, оқып, жоғары білім алғанын қалады. Біздің алдымызға айқын міндет, биік меже белгіледі. Сол кездері «Нархоз» ең бір беделді институттардың бірі еді, – деп бөлісті Айнагүл Шайхина. – Мен әкемнің арманын жүзеге асыруым керек болды – оның өзінің жоғары білімі болмады, сондықтан да мансабында көтеріле алмады. Жаңадан құрыла бастаған Жәйрем комбинаты үшін үйлер тұрғызған құрылыс компаниясының шаруашылық-өндірістік бөлімінің бастығына дейін ғана өсті. Ол менің өнеркәсіптік экономика факультетіне түскенімді қалаған еді. Бірақ мен басқа мамандықты еңбек ресурстарын басқаруды таңдадым. Экономикаға барған жоқпын, — дейді Айнагүл.

Өзінің таңдауы жайлы Айнагүл Аманжолқызы ешқашан да өкінген емес. Қазіргі өзінің ұжымы Жәйрем кен байыту комбинатына бірнеше жылдан кейін ғана мамандығы бойынша жұмысқа тұрды. 1996-97 жылдар – Кеңес одағының ыдырауы көптеген нәрсеге әсер етті. Кәсіпорындар жабылып қалды. Жәйремде тек жалғыз кен байыту комбинаты қалды. Әуелі әкімдікте әскери есепке алу бөлімінде жұмыс істеді, кейіннен кенттің жылу, сумен қамтамасыз ету, көші-қон және басқа да сұрақтарын шешетін жетекші маман болды. Дәл осы әскери комиссариатта жұмыс істеп жүрген уақытта, өзінің болашақ жарымен, есепке тұруға келген Еркін Шайхинмен танысты.

– Негізі қызық болды, біз бір мектепте оқыдық, кейіннен шамамен бір уақытта Алматыға оқуға аттандық, Еркін политехника институтында оқыды. Бірақ біз бір-бірімізді танымадық, – дейді Айнагүл. – Әкем бізді қатал тәрбиелеген еді, жастардың түрлі отырыстарына және би кештеріне бармадық. Содан болар өз мектебімде оқыған балалардың жартысын білмейтінмін. Алматыда оқыған кездерімізде де каникулға үйге ұшақпен ұшсақ та бір рет те кезікпеппіз. Ол кездері Жәйремде әуежай бар болатын, аты аңызға айналған «кукурузник» ұшатын. Тек оқудан оралғаннан кейін ғана таныстық. Еркін өзінің салмақтылығымен, байсалдылығымен баурап алды. Өзгелер сияқты артық сөз айтпайтын. Сөз салған жігіттер аз болмады, бірақ мен оны таңдадым, — дейді күлімсірей әңгімесін жалғап.

Бір жылдан кейін екеуі шаңырақ құрып, бірден Алматының түбіндегі Отарға аттанады. Сол жерде Еркін келісім-шарт бойынша әскери қызметін өтеді. Жас офицерге сонда қалып, әскери шен бойынша қызметін жалғастыруды ұсынса да, үш жылдан кейін отбасы туған жері Жәйремге қайта оралады. Айнагүлдің жары әскери қызметке дейін де Жәйрем кен байыту комбинатында мастер, кейін марганец байыту фабрикасының бастығы лауазымында болған еді. Білімді, білікті маман болғандықтан, оны бірден өндіріске жұмысқа алады. Алдымен учаске бастығы, артынан Батыс карьерінің (бүгінде Жомарт кеніші деп өзгертілген) бастығы қызметін атқарады. Ал өзі болса үйде бірінен кейін бірі дүниеге келген қос ұлының тәрбиесімен айналысты. Жуырда Еркін Шайхин «Жәйрем КБК» АҚ тау-кен өндірісі жөніндегі атқарушы директор лауазымына тағайындалды.

Айнагүл комбинатқа 2004 жылы келді. Кадрлар қызметінің бастығын оның дәл өздеріне қажетті сала бойынша дипломы қызықтырды. Ол кездері бұл мамандықты бітіргендер сирек кездесетін.

– Алдымен маман, артынан жетекші маман, содан кейін кадрларды іріктеу және жинақтау бойынша сектордың бастығы болдым. Қазіргі лауазымым – қызметкерлер құрамы жөніндегі қызмет бастығының орынбасары, – дейді Айнагүл. – Жұмысымыз өте қызықты. «Казцинктің» келуімен құр босқа қарап отыру деген жоқ. Бір өндірісті екіншісі алмастырып, көп жаңа адамдар келуде, оқыту жүргізіледі, тағылымдама өткізіледі. Компанияның зор үміт күтетін, заманауи жаңа фабрикасы іске қосылды. Еліміздегі құқықтық қарым-қатынас өзгеруде, заң жүйесі дамуда. Цифрландыруға көшудеміз. Бұрын біздің құзырымызда не болған еді? Үш қана қызмет түрі: қабылдау, ауыстыру, жұмыстан босату. Ал қазір қызметкерлер құрамымен жұмыс жүргізетін маман – көп бейінді қызметкер. Бұл дегеніміз жауапкершілік деңгейінің өскені. Заңнаманы біліп, оны қолдану аздық етеді. Компьютерлік бағдарламаны, психологияны жете білу керек. Біз үнемі даму үстіндеміз. Бұл болашағы зор мамандық!

Бүгінде Шайхиндер отбасының үш баласы бар. Өздері өзара қалжыңдап, «бізде 3D» дейді – Диас, Дінмұхаммед және Дина. Үлкен ұлы Диас Қарағанды институтын бітірген, әкесінің жолын қуып, қазір Жомарт кенішінде тау-кен мастері. Екінші ұлы Дінмұхаммед (аса көрнекті қоғам қайраткері Қонаевтың құрметіне қойылған) Астанада Еуразия ұлттық университетін аяқтайды. Мамандығы – басқаруды автоматтандыру. Қызы Дина 12 жаста, 6 сыныпта оқиды және анасына үй шаруасына қолғабыс етеді.  Наурыз мейрамына бірлесіп дәмді наурыз-көже дайындайды. Бұл күні Шайхиндер шаңырағының есігі туыс-туғандар мен дос-жарандардың барлығына ашық, өздері де қонаққа барып, арқа-жарқа боп бір жасап қалады.

– Наурыз – жаңару мейрамы, жылулықтың, молшылықтың, жақсылықтың жаршысы! Бір маусым екіншісімен ауысады. Наурыз-көже дайындаймыз – бұл біздің үйдің бұлжымас дәстүрі. Біраз ғана мейрамдарды атап өтеміз – Жаңа жыл, 8 Наурыз және міндетті түрде Наурыз мейрамы, – деп әңгімелейді Айнагүл. – Ал негізінде, әр күніңді құрметпен шығарып салу керек, әр сәтіңді бағалап, жақындарыңа сыйлық сыйлап, қуанту қажет. Қазір аумалы-төкпелі заман. Киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ… Басымызда баспанамыз, қызметіміз бар – кейде осыны азсынып, қанағаттанбай жатамыз. Ал әлемнің бір бұрышында осы күнге зар болып жүргендер қаншама?! Сондықтан да армандарым қарапайым. Отбасымның аман-сау болғанын қалаймын – бұл ең маңыздысы. Балалар ер жетіп, өздерінің аңсаған мақсаттарына қол жеткізсе. Есіңізде ме, бұрын бір-бірімізді қалай құттықтаушы едік? Дәстүрлі түрде денсаулық, ұзақ өмір тілейтінбіз, бірақ мағынасына терең бойламай жаттанды айтатын едік. Ал қазір осы тілекті айтсақ, шын мәнінде денсаулық тілейміз. Ешкімнің ауырмағанын қалаймын. Сіз бен біз осылайша еркін, үрейсіз, шектеусіз сөйлесіп отырсақ деймін. Біз өмірдің бағасын білеміз. Менің арманым – адамдар өздерінің өмірлерін өздері қиындатпаса. Және барлығы бақытты болса. Бәрі өз қолымызда деп ойлаймын.

Айнагүл Аманжолқызы өзін әр күніне шаттана білетін бақытты адаммын деп санайды. Ол кітапты құмартып оқиды, жан-жануарды жақсы көреді. Бірақ асыл тұқымдыны сатып алмайды, тастанды мысық, күшіктерді асырайды. Әлемді мейірім мен махаббат құтқаратынына сенімді. Әр адам жан-жағына қайырымды болса, әлем де бізге мейірімін төгеді деп санайды.

-Менің армандарым сондай қарапайым, — дейді Айнагүл Аманжолқызы.

Алена ЕРМОЛАЕВА

Фотоларды А.Шайхина ұсынды.