Қариялар – қастерлі қазынамыз

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылғы қаулысымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күні болып бекітілгені белгілі. Содан бері елімізде бұл мереке тұрақты түрде әрі кең мазмұнда аталып өтіп келеді. Шуақты мейрам қарсаңында Қаражал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мереке ЖҰМАНБАЕВАҒА хабарласып, өңірдегі қариялар қауымының қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігі хақында әңгімелескен едік…

– Тәуелсіздік туы желбіреген мерейлі сәттен кейінгі өтпелі кезеңді қиындықпен еңсеріп, ашық аспан астында алаңсыз ғұмыр кешуіміз қазіргі қариялар қауымы – ардақты ардагерлер еңбегінің арқасы екені күмәнсіз. Оларға ыстық ықыласымыз арта түспесе, кемімеуі тиіс. Қазір қала бойынша есепте қанша ардагер бар және қастерлі қазына іспетті жандарға қандай көмек пен қамқорлық көрсетіліп жатыр?

– Әрине, Қарттар күні – қариялардың көңілі бір елең етіп, әдеттегіден де көбірек мейірімге бөленіп, ақ жүректерінен ақ баталарын жаудыра түсетін ерекше сәт қой. Бүгінгі күні қала бойынша 30 еңбек ардагері, 38 тыл еңбеккерлері есепте тұр. Тыл еңбеккерлері мемлекет тарапынан бөлінетін ай сайынғы қаржылай көмекті тұрақты негізде алады. Оның үстіне, қазіргі таңда Үкіметтің, облыс пен қала әкімдіктерінің, облыстық ардагерлер ұйымы тарапынан да тыл еңбеккерлерінің жағдайын басым назарда ұстау жайы қарастырылып, арнайы жоспар бекітілген. Соған сәйкес, аталған санатқа жататын адамдардың тұрмыстық жағдайын зерделеу жұмысы ұйымдастыру – үнемі назарда.

– Мереке Рақымбайқызы, дана халықта «Адам – жасында бір бала, қартайғанда бір бала» деген тамаша теңеу бар. Сол бала көңіл қариялардың бос уақытында бас қосатын, газет-журнал оқып, шахмат, дойбы ойнайтын демалыс орындары бар ма?

– Сауалың өте орынды. Ақсақалдардың қолы бос уақытында жиналып, өзің айтқандай, газет-журнал оқып, шахмат, дойбы ойнауына барынша лайықты орын, әрине, Мәдени-сауық орталығы. Қазіргі таңда жуырда ғана жөндеуден өткен Мәдениет үйінде сондай арнайы орынды ашу қарастырылу үстінде. Бұл қариялардың мерейін өсіретін шешім болары анық.

 – Әңгіме түйіні ретінде нені айтар едіңіз?

– Ұлытау облысы жаңадан құрылғандықтан, ұйымдастыру құжаттарын ретке келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Басқа да мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орната отырып, жастарды патриотизм және отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге арналған іс-шараларды өткізу ұйымдастырылу үстінде. Отанын сүйген, ұлтының жанашыры болып есейген азаматтардан, әрине, елі мен жеріне деген таза пейіл мен үлкен жауапкершілік күтуге әбден болады. «Қарт келсе – асқа, жас келсе – іске» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек.

– Төл мереке құтты болсын! Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұқбаттасқан Балшырын АМАНТАЙ.