Қаражалды қала дейміз

Биыл қазыналы өлке – Қаражал қаласының құрылғанына – 60 жыл. Осыған орай біз газетімізде арнайы айдар ашып, қаламыздың құрылуы мен қалыптасуы, өсіп, өркендеуі жайлы мақалалар топтамасын беруды бастадық. Қаланың жылнамасы ретінде архив құжаттарын сөйлеттік. Көнекөздерді әңгімеге артып, естеліктерімен бөлісіп жатырмыз. Мына бір мақала да сондай игілікті ісіміздің жемісі. Оны Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы «Советтік Қарағанды» газетінің тігіндісінен таптық. Мақала аталмыш басылымның 1962 жылғы 11 желтоқсанындағы №291 санында жарық көріпті. Авторы «Атасурудстрой» басқармасы кадр бөлімінің бастығы – Нәби Аханов деген кісі екен. Қаламыздың сол кездегі болмысын баяндаған мақаланы қаз-қалпында беріп отырмыз.

 «Қазыналы өңір» газетінің редакциясы.

Қаражал тұрған жер бір кезде арқасын аңызақ жалаған нәрсіз де меңіреу алқап болатын. Ол заманда бұл өңірдің қойнауында нендей сыр бар екенін кімдер зерттеп, кім білген. Қазірде осы Қаражал ірі өнеркәсіп орталығына айналып барады. Ол Арқаның алыбы – Қазақстан Магниткасын темір рудасымен қамтамасыз ететін негізгі шикізат базасы болып отыр.

Өткенге көз тастасаң, өрелі өмірімізде туып жатқан талай жаңалықтың, өскендіктің куәсі болады екенсіз. Ия, біздің жасампаз совет адамдарының қолынан не келмейді Тамаша геологтарымыз Қаражал қазынасын ашып, халық кәдесіне, ел игілігіне ұқсатуға жол салды. Бұдан 7-8 жыл бұрын бұл кен алқаптың әр жерінен кен зерттеу партияларының қостары ғана көзге        түсетін болса, қазір мұнда зәулім үйлерден сап түзеген сәнді көшелері бар, жасылдан шапан жамылған аландары бар сұлу поселке пайда болды. Жұрт айтқандай болашақ қала қанатын кен жайып, ұлғая түсуде. Келешек қаланың аймағы қазірдің өзінде үлкен.

Қаражал бұл күнде бірнеше елді пункттердің басын қосады. Әр пункттегі зәулім де сұлу үйлер, жасыл көшелер, кеш болса    самаладай жарқыраған Ильич шамдары қарап тұрсаңыз көз тұндырады. Осындай күн асқан сайын өркені өсіп келе жатқан мекенге сәнді өмір салтанатты тұрмыс орнатуда      коммунизм зергерлері – біздің қаһарман құрылысшыларымыздың  сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Ұлы Коммунистік партиямыздың тарихи шешімдерінен зор жігер алып, бойына қуат біткен         құрылысшыларымыздың ерлік еңбегінің нәтижесінде үстіміздегі жылдың өзінде Қаражал поселкесінде      141 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл жаңа үйлерде жүздеген кеншілер, құрылысшылар, дәрігерлер, инженер-техник қызметкерлер семьялары құтты қоныс жасап, қуанышқа кенелді.

Тұрғын үйлермен қатар көптеген жаңа кәсіпорындар, шахталар, мәдени-тұрмыстық орындар, халық-ағарту мекемелері салынды. Жеті жылдықпен бірге құрылысы басталған Жаңа қала көркі бүгінде кімді болсын сүйсіндірмей қоймайды. Мұнда төрт жыл ішінде бірнеше жаңа көшелер, кварталдар жасалды. Сондай жаңадан пайда болған сәнді көшелердің бірі – Ленин проспектісі.

Осыдан төрт жыл бұрын Қаражалға келіп кеткен       адам қазір сонда қай көшеде, қай үйде болғанын, оның қай жерде екенін таба алмас та еді. Өйткені, поселке қазір ол уақыттағыдан әлде қайда көркейіп, өзгеріп кеткен. Сән түзеген сәулетті үйлердің ауласында асфальт төселіп, ағаш пен бұта отырғызылған, олардың айналасына шарбақтар, отырғыштар орнатылған. Ленин проспектісінің орта кезінен орын алған үш этажды үлкен үй өткен жылы, партиямыздың XXII съезі өтіп жатқан кезде салынып, іске қосылды. Бұл құрылысшылардың жас ұрпаққа тартқан сыйы – он бір жылдық мектептің үйі. Алтын ұя – мектеп қабырғасында бақытты ұландар білім қазынасынан сусындап, коммунизмнің даңқты азаматтары болып тәрбиеленуде. Мектепте оқушыларға тиянақты білім беруге барлық жағдай жасалған. Машинатану, электротехника, биология, физика пәндерінің кабинеттері соны жабдықтармен толықтырылған. Кең де жарық спорт залына қашан келсең де түрлі жаттығулар жасап жүрген балаларды көресің.

Мектеп өмірі қызықты. Мұндағы алуан жаналықтың ұйытқысы – кітапхана. Онда үш мыңнан астам түрлі кітаптар бар. Төрт жүзден аса жас ұлан үзбей кітап алып оқиды. Бұл бір ғана мектеп. Ал поселкеде бұдан басқа тағы да бір он бір жылдық мектеп, сегізжылдық үш мектеп, бірнеше бастауыш мектеп жұмыс істейді. Жұмысшы жастар үшін де екі кешкі мектеп ұйымдастырылған. Құрылысшыларға арналған техникум, жас жеткіншекті өнерге баулу үшін ашылған музыкалық училище және бар.

Поселкеде мәдени-ағарту жұмыстарының ошағы болып отырған бір мәдениет Сарайы, төрт клуб, жеті кітапхана жұмыс істейді. Бұған қоса шахталар мен құрылыс орындары жанында 24 қызыл мүйіс барын да айта кету қажет.

Халық арасында небір талант бар ғой. Оның ішінен бал таңдай әншіні де, домбыра құлағында ойнаған күйшіні де, қимылы көз сүйсіндірер бишіні де табасыз. Осы өршіл өнерпаздар түрлі үйірмелерде бас қосып, игілікті іс жүргізуде. Қаражал тұрғындары, әсіресе құрылысшылардың Мәдениет үйі жанында ұйымдастырылған халықтық филармонияны зор мақтан етеді.

Филармония артистері поселке халқына және көршілес Жаңаарқа ауданының еңбекшілеріне талай рет тартымды да қызықты концерт қойып берді. Осыған орай еңбек адамдарының үлкен алғысына ие болып, құрметіне бөленді. Біздің өнерпаздарымыз көмірлі Қарағандыда да болған. Онда да осындай сый-құрмет көрді.

Қаражалдың келешегі зор. Алдағы уақытта біздегі кен құрылысы онан әрі дами түспек. Солай болады да. Өйткені құрылыс тағдыры сенімді адамдардың қолында. Әсіресе партияның шақыруымен, жүрек қалауымен бізге келіп еңбек етіп жүрген жастарға шексіз риза боласың.

Әрине, тек өнеркәсіптік қана емес, мәдени-тұрмыстық, тұрғын үй құрылысы да өріс алмақ. Енді көп кешікпей 500 орындық кинотеатры үлкен аурухана, 12 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Ел игілігі жолында ерлік еңбек етіп жүрген игі жақсыларымыздың, шамшырақтарымыздың қатары барған сайын толыға түсуде. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, экскаватор машинисінің көмекшісі Кәріғүл Шайдаров, сыршылар бригадасының бригадирі Нина Чистякова, тас қалаушы Шаймерден Сәліменов, балташылар бригадасының жетекшісі Изан Опришко, кең бұрғылау мастері Әбдікәрім Мақаев, мұғалім Ермекбай Жүнісов, дәрігер Ольга Самурина, тағы басқа өреңдеріміздің есімі Қаражал поселкесі еңбекшілеріне жақсы таныс, әрі құрметті.

Таяудағы үш-төрт жыл ішінде көздеп отырған нысанамыз үлкен. Ең алдымен жылдық қуаты екі жарым миллион тонналық № 1 шахта іске қосылмақ. Бұл аса ірі кәсіпорындардың бірі. Оны желдету үшін қосымша № 2 шахта салынады. Қазір бұл екі шахтаның құрылысы қызу жүріп жатыр. Тағы бір күрделі міндет – Қаражал байыту фабрикасын салып, оны 1965 жылы іске қосу. Алға қойған бұл мақсаттарымыздың ойдағыдай жүзеге асатыны сөзсіз. Өйткені оған жоғарыда атап өткен қадірменді адамдарымыздың бүгінгі еселі еңбегі, бүкіл поселке жұмысшыларының қажырлы қимылы куә.

Қаражал әлі поселке. Бірақ, жергілікті тұрғыңдар өз мекенін қазірдің өзінде қала деп атайды. Бір кездегі жапан далаға сәнді өмір орнатқан

жасампаз адамдардың өздерінің қол жеткен табыстарын мақтан ете отырып, қанатын кең жайып келе жатқан поселкесін қала деп атауы орынды да ғой.

Нәби АХАНОВ,

«Атасурудстрой» басқармасы кадр бөлімінің бастығы.

(«Советтік Қарағанды». 1962 ж. 11 декабрь (№ 291). 3 б.)