Қалам ұстағандар – халықтың өз өкілі

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі – жалпы бұқара қауымның мейрамы. Дəл осылай тұжырымдаудың еш сөкеттігі жоқ секілді. Себебі, қолынан қаламын тастамайтын, жұртшылыққа қоғамның тыныс-тіршілігі туралы жедел ақпарат таратуға машықтанған жандар – халықтың өз өкілдері.

Бұқаралық ақпарат құралдары – ақпаратты жинау, өңдеу жəне тарату жұмысы. Журналистер қызмет атқаратын түрлі меншік түріндегі ақпарат құралдары, сөздің шынайы мағынасында, халық айнасы.Баспа ісінің дүниеге келуіне де тікелей септігін тигізген сала – журналистика ғылымы.

Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолына түскен қазіргі уақытта бейресми түрде «төртінші билік» атанған журналистер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны белгілі. Олардың алдында жұртшылық санасына сергектік дарытып, ел бірлігін нығайту міндеті тұр. Отандық БАҚ осынау аса қастерлі міндетті абыроймен атқарып шығарына күмəн келтіруге болмайды. Себебі, журналистика – қоғамның жаңаруы мен дамуына ықпал ететін қуатты күш.

Өз басым бұл саланың маңыздылығын қалалық «Қазыналы өңір» газеті редакциясына тəжірибеден өтуге келген аз ғана мерзімде айқын сезіндім. Қайталанып отыратын қайнаған тірлік көп жағдайға «көзімді ашты», қалам қарымын ширата түсті.Əсіресе, басылым құрылтайшысы əрі директор-бас редакторы, өз ісінің кəсіби шебері Ахат аға Құрмансейітовтен үйренгенім аз емес. Ақпарат майданында тынымсыз əрекеттенуді мұрат тұтқан əріптестер – Ізтай Бейсенбаев, АйгүлБайпелова, Гауһар Наурызбаева, Жазира Сейдғабиқызы, Балшырын Амантайдан «ілгенім» де көп.Бірлігі жарасқан осынау шығармашыл ұжымның оқырманға ұсынары, сол арқылы қоғамға берері əлі де мол екені анық.

Түйіндей келгенде, Алаш қайраткері Міржақып Дулатов айтқандай, «Баспасөзі мықты ел – мықты».

 Əйгерім АРМИЯ,

ҚарУ-дың 2 курс студенті.