Алғыс сезім

Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаевқа

Танығанша атыңды пақыр ғалам,

Көрмеп еді затыңды соқыр қалам.

Елу сегіз жыл өткенде, көрсетті-ау бір,

Ұлтын сүйген ақылды, батыр балаң.

 

Бастағанда сен Абай мүсінінен,

«Не болар деп арты енді?» күрсініп ем.

Орындалып жатқандай ойдағыдай,

Атыңды айтар, өйткені, сүйсініп ел.

 

Сан естіп ем «мақтауды сүймейді» деп,

«Іс атқарар кезінде күлмейді» деп.

Естіп едім тағы да оған қоса,

«Етжақындық, туыстық жүрмейді» деп.

 

Қырық жасқа келгенде, Қаражалым,

Тілеп жазғам сұрыңның жаңарғанын.

Күмәні де көп еді тұрғын елдің,

Орындалды уа, елім ақ арманың!

 

Асфальт түсті көшеме көптен күткен,

Көреген ең, бауырым, өзің неткен!

Қарымтасы қайтқандай сезінемін,

Өткен күнде, дариға-ай, есем кеткен!

 

Көрмегендер сөзіме сене алар ма,

Перзент пейіл жетер ме саналарға?

Көшесінде мал кезген шөл даланы,

Айналдырды десем мен гүл қалаға.

 

Алғыс айтпау мұндайда пендешілік,

Көре алмаған күйінер іштен тынып.

Жаны ізгі, пейілі түзу жандар,

Ризалықпен мойындар ізет қылып.

 

Оралды Қаражалдың гүл келбеті,

Тарқады бойындағы жылдар дерті.

Бағалайық, сақтайық төккен терін –

Жасап берген қазақтың бір перзенті.

 

Самаладай жарқырар көше шамы,

Атқандайын көрінер «түннің таңы».

Көше сайын салынған ойын алаң,

Тартады бауырына бар баланы.

 

«Соғыстан қалған ба?» дер

тосын көрген,

Құтылдық қаңыраған бос үйлерден.

Келбеті үйлерімнің көз тартады,

Тәуелсіздік таңындай рең берген.

 

Болғанмен көшелерде көлік жолы,

Болады деп ұқпаппыз адам жолы.

Ал, бүгінде рахатын көріп жүрген

Қаражалдық тұрғындар білер оны.

 

Қаражалдың халқына жан кіргендей,

Ерекше реңде бір таң кіргендей.

«Жақсының жақсылығын айт,

нұры тассын»,

Жұртына Қаражалдың дегізгендей.

Пай, пай, пай, мына сурет ырғағын-ай,

Ананың сырып ойған сырмағындай.

Саябақтар өзгеше өрнектеліп,

Сөйлейді шынайы ақын жырларындай.

 

Көз тартады қызғалдақ шақырымнан,

Еңбектенсең бау өнер тақырыңнан.

Отыз жылдық жоспарды бес-ақ жылда,

Үлгі алыңдар атқарған батыр ұлдан.

 

Қаражал гүлге оранып тербетілген,

Оқимын жыр жолдарын келбетіңнен.

Хас шебер бар өнерін сарқып салған,

Көрінер ғажап пейзаж сәулетіңнен.

 

Тәуелсіздік мұнара бой көтерген,

Секілді бәйтеректей көк тіреген.

Қала халқы ырымдап, тілек еткен –

Бағы дайын сезінер көкке өрлеген.

 

Су ағады байырғы қалыбында, –

Деп қуанар Ақтайдың халқы мына.

Жауыр қылған неше жыл ағымында,

Жөнге келді жиырма сегіз шақырым да.

 

Жорыма жоқты жұртым жамандыққа,

Салынар қалаға ортақ қазандық та.

Суына да «Қылыштың» шомылармыз,

Болсын тек, текті ұлымыз амандықта

 

Мақтау емес, ісіңді жақтағаным –

Аманатын еліңнің  ақтағаның.

Тұғырлы ел тұғырдан таймас деймін,

Өзіңдей ұлы барда мақтана алатын.

 

Алғысына бөлендің әз халқыңның,

Тек еңбегі шығарар атын ұлдың.

Атқа қонған қазақтың әр баласы,

Қамын жесін дәл сендей өз ұлтының.

 

***

 

Алпысың құтты болсын, Қаражалым,

Қаражалым – шоқтығы дара жалым.

Мерейленіп тойыңа жыр арнадым,

Білгенімше сен жайлы сараладым.

 

Керуен көші сен тартқан тарқамайды,

Ел ертеңі – жас ұрпақ қайталайды.

Бейбіт елдің бесігі тербетіліп,

Ақ таңдары мәңгілік арайлайды.

 

Түзулігі түтіннің – ұрпаққа сын,

Бөленерсің алда сан алғысқа мың.

Мерейлі тойларыңды шаттық күйде

Тойлай берсін ұрпағың келтірмей мін!

 

Жарқынбай ЖЕТІМЕК,

Қаражал қаласының

 Құрметті азаматы.