Биыл Жәйрем кентінің құрылғанына 50 жыл толып отыр. Жаңа құрылған облысымыздағы өндірісті өңірдің мерейтойы қарсаңында біз кент әкімі Қайрат Жансағымовқа хабарласып, торқалы тойға әзірліктің жай-жапсары жайлы сұраған едік. Әрине, әкіммен әңгіме барысында кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігі де тілге тиек болды…
– Қайрат Амангелдіұлы, әңгімені өзіңіз басшылық етіп отырған кенттің жарты ғасырлық мерейтойынан бастасақ. 50 жылдыққа орай өңірде қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?
– Қазақта «Той атымен тон тігіледі» деген әдемі сөз бар. Кентте бұған дейін де атқарылып жатқан жұмыс аз емес еді, торқалы той қарсаңында тіпті қыза түсті. Жәйремнің сәнін келтіріп, заман талабына сай көркейту мақсатында біраз жобалар қолға алынды. Алдымен жол жөндеуді қолға алдық. Бүгінгі таңда кенттің көптеген көшелеріндегі жолдар жаңғыртылуда. Мұның сыртында ойын алаңдары, демалыс алаңдары жаңғыртылып, көшелер жарықтандырылып жатыр.
Жалпы, Жәйрем кенті қазір өсіп-өркендеу үстінде. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы өңірімізде Қазақстан бойынша үлкен полиметалл фобрикасы іске қосылды. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, өндіріс «түймесін» басып, іске қосты. Бұл, кентіміздің екінші тынысын ашты. Қазір кенттің де, елдің де ажары кіріп қалды.
Осы қуаныш бар және кентіміздің жарты ғасырлық мерейтойы бар, екеуін қосып үлкен мереке ретінде атап өтуді қолға алдық. Бұған елдің өзі ынталы. Екі жылдан бері пандемия әсерінен көңілі пәс тартқан халықтың көңілін осылай көтергіміз келді. Сөйтіп, көктем шыға тойға дайындықты бастап кеттік.
– Осы жұмыстарды тарқатып айтып өтсеңіз…
– Ең әуелі, мерейтойды атап өтуге байланысты нақты жұмыс жоспарын түздік. Оны бекітіп алып, іске кірістік. Сәуір айында кентіміздегі мәдени-сауық орталығында арнайы музей аштық. Оған кент тарихынан, өндірісі мен өсіп-өркендеу жолдарынан мағлұмат беретін жәдігерлер жинақталды. Әрине, елді мекенді құрып, қалыптастырған тұлғаларға да мұражайдан арнайы орын берілді. Музейді кент тұрғындары мен қонақтары, әсіресе, жас жеткіншектер қызыға тамашалауда.
Кенттің 50 жылдығына орай спорт жарыстары, түрлі додалар, байрақты бәсекелер өтіп жатыр. Мысалы, бокстан облыстық жарыс өтті. Оған еліміздегі былғары қолғап шеберлерінің бірі де бірегейі Біржан Жақыпов келіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Дәл осындай байрақты бәсеке дзюдо күресінен де өтті. Оған ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дүйсен Тәжікеев қатысып, жарыстың тұсауын кесті. Мерейтойға орай, басқа да спорт сайыстары мен өнер байқаулары өтіп жатыр. Олар әлі жалғаса береді.
– Ерте көктемнен бастау алған мәдени-көпшілік шаралар мен спорт жарыстары қашан қортындыланады, яғни, кенттің «туған күнін» тойлау қай күнге белгіленді?
– Кенттің жарты ғасырлық тойы 10 қыркүйекте тойланады деген жоспарымыз бар. Бұл ас ішіп, аяқ босатар той емес. Қазақтың дәстүріне сай, ұлттық ат спорты түрлерімен астасатын той болады. Бұл күні тай жарыс, құнан жарыс, аламан бәйге, балуандар белдесуі өтіп, елдің делебесін қоздырады деп отырмыз. Осылайша, ұлттық ойындарды ұлықтамақпыз. Кешкісін жеңімпаздарды марапаттап, оның соңы үлкен мерекелік концертке ұласады.
– Жақсы екен. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген осы. Десек те, той өтеді, қызығы басылады. Ал елдің әдеттегі тұрмысы мен тіршілігі жалғаса береді. Енді осы жағына ойысайық. Кент тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытында қандай жоспарлар бар?
– Иә, бұл – маңызды әрі күрделі мәселе. Сөз басында айтып өткенімдей, өңірдегі өндіріс өрге басқан сайын, кенттің де келешегіне деген сенім ұлғая түсті. Сырттан жұмыс күштері келе бастады. Бұл өз кезегінде баспанаға деген сұранысты арттырды. Осы тығырықтан шығу үшін біз қолдағы бар барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысып жатырмыз.
Жәйрем кентінде бос тұрған үйлер көп. Қазір біз соларды заңдастырып, құжаттарын әзірлеп, оларды жөндеп, елдің игілігіне беруге жұмыс істеп отырмыз. Бұл жұмыс басталып та кетті. Мысалы, Абай көшесіндегі №11 және №13 үйлердің құжаттарын алдық. Оларды қайыра жаңғыртуға рұқсат та берілді. Соған сәйкес, бұларға жасалынуы тиіс жөндеу жұмыстарының жобалық құжаттары әзірленуде. Сәті түссе, 2023-2024 жылдары бір үйді толығымен қалпына келтіреміз деген ой бар.
Бұл бағытта «Жәйрем полиметалл комбинаты» да қолдау көрсетуге ниетті. Комбинатпен арадағы меморандум бойынша кентте 60 пәтерлі екі үй салуға келісім жасалынды. Бұл үйлер негізінен комбинатта жұмыс істейтін азаматтарға, бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне, медицина мамандары мен жас мамандарға берілмек. Бұл жұмыстар өңірімізге жас мамандардың көптеп келуіне өз ықпалын тигізетін болады.
– Қайрат Амангелдіұлы, кентте денешынықтыру және сауықтыру кешенін салу мәселесі көтеріліп жүр еді. Оның жай-жапсары не болды?
– Иә, ондай ой бар. Бұл мәселе бірер жылдан бері көтеріліп келеді. Жуырда өңірімізге Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы келгенде де осы мәселені күн тәртібіне шығарғанбыз. Мәселені зерделей келе, аймақ басшысы маңызды нысанның құрылысы қуатты құрылымы Жәйремде орналасқан компаниямен жасалатын меморандум шарттарында қарастылатыны жөнінде мәлімдеді. Кейін осы жайтқа орай, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саят Балмағамбетов те келді. Бұйыртса, кешен құрылысы келер жылы басталып қалар деген үмітіміз бар. Ол кент келбетін ажарлы етумен қатар, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын орықтыруға, жастарды тұрақтандыруға да оң ықпалын тигізері сөзсіз.
– Жастарды тұрақтандыру жайлы айтып қалдыңыз. Жалпы, қазір адамдар қалаға құмар. Ауылдық жерлерден жаппай көшіп жатыр. Бұл мәселе сіз басқаратын кентте қалай өзі?
– Кешіріңіз, бұл жерде сіз қателесіп отырсыз. Керісінше, қазір ауыл-аймақтағы халық саны көбейіп келеді. Мысалы, өткен жылғы санақ бойынша Жәйремдегі халықтың саны 10 мың 43 адам еді. Қазір олардың қатары 10 мың 958 адамға жетті. Кеткендерден, келгендер басым. Өсім бар. Қазір жастардың дені ауылда. Бұл, әрине, өндірістің арқасы. Өндіріс бар жерде елдің өзегі талмайды. Өндіріске қажетті мамандықтар мен кентте сұранысқа ие өзге де мамандықтар бойынша оқып келіп жатқан жастар бар. Біздің ендігі міндет – сол жастарға жағдай жасау. Олардың әлеуметтік әлеуетін көтеру. Бос уақыттарының тиімді өтуіне ықпал ету. Осы мақсатта қолдан келгенше әрекеттену үстіндеміз. Кенттің келбетін көркейтіп, жолдарды жөндеп, шағын саябақтар ашып, ойын алаңдарын жасақтап, жаңғыртып, жарықтандырып жатырмыз. Көше тренажерларын орнату – жағымды үрдіс. Біз де аулаларда осындай сауықтыру алаңдарын жасадық. Шағын болса да, футбол алаңын салып, пайдалануға бердік.
– Халық саны артқан сайын әлеуметтік нысандарға сұраныстың артуы – заңдылық. Мектеп, балабақшамен қамтамасыз етілу мәселесі қандай деңгейде?
– Бұл мәселенің өткір тұрғанын жасырмаймын. Мектептеріміз бар. Ал, балабақша – біреу ғана. Кентте 188 орындық бір балабақша толық қуатында жұмыс істейді. Кезекте 70-80 бала тұр. Оларды балабақшамен қамтамасыз ету үшін біз құзырлы орындарға сұраныс жолдап отырмыз.
Мұның сыртында Оқушылар сарайы да керек. Бұл мәселені де көтердік. Қолдау табады деген ойдамыз. Оқушылар үйі болса, балалар түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізер еді…
– Жәйрем ауыл шаруашылығын, оның ішінде, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы ма?
– Жәйрем негізінен өндіріске бейім өңір ғой. Солай бола тұрса да, мұнда ауыл шаруашылығы тәп-тәуір дамып отыр. Кент тұрғындарының қорасында жылқы да, сиыр да, қой да бар. Жаздай соның өнімін алып, қыста сыртқа жібереді. Десек те, ауыл шаруашылығын дамытуға жердің ыңғайы келмейді. Жер жоқ десек те болады. Кентке тиесілі жердің көбі кезінде бізбен іргелес жатқан Түгіскен, Ералиев ауылдарының қарамағына өтіп кеткен. Қазір жерге сұраныс – күрделі мәселе.
– Шағын және орта кәсіпкерліктің жай-күйі қандай? Қазір өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында индустриалды аймақтар құрылып жатыр. Бұл жайында не айта аласыз?
– Бізде бұл жоба тиімді жұмыс істеп тұр. Осы индустриалдық аймақ шеңберінде кентте «Санжар» супермаркеті тұрғындарға төмен бағамен қызмет көрсетіп, тұтынушылар сұранысын қанағаттандырып отыр. «Кәусар» сауда орталығы да халыққа қал-қадерінше қызмет көрсетуде. Әлеуметтік дүкендер де бар. Бұлардың бәрі – шағын және орта бизнестің дамытуы арқасында ашылып жатқан кәсіпкерлік нысандары.
– Ауыл жайлы әңгіме қозғалса, міндетті түрде ауызсу мәселесі қоса жүреді. Жәйрем тұрғындары таза сумен қаншалықты қамтылған?
– Ауызсу мәселесі бізді де біраз алаңдатқан. Биыл бұл мәселе оңтайлы шешімін тапты. Су құбырларын жаңғырту, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы өз нәтижесін берді. Рас, әлі де болса шешімін күткен істер бар. Жуырда өңірімізге келген облыс әкімі су мәселесімен егжей-тегжейлі танысты. Көмектесетінін де айтты. Жалпы, бұл мәселе толық шешімін табатын болады.
– Жайрем – өндірісті өңір. Өндіріс болған соң оның қоршаған ортаға тигізер әсері болады. Кенттегі экологиялық ахуал қандай?
– Бұл бағытта атап айтатындай қауіп төніп тұрған жоқ. Бәрі экологтардың қатаң бақылауында. Біз кен қыртысын қопару жұмыстары кезінде болатын толқынның әсері, ауаны ластауы жайлы үнемі сынамалар сұратып отырамыз. Бұл тұрғыда белгілі шектен асып кетіп жатқан жайттар жоқ.
Рас, Батыс кенішіне жақын орналасқан, ел ауызекі тілде «Ескі Жәйрем» атап кеткен елді мекенде мұндай жағдай орын алып тұратын. Әйтсе де, кеніш қазір заманауи құрылғылар мен қондырғыларды пайдалануға көшкендіктен, қопарылыстың әсері жоқтың қасы. «Ескі Жәйрем» тұрғындарының 90 проценті осы кеніште жұмыс істейді. Өндіріс басшылары өз жұмыскерлеріне залал келтірмеу талабына ерекше көңіл бөледі.
– Соңғы сауал. Өңірде өндірісті дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Өндірісті өркендету – өңірді түлету. Бұл бағытта бізде үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Қазір «Үшқатын» маргенец кенішін ашуға әзірлік жұмыстары жүруде. Мамандар кеніштегі суды сорып, құрғатумен айналысып жатыр. Ол келер жылы жұмысын бастайды деген үміттеміз. Бұл кеніш іске қосылғанда мыңнан астам жұмыс орыны ашылмақ. Қазірдің өзінде жұмыс күші тартылуда. Жұмыс бар, соны істейтін адам жоқ. Кентте жұмыссыздық дегенді ұмыттық. Керісінше, сырттан, іргелес жатқан Жаңаарқа ауданынан, Ералиев ауылынан, Қызылжар станциясынан жұмысшылар шақырып отырмыз. Бұл – кентте халық саны бұрынғыдан да артады деген сөз. «Елге ел қосылса – құт» демей ме дана қазақ. Осылайша, қанатымыз жайылып, құт-берекеміз арта түседі. Міне, 50 жылдыққа біздің таруымыз осындай.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.