Адал еңбектің жарқын үлгісі

Күн сайын көзге көрінбейтін, бірақ, елдің тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды жұмыстарды атқарып жүрген қарапайым еңбек иелері бар. Солардың бірі — «Жәйрем Болашақ» КМК-ның жөндеуші слесарі Ернар Адасов. Оның еңбек жолы — табандылықтың, бейімделудің және адал еңбектің жарқын үлгісі.

Ернар Азаматұлы 1998 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке жақын болып өскен ол мектепті бітірген соң Атырау сервис колледжіне түсіп, 2016 жылы «Аспаз» мамандығын игеріп шығады.

Қолына диплом алған жас маман еліміздегі ірі өндірістік компаниялардың бірі — «Теңізшевройл» ЖШС бөлімшесіне жұмысқа орналасып, үш жыл бойы аспаз болып қызмет атқарады. Алайда, өмір жолы оны мүлде басқа салаға жетеледі. Бөлімшенің қысқартылуына байланысты ол жаңа бағыт таңдауға мәжбүр болып, құрылыс саласына бет бұрады. Шымкент қаласында еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған бұл кезең Ернар үшін үлкен шыңдалу мектебі болды.

2023 жылы нағашысының шақыруымен Жәйрем кентіне келіп, осында тұрақтап қалуға шешім қабылдайды. Бұл оның өміріндегі жаңа белес еді. Бүгінде ол «Жәйрем Болашақ» КМК-да жөндеуші слесарь болып еңбек етеді. Жауапты да маңызды қызмет атқарып жүрген ол кейде шебердің міндетін де қатар алып жүреді.

Ернардың күнделікті еңбегі — халықтың жайлы өмір сүруінің кепілі. Кәріз жүйесі мен ауызсу желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету — үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін іс.

Өз сөзінде:

– Жұмысымыз бескүндік болғанымен, апатты жағдайлар кез келген уақытта болуы мүмкін. Ондай кезде тәулік бойы еңбек етуге тура келеді. Су құбыры жарылса немесе кәріз бітелсе, оны дер кезінде қалпына келтіру біздің міндетіміз. Халыққа қажет істің нәтижесін көргенде, барлық шаршау ұмытылады, — деді шебер.

Кәсіпорында заманауи қондырғылармен қатар, бұрыннан қолданылып келе жатқан техникалар да бар. Солардың барлығының жарамды күйде жұмыс істеуіне үлес қосу Ернар секілді слесарьлардың кәсіби шеберлігінің айғағы.

Жас маманның қалыптасуына әріптестерінің де үлесі зор. Алғаш жұмысқа келгенде тәлім берген мекеме басшысының орынбасары Асқарәлі Омаровтың, сол кездегі бригадир Рымғали Қосыбаевтың, сондай-ақ, Бекзат Жұмақожаев, Керім Түсіпов, Жанкелді Ахмолдин сынды тәжірибелі ағалардың ақыл-кеңесі оның маман ретінде қалыптасуына үлкен әсер етті.

Ал нағашысы Сәбит Тынышбековтың қолдауы жаңа ортаға тез бейімделіп, өз жолын табуына сеп болды.

Ернар тек қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі азамат. 2019 жылы шаңырақ көтеріп, жұбайы Гүлдана Айдаралықызымен бірге берекелі өмір сүріп келеді. Гүлдана – «Ажар» балабақшасының тәрбиешісі. Отбасында Әділет есімді ұлдары тәрбиеленуде.

Бос уақытында Ернар табиғат аясында демалып, балық аулағанды ұнатады. Сонымен қатар, спортты серік еткен ол волейбол және арқан тартыс бойынша Жәйрем кентінің намысын түрлі жарыстарда қорғап жүр.

Ернардың өмірлік ұстанымы да айқын:

  • Жұмыстың жаманы болмайды, ең бастысы — өз ісіңе адалдық пен құштарлық қажет. Жалқаулыққа жол бермеу — табыстың кілті, — дейді ол.

Бүгінде оның сүйікті жұмысы, ұйымшыл ұжымы, тұрақты табысы мен берекелі отбасы бар. Бұл оның маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі. Ернар Адасов өз ісіне берілген, елге қызмет етудің мәнін түсінетін, қарапайым еңбегімен қоғамға пайда әкеліп жүрген азамат. Осындай жандардың арқасында ауыл тіршілігі тоқтамай, ел еңсесі биік болып тұр.

– Өте салмақты, сабырлы, артық сөзі жоқ азамат. Өзіне жүктелген кез келген міндетті үлкен жауапкершілікпен орындайды. Қандай істі қолға алса да адал, айналасына үнемі көмегін аямайды. Өте еңбекқор жан, — дейді «Жәйрем Болашақ» КМК бастығының орынбасары Асқарәлі Омаров.

Қорытындылай келгенде, Ернар Адасов қарапайым еңбегімен үлкен істің тетігін ұстап жүрген, өз жұмысына адал әрі жауапкершілікті терең сезінетін азамат. Осындай еңбек адамдарының арқасында ауыл тіршілігі үзілмей, халықтың тұрмыс-тіршілігі тұрақты жалғасып келеді. Ұжымына қадірлі, ісіне мығым Ернар сынды мамандар ел дамуының негізі әрі нағыз еңбек адамының айқын үлгісі.

Теректі ШАҒАТАЙ.