Қаңғыбас иттердің жәйремдіктердің құтын қашырғанына және елдің ол иттердің көзін жоюға өз еркімен әрекет етуіне заңды түрде тыйым салынғанына жылдардың жүзі болды. Ал енді сол заңмен қорғалған қаңғыбас иттердің адам түгілі жан-жануарға қаншалықты зиян екенін түсінеміз бе? «Ит — адамның досы. Ит — жеті қазынаның бірі» дегенмен ит иттігін жасайтынын көріп келеміз. Олар — инфекциялық аурулар көзі.
Соңғы жылдары осы ит аулау мәселесі шешімін таппай, тендер ойнатылғанмен ешкім қатыспай, қатысса да жеңімпаз тіптен басқа облыстан шығып, біздің өңірге келіп жұмыс жасауды алыссынып, бас тартатын.
Уақыт өткен сайын өңіріміздегі қаңғыбас иттер шеттен тыс көбейіп, үйір-үйірімен жүріп, балалар мен малдар түгілі ересек жандарға да шабуыл жасап, халқымыз көшеде жүруге үрейленетін. Қысқасын айтқанда, халықтың құтын қашыратын. Тұрғындардың айтуынша, кезбе иттер көбіне азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Сондай-ақ, адамдар көп шоғырланатын жерге әуес келеді, әсіресе, таңсәріден мектепке ағылған балаларды торуылдап, топ-тобымен жүретін иттерден жергілікті тұрғындар балаларының өміріне қатты қауіптенетін.
Біршама уақыт шешімі табылмай жүрген осы проблема ағымдағы жылдың қыркүйек айында шешіліп, ойнатылған тендер бойынша Қаражал қаласының «Хамза» ЖК қаңғыбас иттерді құрықтау жұмыстарын жеңіп алған-ды.
Содан бері аталған кәсіпкер аптасына бір рет, кей кездері екі аптада бір рет Қаражал қаласынан Жәйремге келіп, қаңғыбас иттерді құрықтап алып кетеді. Иттер оқ дәрімен ұйықтатылып, көлік тіркемелеріне артылып, әрі қарай арнайы белгіленген жерлерге өткізіледі.
Халық арасынан «Қаңғыбас иттер қаптады, үйір-үйірімен жүреді, балаларға қауіпті!» деген дабыл түскен күні қаражалдық жігіттер кентімізге жетіп келеді. Иттерді құрықтау жұмыстары таңғы сағат 06.30-07.30-дан басталады. Себеп, дәл осы сәтте жұмысқа баратын жұмыскерлер мен мектепке баратын оқушылар ағыны үдейді. Ит аулаушы жігіттердің өзіндік ұстанымдары бар. Олар мойындарында қарғылары бар иттерге және буаз иттерге тиіспейді, сонымен қатар, иттерге балалардың көзінше мылтық кезенбейді және атпайды. Балалар көзінше мылтық ұстау, оның үстіне итке кезену орынсыз жағдай болғандықтан, сабақ басталғанша, яғни, оқушылар аяғы басылғанша мектеп айналасын иттермен қоса торуылдайтын жігіттер, иттердің де сақтығына таң қалады. Шынымен де иттердің түйсіктерінің кереметтегіне адам таң қалады. Балалар аяғы басылған кезде иттер де жоқ болады. Содан ит аулаушылар көшеден бір ит таппай қалады. Ондай кезде көмекке жергілікті тұрғындар шығып, иттердің ұялап алған жерлерін көрсетіп, мердігер жігіттерге өз көмектерін көрсетеді. Қанша ит ауланса да, бір апта өтер-өтпесен сол иттер қайта көбейеді. Қайдан келіп жатқаны ешкімге де белгісіз…
Қаңғыбас иттерді құрықтаушы азаматтың айтуы бойынша Жәйрем кентіне бір келгенде шамамен 35-40 ит аулап алып кетеді екен. Сонда да азаймай отыр. Жалпы тендер талабы бойынша биылғы жылы шамамен 400 ит құрықталуы тиіс. Бұл саннан асып түсетіндеріне сенімдімін.
Себебі, қаңғыбас қауіпті иттер өте көп және азаймай отыр.
Теректі ШАҒАТАЙ