«Жанайдар Сәдуақасов – тұлға тауқыметі»

Ұлытау облысында осындай тақырыппен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ол мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Жанайдар Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналды.

Іс-шара Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Оның жұмысына тарих ғылымдарының докторы, академик Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымдарының кандидаты Перизат Сәдуақас, заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладин Ибрагимов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Теңгеш Қаленова, тарих магистрі Ғабдол Әуезов және басқалары қатысып, баяндама жасады.

Конференция барысында ғалымдар Жанайдар Сәдуақасовтың өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты тың деректер айтып, ұлт қайраткерінің мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудегі, елдің әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан еселі еңбегіне тоқталып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш ардақтысының басынан кешкен тағдыр тауқыметі мен өмірінің соңғы жылдары туралы айтып берді.

Конференция қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданып, Ж.Сәдуақасовтың өміріне қатысты ғылыми зерттеулер мен көркем шығармаларды жариялауға мемлекеттік гранттарды қарастыру ұсынылды. Сондай-ақ ғалымдар облыс, аудан әкімдіктеріне ғылыми және қоғамдық мекемелермен бірлесіп жас ұрпақты кең ауқымда және жүйелі түрде таныстырып, отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында қазақ зиялыларының өмірі мен қызметіне қатысты ғылыми-танымдық іс-шараларды жиі өткізуді ұсынды.

Ізтай Белгібайұлы