Биыл адамзат өміріне аса ауыр зұлмат әкелген ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды. Тарихтан сыр шертетін ғаламтор парағына үңілсек қасіретті Ұлы Отан соғысына жетпіс екі мемлекет қатысып, алпыс бес миллион адам қаза тауып, оның отыз миллионға жуық адамы КСРО халқы (оның он тоғыз миллионға жуығы бейбіт тұрғындар) мерт болды. Жараланғандар, сынақ лагерлерінен өткендер миллиондап саналады. Бұл апаттан әлем халқы қасірет шекті… Ал соғыс алаңынан жырақтағы қазақ елінің тартқан зардабын «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жұмыскерлері ата-бабаларының ерлік істері мен тағдырын баяндаған әңгімелерін оқып, сезінсін деген мақсатпен «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек ететін жұмыскерлердің арасында аталары, әкелері соғысқа қатысқан жандарды жинақтап, сағынышқа, мақтанышқа толы естеліктерімен бөлісуді сұраған болатынбыз. Жәйрем кенті бойынша WhatsApp желісіне жіберілген хабарландырудан кейін кәсіподақ ұйымына келіп, аталары, әкелері жайлы естелік айтқысы келген комбинат жұмыскерлері әлі азаяр емес. Міне, бүгін бізге Жылумен, сумен қамтамасыз ету цехының кезекші және жабдықтарды жөндеуші слесарі Ерболат Турабеков келіп, әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Рүстем Турабеков жайындағы сағынышқа толы естелігімен былайша бөлісті.
Әкем ашаршылық жылдары жер ауып кетті
– Әкем, Рүстем Турабеков 1912 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туылған. Марқұм әкемнің айтуы бойынша Ералиев ауылында тұрып, ашаршылық жылдары Ташкентке әкесінің інісімен және Қоныс деген қатарлас ауылдасымен жүк вагонына отырып кетеді екен. Аумалы-төкпелі заман, қуғын-сүргін кезеңі. Қоныс деген жолдасымен азық-түлік іздеп шықса керек. Содан, оларды ит қуып бір-бірінен көз жазып қалады. Іздегенмен таппаған ағайыны итке жем болды-ау деген оймен қала береді. Жоғалтып алған жері базар болатын, аман болса табылып қалар деген оймен сол жерге жиі барып жүріп, ақыры әкесінің інісі әкемді танып, тауып алады. Бұл уақытта әкемді бір ешкімі жоқ өзбек кемпір жолықтырып, бауырына алып, асырап техникумнан білім алғызып, қамқорлығына алған екен. Аталас ағайыны ол өзбек кемпір бауырымды жай жібере қоймас деп, Тәжікстан асып кетіп, Шахрнавский ауданы, Ригар деген жерде тұрады.
Әкем Жапон соғысына да қатысқан
Кейіннен 1939 жылы әскерге шақыртылып, екі жыл өткенде соғыс басталып, сол жерден соғысқа аттанады. Соғыста бірнеше рет жарақаттанса да, Жеңіс күніне жеткенге дейін сол майданның нағыз отты ортасында жүреді. Әкемнің батырлығы оның тіпті, Ұлы Отан соғысынан кейін Жапон соғысына да қатысуымен дәлелденеді. Жапон соғысынан елге 1946 жылы Тәжікстанға қайтады. Зілиха Әбдіжаппарова анама үйленіп, 1954 жылы Тұрсынмұрат, одан кейін 1957 жылы Елмұрат, 1961 жылы Бекболат, 1963 жылы мен Ерболат, 1965 жылы Зәмзагүл қарындасым, 1969 жылы Тасболат інім дүниеге келеді. Көптеген жылдар бойы Жаңаарқа ауданы Түгіскенде ұстаздық етіп, зейнетке шыққаннан соң Жәйрем кентінде тұратын үлкен баласы Тұрсынмұраттың қолына келеді. Осы Жәйремде тұрып 87 жасында қайтыс болады. Негізі марқұм әкемнің айтуы бойынша өзі 9 ағайынды болған. Ағаларының барлығы да сол зұлматты жылдары, қантөгісті майданда қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен. Әкем марқұм өле-өлгенше сол бауырларынан бір хабар болар-ау деп ізденіп көріп еді. Еш нәтиже болмады. Кейде өзім әкемнің сол бір аяқсыз қалған іздеуін жалғастырғым келеді. Әкемнің артында қазір 22 немере, 36 шөберелері өсіп келеді. Әрқайсысы өмірде өз орындарын тауып өсіп-өнген, — дейді. Әкесі туралы естелігін жеткізген Ерболат Рүстемұлы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Жылумен, сумен қамтамсыз ету цехының кезекші және жабдықтарды жөндеуші слесарі. Тапжылмай бір орында 26 жыл еңбек еткен Ерболат ағаның ұлы Нұрболат та осы комбинатта өндірісті және байланысты автоматтандыру басқармасында жетекші инженер болып еңбек етеді. Қызы Ақбота Жезқазған қаласында тұрмыста. Ол атасының жолын қуып, ұстаздықты жанына серік еткен екен. Ерболат ағаның жары Шолпан Искакова үй шаруашылығында. Ақботадан бөлек Тұрсынмұрат ағасының қызы Аманкүл Турабекова да атасының жолын қуған ұлағатты ұстаздардың бірі. Жәйрем кентіндегі № 30 орта мектебінің білікті мамандарының қатарында. Тұрсынмұрат ағасының ұлы Нұржан Турабеков қорғасын байыту фабрикасында шебер болса, марқұм Елмұрат ағасының қызы Шолпан Турабекова комбинаттың теміржол цехында еңбек етеді. Тасболат бауыры мен Зәмзагүл қарындасы Астана қаласында тұрады. Бүгінгі күні Тұрсынмұрат ағасы мен Елмұрат ағасы жоқ. Анасының жалғыз сіңлісі Тұрсын Әбдіжаппарқызы Астана қаласында тұрады.
Әкесінің қарындасы Бәтжан Турабекова да осы Жәйремде тұрған екен. Ол кісінің жолдасы, яғни, Ерболат Рүстемұлының жездесі Спан Имашев та Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Соғыстан оралған соң Жаңаарқа жерінде жол бойында еңбек етіп, зейнетке шыққаннан соң Жәйремге көшіп келіп, кейіннен 90 жасында қайтыс болды. Қазір жездесі мен апасының артында қалған балалары Орал Спанқызы, Балта Спанқызы, Бейсенбай Спанұлы, Баян Спанқызы осы өзіміздің Жәйрем кентінде тұрады.
Ерболат Рүстемұлы қазір әкесінен қалған ұрпақтардың үлкені, үлкен бір шаңырақты, нақтырақ айтсақ, Турабековтар әулетінің ұйытқысы. Еңбекте білікті маман, еңбекқор жан. Кешегі батыр әкесін бүгін сағынышпен еске алған батырдың ұрпағына біз зор денсаулық, бақыт тілейміз.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.