Бала болса да өз үлесін қосты

Кешегі ел басына күн туған қаһарлы күндерде тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектері майдан даласындағы жауынгерлердің ерліктерінен кем түскен жоқ. Осынау зұлмат жылдарда тылдағы ауыр еңбекті қайыспай арқалаған қарттар мен әйелдер, қаршадай балалар жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты…

«Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранмен еңбек еткен тыл ардагерлерінің де қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Қазыналы Қаражал өңірінде де мұндай жандар саусақпен санарлықтай-ақ қалыпты. Солардың бірі – Шамшырақ Дәулеткерімова.

Шамшырақ шешей 1936 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Қожабахы деген ауылда дүниеге келіпті. Әке-шешелері көздерін тырнап ашқалы мал бағып, жер тырмалап өскен жандар екен. Шамшырақ шешей де сол шаруамен есейді. «Есейді» дегенді тура мағынасында айтып отырмын. Өйткені, ол кісі бес жасқа толғанда соғыс өрті бұрқ ете қалды да, елдегі ересектердің бәрі майданға аттанды. Ауылдағы ауыр еңбек қарттар мен әйелдердің, осы Шамшырақ сияқты қарасирақ балалардың иығына түсті. Жасы бүгінде сексеннің тоғызына қадам басқан кейуана сол ауыр күндерді қинала отырып есіне алады. Ол күндердің қайыра айналып соқпауын Алладан жатса да, тұрса да тілейді.

– Апам қазір қартайып қалды. Одан қалды суық тиді ме, сырқаттанып жүр. Сондықтан, сізбен сөйлесе алмас. Бірақ, мен ол кісінің басынан өткендерін бір кісідей білемін. Апам оны біздің бала күнімізден айтып, санамызға құйып қойған, – дейді Шамшырақ апаның ұлы Ожадин Дәулеткерімов.

– Соғыс басталғанда апам бестен асқан ойын баласы екен. Бірақ, бала болып ойнамапты да. Әке-шешесі мал бағып, қой, сиыр сауып қырда жүрген. Шешем де соларға қолғабыс жасап, шаруаға ерте араласыпты. Бұрын да тынымсыз ауыл тірлігі соғыс жылдарында тіптен қауырт болған екен. Таң құланиектене тұрып мал бағу, түсте, кешке қой сауу, құрт-ірімшік қайнату деген жұмыстардан бір тыным таппапты. Апам қозы қайырып, отарға қоспай сыртқары бағып жүреді екен. Өйткені, қозы еміп қоймауы керек. Қозы жамырап кетсе, сүт болмайды. Сүт сауылмау деген қылмыспен тең. Басқарма солай деп айтыпты. Бала болса да жұмыстың жауапкершілігін сезінген. Оның үстіне әке-шешесін түрмеге қамайды, не соғысқа алып кетеді деп қорыққан.

Жаз ортасынан ауа егін қору жұмысы күтіп тұратын балаларды. Мал түсірмеу өз алдына құс та қондырмау керек. Өйткені, масақтағы бір түйір дән жауға атылатын оқтан кем емес еді ол кезде, – дейді Ожадин анасы айтқан әңгімелерді бізге қаз-қалпында баяндап.

Шамшырақ Дәулеткерімованың өмір жолы осындай тауқымет пен қажыр-қайратқа толы. Сұрапыл соғыс кезінде балғын балалықты қызықтамай, жастайынан еңбекке араласқан. Сондай қиын кезеңде шұлық тоқып, басқа да ауыр жұмыс істеген аналарына қолғабыс жасап, майданда Отан үшін қан мен терін төккен қас батырларға тылда демеу болып отырған.

Соғыс біткен соң Шамшырақ шешей Әби Дәулеткерімов деген азаматқа тұрмысқа шығып, он бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінде жиырма шақты немере, жиырма бестей шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Жолдасы Әби өз заманында белді қызметтер атқарды. Қаражал қаласының атқару комитетін басқарды. Өзінің адал еңбегімен ортасына сыйлы, балаларына үлгі болды.

Сонау замандағы қиын-қыстау кезеңдерде туған жердің игілігі үшін маңдай терін аянбай төгіп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен Шамшырақ шешей сияқты ардақты ардагерлеріміз қандай да болсын құрметке, мадаққа лайық. Үлкен әулеттің шамшырағы болған абыз әжеге Алла қуат берсін дейміз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ